top of page
Search

Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орнының 95 жылдығына арналған гала-концерт

Еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 95 жылдығына орай гала-концерт өтті. Мерейтойлық іс-шара үкіметтің, академиялық және мәдени әлемнің көрнекті өкілдерін жинады, «Современное образование» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің және университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.


Салтанатты іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің, Ұлттық Ғылым академиясының, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты. Қонақтардың қатарында шетелдік дипломаттар, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, университет түлектері, отандық және шетелдік серіктес компаниялардың өкілдері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар, сондай-ақ мектеп директорлары мен университет ұжымы болды.


Мерейтойға орай қызықты шығармашылық көрме ұйымдастырылып, оған Абай университеті мен Қазақстан этникалық дизайнерлер одағының қолөнер шеберлері өз жұмыстарын ұсынды.



Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің бейне үндеуінде университет ұжымын 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, университеттің білім мен ғылым саласындағы рөлін айқындап, алдағы бірқатар ғылыми мақсаттарды атап өтті. Сондай-ақ оқу орын ұжымына ҚР Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту министрліктерінің басшылары да құттықтауларын жеткізіп, еліміздің тұңғыш педагогикалық университеті - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың одан әрі табысты дамуына тілектерін білдірді.


Салтанатты іс-шараның ашылуында Абай университетінің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп ұжымды мерейтоймен құттықтап, еліміздің тұңғыш жоғары оқу орнының қалыптасу тарихы мен оның бүгінгі жетістіктері туралы баяндады. Өз кезегінде жоғары оқу орын басшысы университет ұжымына білім мен ғылым саласындағы жемісті еңбектері үшін алғысын білдіріп, барша студенттер қауымына сәттілік тіледі.


Іс-шара барысында университеттің тағлымды тарихы туралы, сондай-ақ оқу орнының қалыптасуына ұлт зиялылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин сияқты көрнекті қайраткерлерімен қатар отандық зиялы қауымның қосқан елеулі үлесін баяндайтын деректі фильм көрсетілді. Университеттің білім мен ғылымды дамытудағы, әсіресе, осы бағыттар бойынша кадрлар даярлаудағы рөлін атап, әлемдік және отандық рейтингтердегі жетістіктері сөз болды.

Кеште Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың өнер майталмандары, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері, университеттің елге танымал түлектері Нұрлан Өнербаев пен Медеу Арынбаев бастаған өнер жұлдыздары, ұстаздары, дарынды жастары өнер көрсеткен мерекелік концертке ұласты.

Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны болып ашылған – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ірі ғылыми және педагогикалық білім беру орталығы болып табылады.


Университеттің қалыптасуына ұлт зиялылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин және басқа да көптеген көрнекті қайраткерлер зор үлес қосты. 95 жылдық тарихында білім мен ғылымның қара шаңырағы бүгінгі күнге дейін өз алтын ұясынан отандық педагогиканың дамуына тың серпін беріп, 200 мыңға жуық педагогтар мен 4 мыңнан аса ғылыми кадрларды қанаттандырды.


Бүгінде университет әлемнің 25 мемлекетінің 138 жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыста жұмыс істейді. Әлемдік аренада Абай университеті QS World University Rankings, The Times Higher Education World University Rankings және THE Impact Rankings сияқты беделді рейтингтеріне қатысып, әлемдегі үздік университеттер қатарында жыл сайын өз позициясын көтеріп келеді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша 681-690 орынды иеленіп, әлемдегі үздік 700 университтер қатарына енді. Орталық Азия аймағында 147 орынмен ТОП-200 үздік университеттер қатарында. Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа алған THE Impact Rankings рейтингінде университетіміз 601-800 позициядан көрініп, Қазақстандық университеттердің арасында көш бастап тұр.

Comments


bottom of page