Құрметті ұстаздар! Қадірлі педагог қауым және бала жанының бағбаншысына айналған тұлғалар!
Өздеріңізді бүгінгі 5-қазан Ұстаздар күні мерекесімен құттықтаймын!
Баршаңызға белгілі, Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысына сәйкес елімізде педагогтардың кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні биыл тұңғыш рет 5 қазан болып белгіленді.
Ұстаз – өміріміздегі ерен һәм барлық құрметке лайық тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты әрі күрделі міндет. Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады», - деген болатын. Ұстаз болу – жүректің батырлығы дегендей, Сіздердің бұл саладағы еңбектеріңіздің мәні айрықша. Дәрігер де, ғалым да, жазушы да, өнер иесі де барлығы да ұстаздың алдында мәңгілік тағзым етері сөзсіз. Қадым заманда бабаларымыз: бір жылдығын ойлаған – бидай егеді, он жылдығын ойлаған – тал егеді, мың жылдығын ойлаған – ізгіліктің дәнін егеді», – деген маржан сөзі баршамызға үлгі болуға тиіс. Ұрпақтың білімді болуы, бала тәрбиесі тікелей мұғалім ғұмырының жұрнағы іспетті.
Мен бүгінде еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі ретінде барлық студенттерді білімге шыңына ұмтылып, кәсіби шыңдалуға, ұстаздарын құрметтеуге шақырамын. Еліміздің жоғары оқу орындары сіздердің қабілеттеріңізді ашуға және табысқа жетулеріңізге мол мүмкіндіктер беруде. Ұлы Абай:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға, - деп жырлауы бекер емес.
Ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапты міндеттеріңізге толымды табыс пен зор жетістіктер тілей отырып, шәкірттеріңіз ел ертеңін, халық қамын ойлайтын, ғылым нәрімен сусындаған бірегей тұлғаға айналғай. Болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел, ұрпағымыз ұлағатты болсын! Мереке құтты болсын, әріптестер!
РҚ Ғылым және жоғары білім міністрі Саясат Нұрбек
Comments