top of page
Search

AI-Sana: Қазақстанда жасанды интеллект болашағын қалыптастыратын инновациялық бағдарлама

28 наурызда AlmatyFair.ai 2025 жасанды интеллект технологиялары көрмесінде «AI-Sana» тақырыбында панельдік сессия өтті. Онда Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласының сарапшылары мен өкілдері AI-білім беруді дамытудағы негізгі сын-қатерлер мен перспективаларды талқылады, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 



Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған инновациялық AI-Sana бағдарламасын іске асыруды бастады. Бағдарлама алғаш рет 2024 жылғы 11 желтоқсанда жасанды интеллект бойынша Demo Day Astana Hub қорытындылары бойынша жарияланды.

Сессияның модераторы «Technowomen» қауымдастығының басқарма төрайымы Азиза Шужеева болды. Ол өзінің кіріспе сөзінде AI-білім беруді дамытудың маңыздылығын атап өтті.


ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова «AI-Sana» инновациялық бағдарламасын таныстырып, Қазақстанда академиялық кластер қалыптастыру және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне интеграциялау бағытында Министрлік жүзеге асырып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол бағдарламаның бастапқы кезеңі 650 мың студентті қамтып, жасанды интеллект бойынша базалық білім беретінін, бұл кезеңнің қазіргі уақытта басталып, мамыр айына дейін жалғасатынын атап өтті.


«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Камиль Ақатов AI-Sana бағдарламасын жүзеге асырудағы Қордың рөліне тоқталып, Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізуге дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар ол Қордың AI-экожүйесін дамытуға бағытталған инновацияларды ынталандыру тәсілдерін жаңғыртуға басымдық беріп отырғанын айтты.


Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) ректоры Маратбек Ғабдуллин білім беру процесіне жасанды интеллектіні енгізу тәжірибесімен бөлісіп, ҚБТУ-дың осы салада жоғары білікті мамандарды даярлауға дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, университет оқу бағдарламаларын жаңартып, зерттеу бастамаларын кеңейтіп жатыр, жетекші технологиялық компаниялармен серіктестікті дамытып, заманауи AI-экожүйе құруға күш салуда.


Satbayev University академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Раиса Өскенбаева университеттің жасанды интеллект мамандарын даярлау бағытындағы бастамаларын таныстырды. Ол оқу бағдарламаларын жаңғырту, білім беру процесіне озық AI-технологияларды енгізу және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында индустриялық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.


Кездесу нәтижесінде модератор Қазақстанның AI-Nation ретінде қалыптасуына барлық мүмкіндіктері бар екеніне тоқталды. Сондай-ақ AI-білім беруді дамыту, жоғары білікті кадрлар даярлау және озық технологияларды оқу үдерісіне енгізу Қазақстанды жасанды интеллект саласындағы халықаралық көшбасшылар қатарына шығаратын берік негіз болатынын ерекше атап өтті.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page