Елімізде педагог мамандығы бірте-бірте өзіне тиесілі жоғары орнын алып, лайықты назарға ілінуде. Мектептерге шығармашылық, даму, ойын атмосферасын әкелетін жас мамандар келіп жатыр. Балалар оқуға қуана барады және ата-аналарын жетістіктерімен қуантады. Мұндай бастауыш сынып ұстаз Игорь Андреевич Гноевой, оны өткен жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған ТикТок бейнебайқауы жеңімпаздарының бірі болғаннан кейін көп адам білді. Игорьмен тілдесудің сәті түсті, оны жақынырақ білуге оқырман да қызығушылық танытады деп ойлаймыз.
Игорь 27 жаста, бір кездері өзі оқыған Павлодар ауылындағы № 40 мектепте сегізінші жыл ұстаздық етеді. Ол Павлодар мемлекеттік педагогикалық колледжін бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасты.
– Әдетте колледж бітірген жастар бірден жоғары білім алуға ұмтылады, сондықтан ата-аналарда жас жігіттің бастауыш сынып оқушыларына сабақ беруге келгеніне қатысты екіұдай ой тудырғаны анық, тіпті олар маған күмәндана қарады, - дейді мұғалім. – Тіпті жас қыз-мұғалімдер келгенде де ата-аналар жас мұғалімнің балаларына бірдеңе үйрете алатынына күмәнданады, ал бұл жерде ұстаздық қызметке қыз емес, жігіт келіп тұр. Сондықтан ата-аналарды түсінуге болады.
Егер мен физика, география, тарих пәнінен беретін мұғалім болсам, онда бұл қалыпты жағдай болар еді. Бірақ сол кезде, маған айтқандай, бүкіл Қазақстан бойынша мен бастауыш сыныптың жалғыз жігіт-мұғалімі едім. Тек қазір ғана басқа жерлерде де мен сияқты мұғалімдердің бар екенін естіп жатырмын. Бірақ сол кезде мен тек өзіме ғана емес, сонымен қатар ата-анама да, әріптестеріме де шын мәнінде біреуді оқыта алатынымды, шынымен де мұғалім екенімді дәлелдеуім керек болды. Бұл мен үшін өте қиын болды деп айта аламын. Әрине, менің жоғары оқу орнында оқуға уақытым болмады. Мен бар ынтаммен жұмысқа кірісіп кеттім.
Содан төрт жылдан кейін бірінші санатты – модераторды, одан кейін бірден жоғары – оқытушы-зерттеуші санатын алған кезде, мен жоғары білім алу қажет деп ойладым. Жұмыс тәжірибем болғандықтан, мен жұмысты оқумен алдым, жақында ғана Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім.
АЛҒАШҚЫ ЖЕМІСТЕР
Жас мұғалім болып көрінгенімен, екі мәрте төртінші сыныпты бітіріп шығарды.
– Менің алғашқы бітірушілерім 2025 жылы тоғызыншы сыныпты тәмамдайды. Олар бойы қазірдің өзінде менімен бірдей, тіпті кейбіреулері менен сәл ұзынырақ, байсалды ересек жігіттер. Әріптесім жүктілік демалысына кеткендіктен, екінші бітірушілерімді мен екінші сыныптан бастап қабылдап алдым, кейін мен балаларға, балалар маған үйреніп қалғандықтан сыныпты соңына дейін апарамын деп шештім. Олар қазір алтыншы сыныпты аяқтап, жетінші сыныпқа өтеді. Қазіргі уақытта менде екінші сыныпты оқып жатқан үшінші лектегі бастауыш сыныбым бар.
ОРАЙЫ КЕЛДІ
Игорь жас кезінде мұғалім болып, бұл мамандықты соншалықты жақсы көріп кетемін деп ойламаған.
– Мен мектепке кездейсоқ келдім деп айтуға болады, бұл жоспарда болған жоқ, мен бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеймін деп ойламадым. Мен неміс тілінен аудармашы боламын деп жүрген едім. Бұл 2012 жыл еді, отбасылық жағдайға байланысты Германияға көшемін деп, тіл үйреніп жүрген едім. Сөйтіп топ таратылды да, тағдырдың жазуымен мен қалып қойдым, осылайша ұстаздық жолды таңдадым. Қазір мен оған еш өкінбеймін, өйткені мен өзімді аудармашы емес, тек мұғалім ретінде көремін.
