Пайданы барынша арттыру мен шығындарды азайтуға ғана бағытталған және басқа іргелі негіздері жоқ экономиканың ұзақ мерзімді жаһандық дамуы табиғи, әлеуметтік және тіпті рухани құлдырауға әкеп соқты. Экологиялық мәселелер, жаһандық климаттың өзгеруі, әлеуметтік және гендерлік теңсіздік – бұл қазіргі қоғам алдында тұрған жүйелік дағдарыстар мен жаһандық сын-қатерлердің бір бөлігі ғана. Бұл қақтығыс әлемге деген жаһандық көзқарасты қайта қарауға және саналы мінез-құлықтың маңыздылығын түсінуге итермеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымы тұрақты даму тұжырымдамасын әзірледі, оның мақсаттарының бірі –таза энергетикаға көшу.
Қарағанды индустриалды университеті аталған жалпыадамзаттық мәселелерден тыс қалмайды. Өндіріспен тікелей байланысты және энергетика саласындағы мамандарды даярлап шығаратын жоғары оқу орны бола отырып, ол жасыл энергетика пәндерін білім беру бағдарламаларына енгізіп қана қоймай, сонымен қатар тұтас қызметіне тұрақты даму мақсаттарын біріктіреді.
Табиғи ресурстардың шектеулілігі мен тұтынудың бақылаусыз өсуін тежеу қажеттілігі туралы ойлармен алғаш рет ежелгі грек философтары бөліскен. Бірақ әдетте «тұрақты даму» ұғымы ағылшын діни қызметкері және экономист Томас Роберт Мальтуспен байланыстырылады. XVIII ғасырдың басында Мальтус халықтың өсуі геометриялық прогрессия бойынша, ал азық-түлік пен ресурстар өндірісінің өсуі арифметикалық прогрессия бойынша жүретіні жайлы гипотеза ұсынады. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді кезеңде бұл аштық, соғыстар және тіпті революциялар секілді ірі апаттарға әкеп соғады.
Табиғи ресурстардың шектеулілігі мен саналы өндіріс пен тұтынудың маңыздылығы жайлы идеялардың күрт өсуі Мальтустың алғашқы жұмыстары жарияланғаннан кейін 170 жылдан соң болды. 1972 жылы «Рим клубы» халықаралық қоғамдық ұйымы алғашқы баяндамасын ұсынды. Әйгілі «Өсу шегі» (The Limits to Growth) баяндамасы – бұл халық санының өсуіне байланысты табиғи ресурстардың сарқылуын математикалық модельдеу нәтижелері. Модель 12 сценарийді құрады, олардың бесеуі халықтың 1-3 миллиардқа дейін күрт төмендеуін сипаттаса, қалған жеті сценарий адамзаттың экологиялық, демографиялық және әлеуметтік саналылығын арттыруға сүйеніп, қолайлы жағдайды көрсетті.
1987 жылы Дүниежүзілік қоршаған орта және даму комиссиясы ұсынған «Біздің ортақ болашағымыз» атты баяндама аясында алғаш рет «Тұрақты даму» ұғымы қозғалды. Содан бастап бұл ұғым осы саладағы зерттеулер үшін негіз болды және қоршаған орта мен ресурстарды сақтай отырып, адамның қазіргі қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған шаралар кешенін білдірді немесе дәйексөз келтірер болсақ, «болашақ ұрпақтың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндігіне нұқсан келтірмей, қазіргі ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыру».
Тұрақты даму үш негізгі компоненттің тепе-теңдігі негізінде жүзеге асады: экономикалық өсу, әлеуметтік жауапкершілік және экологиялық тепе-теңдік. БҰҰ-ның 2015 жылғы «Тұрақты даму саласындағы күн тәртібі» бағдарламалық құжатына сәйкес, БҰҰ-на мүше барлық мемлекеттер жаңа Тұрақты даму тұжырымдамасын қабылдаған кезде 17 мақсат айқындалды:
1. Кедейлікті жою
2. Аштықты жою
3. Салауатты өмір салты және әл-ауқат
4. Барлығына тең сапалы білім
5. Гендерлік теңдік
6. Таза су және санитарлық тазалық
7. Қолжетімді және «таза» энергия
8. Лайықты жұмыс және экономикалық өсу
9. Инфрақұрылымды дамыту, инновациялар
10. Теңсіздікті азайту
11. Тұрақты қалалар мен елді мекендер
12. Саналы тұтыну және өндіріс
13. Климаттың өзгеруімен және оның салдарымен күресу
14. Теңіз экожүйелерін сақтау
15. Құрлық экожүйелерін сақтау
16. Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар
17. Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік
Жалпы алғанда, бұл мақсаттар 169 міндетті құрайды. ТДМ-ның заңды күші жоқ. Соған қарамастан, құжатқа қол қойған мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан да бар, өз еркімен жауапкершілікті мойнына алады және осы мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі ұлттық механизмдерді құрады деп күтілуде.
