Baitursynov University Әзірбайжан жоо-мен серіктестік келісімдер аясын кеңейтуде. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Байтұрсынов университетінің студенттері Әзірбайжанның Баку Славян университеті мен Баку мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өте алады.
Бұл мүмкіндікке екі елдің университеттері арасындағы әріптестік ынтымақтастық аясындағы келісімдердің арқасында қол жетті. Байтұрсынов университетінде бауырлас елдің өкілдері қонақта болды.
Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Ровшан Кязимов, Баку Славян университетінің Журналистика кафедрасының профессоры Шелале Гасанова және доцент, география ғылымдарының кандидаты Салех Нагиев оқу орны ректоры Сейітбек Қуанышбаевпен кездесіп, екі елдің университеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында бірлескен ғылыми конференциялар өткізу, студенттермен, оқытушылармен алмасу, ғылыми жарияланымдарды шығаруға көмек көрсету жоспарлануда. Сонымен қатар, қонақтар университетпен, ғылыми-білім беру инфрақұрылымымен, ғалымдардың ғылыми жұмыстарымен танысып, оқу ордасының ғылыми әлеуетін жоғары бағалады.
Байтұрсынов университеті шетелдік университеттермен серіктестікті кеңейту бойынша үнемі жұмыс жасайды, өйткені бұл студенттерге қос дипломдық білім алуға, оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасуға, жетекші шетелдік оқытушылардан жаңа білім мен дағдыларды игеруге тамаша мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта университеттің шетелдік университеттермен 25-тен астам серіктестік келісімі бар.
Comentarios