
2022 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул ұлттық ғылым және технология университеті (SeoulTech) Корея Республикасының Білім министрлігі мен Кореяның ұлттық зерттеу қоры жүзеге асырып жатқан LUPIC (Leading University Project for International Сooperation) жобасы аясында білім беруді қолдаудың корей моделін ұсыну, дамушы елдерде ынтымақтастық орталықтарын құру, жоғары оқу орындарының халықаралық дамудағы рөлін кеңейту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жасанды интеллект институты Қазақстан Республикасы үшін жаңа форматтағы мамандарды даярлау орталығы болуға арналған. Оның міндеттері – білім беру бағдарламаларын іске асыру; жасанды интеллект, виртуалды және толықтырылған шындық, машиналық оқыту және робототехника саласында зертханалық зерттеулер жүргізу; ұшқышсыз ұшу аппараттарымен (ҰҰА) жұмыс істеу үшін инженерлер мен ұшқыштарды, сондай-ақ бағдарламалық жасақтамаларды әзірлеушілерді оқыту. Стартаптарды қолдау және олардың бизнес-инкубациялық орталық (BIC) арқылы нарыққа шығуына жәрдемдесу маңызды компонент болады.
Жобада оны сәтті жүзеге асыруда шешуші рөл атқаратын мықты мамандар мен басшылардың тобы жиналды.
«Генерал Хон Бом До мемориалы» қорының төрағасы У Вон Шик және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Сарсемханқызы Кәрімова Жасанды интеллект институтын құрудың бастамашылары болды.
У Вон Шик Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайту бойынша белсенді жұмыс жасады. Бейбіткүл Кәрімова Жасанды интеллект институтын құру идеясын қолдауда және ілгерілетуде шешуші рөл атқарды.
Жобаның үйлестірушісі ҚУ Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Әбдірашева Дана Мейрамқызы жобаның барлық кезеңдерінде келісілген жұмысты қамтамасыз етті. Нұрлан Серікұлы Құлмұрзаев Жасанды интеллект институтының директоры болып тағайындалды. Ол оқу жоспарларын әзірлеуді, оқытушылар құрамын үйлестіруді және білім берудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуді қоса алғанда, білім беру бағдарламалары мен институт қызметіне жалпы басшылық жасауға жауап береді.
Жобаның кеңесшісі, SeoulTech жетекші профессоры және корей университетінің LUPIC халықаралық бағдарламасының директоры Джесу Ким оқу процесіне озық корей технологиялары мен әдістемелерінің интеграциясын қамтамасыз ете отырып, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге белсенді қатысады. Оның академиялық тәжірибесі мен білімі жобаны сәтті жүзеге асыруда және жоғары білікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады.
Жоба қатысушылары өздерінің бірлескен жұмысымен жоғары деңгейдегі мамандарды түлетіп ұшыруға бағытталған тиімді халықаралық ынтымақтастықтың үлгісін көрсетеді.
2023-2024 оқу жылында Жасанды интеллект институтына пилоттық режимде оқу үшін 40 студент таңдалды. Бұл студенттердің тілдік дайындығын қамтамасыз етіп, қажетті шет тілдерін меңгеру деңгейін арттыру мақсатында олар үшін ағылшын және корей тілдерінің қосымша курстары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің (SeoulTech) профессоры ағылшын тілінде бағдарламалау пәндерінен сабақ жүргізді, бұл студенттерге халықаралық білім стандарттары мен әдістемелеріне қол жеткізуге мүмкіндік берді.

2024-2025 оқу жылында Жасанды интеллект институты бакалавриаттың төрт бірлескен білім беру бағдарламасының әрқайсысына 25 білім беру грантын бөлді:
6B01501 Информатика
6B06101 Ақпараттық жүйелер (ИИ)
6B06303 Киберқауіпсіздік (ИИ)
6B06102 Компьютерлік бағдарламалау және бағдарламалық жасақтама
Осы бағдарламалардың әрқайсысы жасанды интеллект саласында оқытудың заманауи әдістерін қолдана отырып мамандар даярлауға бағытталған.
2025 жылдың қыркүйегінде «AI architect» және «Data management» қос дипломды бағдарламаларына талапкерлерді алғашқы қабылдау жоспарлануда.
Талапкерлер наурыз айында басталатын іріктеу кезеңінен өтуі керек. Үміткерлерге Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне бакалавр бағдарламасына қабылданудан басқа, бірқатар талаптар, соның ішінде тілдерді білу талабы қойылады.
