top of page
Search

​2023 жылы талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік беріледі

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша 2023 жылы барлық талапкерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижесі бар сертификатты мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына ұсынуға мүмкіндік беріледі.

Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Пәндер саны – үш міндетті және екі бейіндік, жалпы 120 тест тапсырмасы болады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды.


Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: бір дұрыс жауапты таңдауға арналған 10 тапсырма, контекстке негізделген 10 тапсырма.


Сондай-ақ егер бұрын «Оқу сауаттылығы» пәнінен талапкерлер 20 сұраққа жауап берсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест тапсырмасы беріледі.

ҰБТ тест тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Министрлік тест тапсырмаларындағы дистракторлардың (жауап нұсқалары) санын азайту туралы шешім қабылдады.


Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азаяды.

2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.


ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Comments


bottom of page