top of page
Search

IX Республикалық WorldSkills Kazakhstan – 2024 кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Бүгін WorldSkills Kazakhstan – 2024 жұмысшы мамандықтарының ұлттық чемпионаты қорытындыланды. Оған өңірлік кезеңдерден өткен 550-ден астам колледж студенттері қатысты. Үш күн бойы олар 30 құзыреттілік бойынша сынға түсті. Жұмыс алаңдарында қатысушылардың кәсіби дағдыларын 558 сарапшы бағалады.


WorldSkills Kazakhstan – 2024

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев IX республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде бұл шараның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі үшін аса маңыздылығын атап өтті. WorldSkills қозғалысы болашақ мамандардың әлеуетін танытып қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.


«Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы бүкіл ел үшін техникалық және кәсіптік білім берудің ерекше маңыздылығын дәлелдейді. Бүгінгі таңда жүйенің алдында экономикаға жаңа технологияларды енгізу, білікті кадрларға сұранысты арттыру және мамандарға қойылатын талаптарды өзгерту бойынша жаңа сын-қатерлер мен өршіл міндеттер тұр. Біз әрбір жас маманды еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы біліммен және дағдылармен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», - деп атап өтті министр.

Чемпионат қорытындысы бойынша 30 негізгі құзыреттілік бойынша 108 жеңімпаз анықталды. Олардың арасында электромонтаж, энергетика, кірпіш қалау, шанақты жөндеу, аспаздық және ресторан ісі, IT шешімдері, WEB-технологиялар, мобильді робототехника, мехатроника, прототиптеу секілді құзыреттіліктер болды. Жеңімпаздар 32 алтын, 37 күміс және 39 қола медаль иеленді. 155 қатысушы «Үздік медальонға» ие болды.


Командалық есепте Астана қаласы мен Абай облысының құрама командасы көш бастады, екінші орынды – Алматы қаласы және үшінші орынға Қарағанды облысы ие болды.


Айта кетейік, жеңімпаздар еліміздің жетекші компанияларынан жұмысқа шақырулар алуда, сондай-ақ олар келесі жылы Данияда өтетін EuroSkills чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға кіру мүмкіндігіне ие болды.



ความคิดเห็น


bottom of page