top of page
Search

Bett Show көрмесінде алғаш рет қазақстандық университеттер өңірлік академиялық хаб мүмкіндіктерін таныстырады

Қазақстан алғаш рет 40 жылдық тарихында әлемдегі ең ірі халықаралық білім көрмелерінің бірі – Bett Show көрмесінде өз ұлттық павильонын ұсынды. Іс-шара 2025 жылдың 22-24 қаңтар аралығында Ұлыбританияның Лондон қаласында өтеді, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


Казахстанские университеты презентуют возможности регионального академического хаба на Bett Show

 

Bett Show (British Education Training and Technology Show) – білім беру саласындағы маңызды шаралардың бірі. Ол білім беру мекемелері, EdTech компаниялары, университеттер, мектептер және білім беру шешімдерін жасаушыларды бір алаңға жинайды. Жыл сайын бұл көрмеге 130 елден шамамен 30 мың адам қатысып, тәжірибе алмасып, инновациялар мен білім саласындағы жаһандық трендтерді талқылайды.

 

Ұлттық павильонның негізгі тақырыбы – Қазақстанның өңірлік академиялық хаб ретінде дамуы. Бүгінде елімізде құрылған экожүйе білім беру мүмкіндіктеріне қызығушылықты арттыруда. Қазірдің өзінде Қазақстанда 30 мыңға жуық шетелдік студент білім алуда.

 

Қазақстанда жетекші шетелдік университеттермен бірлесе отырып, докторантура бағдарламалары іске қосылды, ғылыми зерттеулер жүргізілуде, ал ірі корпорациялардың қолдауымен цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған жасанды интеллект бағдарламалары енгізілді.

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек таныстыратын «Study in Kazakhstan» жобасы Қазақстанды өңірлік академиялық хаб ретінде нығайтады. Coventry University Kazakhstan сияқты британдық университеттердің кампустарының ашылуы білім беру сапасын, интернационализацияны және мәдени-ғылыми ынтымақтастықты арттырады.


«Қазақстан алғаш рет әлемдегі ең ірі білім көрмелерінің бірі – Bett Show көрмесіне ұлттық павильон ретінде қатысып, еліміздің өңірлік академиялық хаб ретінде дамып жатқанын көрсету үшін тамаша мүмкіндік алды. Бүгінде елімізде 30 мыңға жуық шетелдік студент білім алып, жетекші халықаралық университеттермен бірлесе жұмыс жасап, жаңа білім беру бағдарламалары іске асуда. Бұл жетістіктер еліміздің білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде мойындалғанын және әлемге ашық екенін дәлелдейді», – деді Саясат Нұрбек өз сөзінде.

 

Қазақстан ұлттық павильоны келесі университеттермен ұсынылады:

1. Nazarbayev University;

2. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;

3. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті;

4. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті;

5. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті;

6. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті.

 

Сондай-ақ, көрмеге Coventry University Kazakhstan және Ақтөбедегі Heriot-Watt University филиалы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қатысады, бұл білім беру саласындағы белсенді халықаралық диалогтың куәсі болмақ.

 

Шара барысында Ұлыбританияның әлемдік деңгейде мойындалған университеттерімен жаңа келісімдерге қол қою жоспарлануда. Бұл академиялық және ғылыми ынтымақтастыққа, озық цифрлық құралдарды қолдануға және білім беру мазмұнын жасауға жол ашады.

 

© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page