Қос дипломды бағдарламалардың студенттері алғашқы төрт семестрде негізгі курстарды оқып, тілдік даярлықтан өту үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде білім алады. Келесі төрт семестрде оқу SeoulTech-те өтеді. Студенттер Қызылорда университетінде 120 ECTS және SeoulTech-те 65 кредитті аяқтауды қоса алғанда, екі бағдарламаның да академиялық талаптарын орындауы қажет. Қайталануды азайту және жан-жақты білім беру үшін курстар мен оқу жоспарларын екі университет бірлесіп әзірлейді.
Қос дипломды бағдарламалардың студенттері мен түлектерінің жергілікті, сол сияқты халықаралық деңгейде де перспективасы өте керемет. Бағдарламалар Оңтүстік Корея кәсіпорындарында тағылымдамадан өтуді көздейді, бұл студенттерге озық технологиялармен жұмыс істеуде практикалық тәжірибе жинақтауға, халықаралық ортада кәсіби байланыс орнатуға бірегей мүмкіндік береді.
Қос дипломды бағдарламаның түлектері Қазақстанда да, Оңтүстік Кореяда да магистратура мен докторантурада оқуын жалғастыра алады.
Осылайша, осы бағдарламалардың студенттері мен түлектерінің болашағы халықаралық тағылымдамадан өтуді, білім беруді жалғастыру мүмкіндігін және IT және жасанды интеллект саласында мансаптық өсу мен кәсіби дамуға кең мүмкіндіктер ашатын қос диплом алуды қамтиды.
Жасанды интеллект институтының жобасында бизнес-инкубатор маңызды орын алады. Бұл студенттерге өз идеяларын жүзеге асыру үшін ресурстар мен тәлімгерлік қолдау көрсете отырып, стартаптар мен инновациялық жобаларды қолдауға бағытталған негізгі элемент.
Бизнес-идеяларды іріктеу конкурстық негізде жүргізілетін болады. Студенттер мен жас кәсіпкерлер өз жобаларын екі университеттің өкілдері мен саладан келген мамандардан тұратын сараптамалық комиссияның талқылауына ұсынады.
Идеяның жаңашылдығы, оның практикалық қолданылуы, әлеуетті коммерциялық құндылығы және әлеуметтік әсері іріктеудің негізгі критерийлері болып саналады.
Іріктелген бизнес-идеялар дамудың бірнеше кезеңінен, соның ішінде бастапқы тұжырымдамалау, нарықты зерттеу, прототипті әзірлеу, тестілеу және коммерцияландыру кезеңінен өтеді. Әр кезеңде қатысушылар менторлар мен сарапшылардан қолдау мен кеңес алады.

SeoulTech студенттерге өз жобаларын дамытуға, тұрақты сессиялар өткізуге, ұсыныстар беруге және стартаптар мен инновацияларды басқарудағы тәжірибелерімен бөлісуге көмектесетін тәжірибелі тәлімгерлерді ұсынады. Сондай-ақ, университет өзінің ғылыми зертханалары мен технологияларына қол жеткізуді қамтамасыз етеді, Бұл бизнес-инкубаторға қатысушыларға өз жобаларын әзірлеу үшін озық құралдар мен әдістерді пайдалануға мүмкіндік береді. Оңтүстік Корея тарапы бизнесті жүргізуге және инновациялық қызметтің әртүрлі аспектілеріне арналған тренингтер мен шеберлік сыныптарын ұйымдастырады. Бұл студенттерге өз жобаларын сәтті басқару үшін қажетті білім мен дағдыларды алуға көмектеседі.
SeoulTech-тің жобаға қатысуы халықаралық байланыстар желісіне қосылуға жол ашады, ал бұл стартаптарды одан әрі дамыту үшін инвесторлар мен серіктестерді тартуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект институтында оқу толығымен гранттар есебінен қаржыландырылады. Студенттерді коммерциялық негізде қабылдау жүргізілмейді. Сондай-ақ, институтта мектеп түлектеріне арналған төрт жылдық бакалавриат бағдарламалары ғана ұсынылатынын, ал оқуға түсу үшін математика-информатика пәндері бойынша ҰБТ тапсыру қажет екенін білу қажет.
АҢДАТПА
С 2023–2024 учебного года в Кызылординском университете имени Коркыт Ата начал свою работу Институт искусственного интеллекта, открытый совместно с Сеульским национальным университетом науки и технологий. Задачами института является подготовка инженеров и пилотов для работы с беспилотными летательными аппаратами, разработчиков программного обеспечения, проведение лабораторных исследований в области искусственного интеллекта, виртуальной и дополненной реальности, машинного обучения и робототехники.
Comments