Қарағанды индустриалды университетін дамытудың басым бағыты БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын ұстану болды. Ең маңыздысы – № 7 мақсат – жасыл энергетикаға көшу, себебі оған қол жеткізу барлық басқа мақсаттарды орындауға әкеледі. Жасыл энергетика дәстүрлі энергия көздерін алмастырып қана қоймай, жаһандық проблемалардың, оның ішінде энергетикалық, экологиялық, азық-түлік мәселелерінің әсерін жұмсартып, адамзаттың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ҚарИУ-нде университеттің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету және тиімділігін арттыруға бағытталған экономикалық, әлеуметтік және экологиялық шаралардың тұтас кешенін қамтитын университет қызметінің жаңа моделі ретінде «университеттің тұрақты дамуы» ұғымына мүлдем жаңа көзқарас белсенді түрде қалыптасуда.
– Біздің университет тұрақты даму саласындағы БҰҰ бағдарламаларын қолдай отырып, энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға аса көңіл бөледі, - дейді «Энергетика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Сәуле Қамарова. – Электр энергиясын тұтынудың өсуі сөзсіз және бұл экономикалық дамумен тығыз байланысты. Халықтың орташа өсу қарқыны мен энергетикалық қажеттіліктерін ескере отырып, қазір бастапқы энергияны тұтынудың 86% - на дейін қамтамасыз ететін көмірсутектер және басқа да дәстүрлі энергия көздері бірнеше онжылдықтар көкжиегінде таусылуы мүмкін. Энергия көздерінің шектелуі мен сарқылуы балама шешімдердің қажеттілігін тудырады. Олардың бірі – энергия өндіретін жүйенің бір бөлігі болып келетін жасыл энергетика. Оның негізі – адамзат масштабында таусылмайтын немесе жаңартылатын табиғи ресурстар. Жасыл энергия көздеріне жел, күн сәулесі, су ағындары, гейзерлер, биоотын жатады. Сарқылмайтынынан бөлек, мұндай энергия көздерінің артықшылығы – бұл олардың экологиялық таза болуы. Жасыл энергетика жаһандық мегатрендтердің, яғни урбанизация мен климат өзгеруінің теріс әсерін азайтуға көмектеседі деп болжануда.
Университеттердің ғылыми – зерттеу және білім беру орталықтары, сондай-ақ үлкен аудиториямен, яғни жас ұрпақпен, қызметкерлермен, бизнеспен, мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-әрекет жасайтын ірі жұмыс берушілер екені белгілі. Соның арқасында оларға экологиялық ойлауды қалыптастыруға, кәсіпкерлер мен көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеуге қатысты үлкен жауапкершілік жүктеледі. Осыған байланысты Қарағанды индустриалды университеті өз ұйымында да, мүдделі тараптармен серіктестікте де орнықты даму үдерістерін үнемі жетілдіріп отырады, сол арқылы өңірдің және тұтастай алғанда елдің орнықты дамуына жәрдемдеседі.
ҚарИУ-нің Тұрақты даму тұжырымдамасы бес негізгі қағидаға негізделген:
1. Университеттің білім беру бағдарламаларына тұрақты даму мәселелерін енгізу. Университетте кәсіпорындардың, саланың, аймақтың, елдің тұрақты дамуы мәселелеріне арналған оқыту бағдарламалары оқытылады. Университет тұрақты даму тұжырымдамасын неғұрлым терең дамытса, осы мәселеге бағытталған арнайы оқу курстары соғұрлым көп болады.