– Игорь, сіздің Инстаграм желісіндегі жарияланымдарыңыздың арқасында сабақтарыңыздың қаншалықты қызықты және қызу өтетінін байқадық. Сабақты ұйымдастыру туралы идеялар қайдан келеді?
– Идеялар үнемі әртүрлі келеді. Кейде сабақ барысында келеді: қандай да бір әдісті, белсенді әдісті жоспарлаған жоқпын делік, сосын енді оны қолдануым керек, көр де тұр, бұл балаларға ұнайды деп ойлаймын. Яғни, ұшқын сабақ үстінде пайда болады. Кейде кешке сабаққа дайындалып жатқан кезде келеді. Ал кейде алда келетін күндерге ой жүгіртіп қарап, бір апта болатын сабақтың тақырыбын көресің, сол кезде бірден бұл сабақты осындай форматта өткізу керек деген идея пайда болады. Ол ойды бірден жазып аласың, сөйтіп ол өзінің уақытын күтеді. Жалпы айтқанда, әртүрлі жағдайда басыма неше түрлі ойлар келеді.
– Сабақта өзіңе қандай міндет қоясыз?
– Ең бастысы – балаларға түсінікті тілмен түсіндіріп жеткізу. Кейде интернетке роликтер саламын, сол кезде кейбіреулер «керемет, қызықты» деп жазса, түсінбеген мұғалімдердің кейбірі «балаға осылай түсіндіруге бола ма, бұл әдістемелік тұрғыдан дұрыс емес» деп жазып жатады. Бұған мен, бұл, біріншіден, әдістемелік тұрғыдан дұрыс, бұл әдістеменің стандартты емес түрде берілуі деп жауап беремін. Балалардың барлығы бірдей қандай да бір тақырыпты ғылыми тілде түсіне бермейді, сондықтан баланың түсінуіне, қабылдауына жеңіл болу үшін оны басқаша: қарапайым, түсінікті әрі қызықты етіп түсіндіру керек. Бір өкініштісі, барлық мұғалімдер мұны түсінбейді және балалар материалды меңгермесе де, балаларға оны ғылыми тілде түсіндіре береді. Неге екені белгісіз, кейде мұғалімдер жауыр болған стандарттан алшақтап, тақырыпты балаларға қолжетімді, түсінікті етіп беретін қандай да бір әдіс табудан қорқақтайды.
– Бейнежазбалар мен фотосуреттерден сіздің дидактикалық материалдарды белсенді пайдаланатыныңызды көрдік. Оларды қайдан аласыз?
– Әркезде әрқалай. Кейде өзім ойлап табамын, өйткені мұндай материалдар еш жерде жоқ, ол материалдарды оқушылар бірден миларына құйып алатындай етіп түсінікті етіп жасауым керек. Кейде мен әріптестерімнен үйренемін – әріптестердің бір-бірімен білетін дүниесімен бөлісуі және пайдалануы қалыпты жағдай. Материалдарды түнде, демалыс күндері немесе мереке күндері дайындаймын. Алдын ала дайындап, салып қойсаң, сенде бәрі дайын болып тұрады.
– Бастауыш сынып оқушыларымен қарым-қатынас жасау үшін олардың қандай қасиеттеріне, ерекшеліктеріне сүйенесіз?
– Бастауыш мектеп – бұл кішкентай балалар, ал кішкентай балалар –жеке тұлғалар және әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар, ең бастысы мұғалім оларды ескеруі керек. Біреуге ойлануға уақыт керек делік, ол жауап беріп жатқан кезде дауысымды көтерудің де, асықтырудың да қажеті жоқ екенін білемін. Жауабын анық және дұрыс тұжырымдау үшін, ең бастысы, қысқа әрі нұсқа, ешбір артық сөзсіз жауап дайындау үшін ойлануды қажет ететін бала да болады. Сәл күту керек, сол кезде ол дұрыс жауап беретін болады. Егер оны тыйып тастайтын немесе асықтыратын болсам, әрине, мен соған лайық нәтиже аламын, бұл жақсы емес. Сол сияқты, назар аударуды талап ететін, үнемі бірінші болғысы келетін, үнемі жауап беретін балалар бар. Мұндай балаларға мен олардың сыныпта жалғыз емес екенін, мұғалімді ғана емес, сыныптастарын да құрметтеуі керектігін, олар да жауап беруі керек екенін түсіндіремін. Олар мұны түсінеді, біледі.