– «Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жылу энергетикасы» және «Өнеркәсіптік объектілерді энергиямен қамтамасыз ету» білім беру бағдарламаларына бізде «Өнеркәсіптегі энергия үнемдеу және энергия тиімділігі», «Жасыл энергетика», «Дәстүрлі емес және жаңартылатын энергия көздері», «Энергия аудиті және энергия менеджменті» сияқты пәндер енгізілді», – деп жалғады Сәуле Қамарова. – Осы пәндерді оқыту үшін барлық қажетті материалдық-техникалық база, зертханалық қондырғылар, интерактивті стендтер бар. Жыл сайын жаңартылатын энергия көздері бойынша дипломдық жобалар орындалады. Студенттер жаңартылатын энергия көздері бойынша баяндамалары бар халықаралық ғылыми-техникалық конференцияларға қатысады.
2. Университеттің ғылыми зерттеулер тақырыбына тұрақты даму мәселелерін енгізу. Тұрақты дамуды зерттеу тек оқытылатын пәндерді қолдау үшін ғана емес, жаңа білім қалыптастыру үшін қажет, содан кейін олар нақты акцияларға, бағдарламаларға және іс-шараларға айналады. Қазіргі таңда университетте ғылыми зерттеулер жүргізу, жобаларға қатысу, технопарктер, бизнес-инкубаторлар, стартаптар және т. б. шеңберінде жасыл энергетика және ресурс үнемдеу жөніндегі жобаларды іске асыру үшін білім, білік және дағдыларды игеру мақсатында зертханаларда жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалған.
3. Университеттің ағымдағы қызметін тұрақты даму қағидаттарына негіздеу. Университеттің тұрақты даму тұжырымдамасы энергия үнемдейтін жабдықтар мен технологияларды, баламалы энергия көздері мен түрлерін пайдалануды, үй-жайларды жинау үшін экологиялық қауіпсіз құралдарды пайдалануды, қалдықтарды сұрыптау мен кәдеге жаратуды, қайталама (қайта өңделген) материалдарды (мысалы, қағаз, қаптама және т. б.) пайдалануды, суды үнемді пайдалануды қоса алғанда, ЖОО-ның ағымдағы қызметінде орнықты даму қағидаттарын пайдалануды, электрондық коммуникация құралдарын дамытуды және қағазсыз іс жүргізуге көшуді көздейді.
Тұрақты даму принциптері университеттің барлық функцияларының, соның ішінде кадрларды іріктеудің, қаржыландырудың, студенттерді қабылдаудың және т. б. негізінде болуы керек.
4. Университет студенттері мен қызметкерлеріне тұрақты дамуға бағытталған мінез-құлық дағдыларын игеруге мүмкіндіктер жасау. Тұрақты дамуға бағытталған университет білім алушылар мен қызметкерлерге, мысалы, аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру іс-шараларын ұйымдастыру, қоқыс пен қалдықтарды сұрыптау үшін мамандандырылған қоқыс жәшіктерін орнату, тұрақты даму қағидаттарын басшылыққа алатын ұйымдарда тәжірибе орындарын ұсыну арқылы «жасыл» мінез-құлық дағдыларын игеру мүмкіндігін ұсынады.
Университет студенттері мен қызметкерлері қайырымдылық іс-шаралары мен әлеуметтік бағдарламаларға қатысу арқылы ұлттық және мәдени әртүрлілік жағдайында жұмыс тәжірибесін, әлеуметтік жауапты мінез-құлық дағдыларын меңгереді.
Сондай-ақ инклюзивтілік, кемсітушіліктің болмауы, кедергісіз және жайлы орта құру; кадр саясаты; білім алушылардың еңбегін қорғау және қауіпсіздігі; осал топтарды әлеуметтік қолдау сияқты қызмет аспектілеріне ерекше назар аударылады. Осылайша, БҰҰ бекіткен теңдік пен сапалы білімге қол жеткізуге қатысты тұрақты даму мақсаттары қамтылады.
5. Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін басқа ұйымдармен ынтымақтастық және әріптестік бағдарламаларын дамыту. Университетке жоғарыда аталған іс-шаралар мен бағдарламаларды жеке жүзеге асыру қиын, сондықтан тұрақты университет тұжырымдамасы серіктестік бағдарламалары мен коммерциялық және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты қарастырады. Университет орнықты даму қағидаттарын насихаттайтын және дамытатын қолданыстағы ұлттық және Халықаралық ұйымдарға қатысады, орнықты даму бағдарламаларымен айналысатын әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындармен әріптестік қатынастарды дамытады.
Сонымен, ҚарИУ Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығымен, сондай-ақ STCCA «Орталық Азиядағы Тұрақты энергетикалық байланыстар» компаниясымен тығыз байланыста. Бұл ұйымдар жұмысының мақсаты – Орталық Азия өңірлеріндегі ұлттық мүдделі тараптар мен жұртшылықтың тұрақты энергетиканың маңыздылығы, артықшылықтары мен қолжетімділігі, сондай-ақ энергетика мен климаттың өзгеруі арасындағы өзара байланыс туралы хабардарлығын арттыру.
Университеттің соңғы жетістіктерінің бірі тұрақты энергетика бойынша студенттік пікірталастардың жеңімпаздары мен қатысушыларына арналған марапат болды. Марапаттау рәсімі Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігінің, сондай-ақ Қарағанды облысы мен Теміртау қаласы әкімдіктерінің қолдауымен «ECOJER» қауымдастығы және ЕО қаржыландыратын «Орталық Азиядағы орнықты энергетикалық байланыстар (SECCA)» жобасы ұйымдастырған «SAF AUA» өңіраралық экологиялық бастамалар форумы шеңберінде өтті. Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ өкілдігінің бағдарламалық менеджері Роберт Брудзински мырза бас жүлдені жариялады. Бас жүлде – энергетика және климат бойынша инновациялық тренингтер саласындағы еуропалық озық тәжірибе орталығы болып саналатын флоренциялық реттеу мектебі (Италия) ұйымдастырған Қарағанды индустриалды университетінің студенттері мен оқытушылары үшін климат, тұрақты энергетика және энергия тиімділігі және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы шешімдер бойынша онлайн-курс.
Салтанатты рәсімге қатысушыларға арнаған сөзінде Брудзински мырза былай деді: «“Еуропалық Одақ – Қазақстан: Тұрақты энергетика күндері” науқаны Теміртауда өңірдің тұрақты дамуына оң үлес қосуға бағытталған. Осыған орай жергілікті қауымдастықтардың ынтымақтастығы мен құштарлығы өте маңызды. Біз Қарағанды индустриалды университетінің, оның оқытушылары мен студенттерінің белсенді қатысуын жоғары бағалаймыз. Осы күндері сіз алған жаңа білім мен дағдылар инновацияларды енгізуге және Қазақстанның энергетикалық болашағын қалыптастыруға мүмкіндік береді деп сенемін».
«Еуропалық Одақ – Қазақстан: тұрақты энергетика күндері» науқаны аясында іс-шаралар Қарағанды индустриалды Университетінде 2024 жылдың 3-4 маусымында өтті, оған 100-ден астам студенттер мен оқытушылар қатысты. Іс-шаралар энергияны өндіру мен тұтыну және парниктік газдар қалдықтарынан туындаған қоршаған орта мен климаттық сын-қатерлерге жауап ретінде жастардың тұрақты және әділ энергетикалық ауысуы туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған. Студенттер энергия тиімділігі және жаңартылатын энергия көздері саласындағы шешімдер бойынша еуропалық және қазақстандық сарапшылардың дәрістерін тыңдады. Ал студенттік пікірталас кезінде өзін Теміртаудың, Қарағанды облысының басқа да моноқалалары мен аудандарының инновациялар және әлеуметтік даму орталығы ретінде көрсететін Қарағанды индустриалды университетінің тұрақты энергетика саласындағы үздік шешімдері талқыланды.
Лидия ПОРОХОВАЯ,
ҚарИУ баспасөз қызметінің басшысы
АННОТАЦИЯ
Карагандинский индустриальный университет, поддерживая программы ООН в области устойчивого развития, большое внимание уделяет энергосбережению и повышению энергоэффективности. Будучи вузом, непосредственно связанным с производством и выпускающим в том числе специалистов в области энергетики, он не только включает дисциплины по зелёной энергетике в свои образовательные программы, но и интегрирует цели устойчивого развития во всю свою деятельность.
Comments