– Сіз сабақтарыңызда қандай қызықты элементтерді тұрақты қолданасыз?
– Әртүрлі, бұл балалардың көңіл күйіне байланысты сыни ойлауды дамытуға арналған математикалық бейімділігі бар психологиялық баптаулар мен логикалық жұмбақтар. Бұл жерде бірдей нәрселердің жиі қайталанбауы маңызды.
«Дұрыс айтамыз» айдарын мен өзім ойлап таптым, өйткені мен қанша баланың екпінді дұрыс қоймай, паразит сөздерді қолданып жүргенін көремін. Мен оқып жүрген кезде дұрыс айтылуға көңіл бөлетін мұндай әдіс те, уақыт та болған жоқ. Ал бұл өте маңызды. Мен оқушыларымның бастауыш сыныпты бітіріп кеткеннен кейін қатесіз, дұрыс сөйлегендерін қалаймын.
Тағы бір жақсы әдіс – оқушылардың сөз таластырып, өз көзқарастарын дәлелдей алуы үшін пікірталас ұйымдастыру. Интернетте кейбіреулер балалардың дұрыс жауаптарды қорғап жатыр ма, жоқ па, соған баса назар аудару керек деп жазады. Жоқ, мен балалардың пікір алмасуына мүмкіндік беремін, араласпауға тырысамын. Мен бақылаушы ретінде әрекет етемін. Балалар өз көзқарастарын соңына дейін дәлелдеуі керек. Жауап дұрыс болмаса, оқушы сұхбаттасушысы жауабының дұрыс емес екенін дәлелдеуі керек. Яғни, бұл пікірталасқа мұғалімнің араласуы міндетті емес. Оқушының басынан аяғына дейін өз ойын айтуына мүмкіндік беріледі, нәтижесінде баланың бойында сыни ойлау қалыптасады. Көптеген мұғалімдер бұлай істемейді. Олар бірден: жоқ, бұл дұрыс емес деп бірден тыйып тастайды, бірақ бұл дұрыс. Неге? Баланың неге бұлай деп ойлайтынын тыңдау қызықты. Ол мұны дәлелдесін. Ал оның сыныптасы пікірталас кезінде оған жоқ, қателесесің, басқаша істеу керек деген жауабын талдай отырып дәлелдейді.
– Мектеп сабақты өз қалауыңызша жүргізуге мүмкіндік бере ме? Әкімшілік сізге қалай қарайды, не талап етеді? Ескішілдікке негізделген жұмыстың ауыртпалығын сезініп жатқан жоқсыз ба?
– Біріншіден, мен, әрине, мемлекеттік стандартты, бағдарламаны ұстанамын, өзімнің әдісімді қосқаныма ешкім қарсы емес, барлығы қолдайды, өйткені білімді меңгеру сапасының пайызы жоғары, балалар, қызығушылық танытады, олар мектепке қуана барады, сабақта не болып жатқанын басқа балалармен бөліседі. Яғни, бұл өте үлкен артықшылық.
Басқа мұғалімдер сияқты менен де есептерді уақытында тапсыруымды талап етеді. Ескішілдікке негізделген, жаңашылдықты қажет ететін жұмыстар да жоқ емес. Біріншіден, бұл әрқашан болған, болады және бола беретін – мұғалімдер өзара мәңгілік «505 мың кесте» деп атайтын қағазбастылық. Мұның бәрі компьютерлендірілген, электронды түрде деп айтылғанымен, өкініштісі, әлі күнге электронды нұсқаның өзін басып шығаруға мәжбүр етеді. Мұғалім ретінде маған мұның бәрі неге және не үшін керек екені түсініксіз. Яғни, бұрынғы ескі ережелер әлі күнге дейін сақталып қалған. Ал балаларға уақыт бөлгің келсе, сол бір кестені жылына екі-үш рет жасауға мәжбүрлейді.
– Яғни, қажет болған жағдайда сыныпта тыныштық сақтау керек қой?
– Алғашқы сәттерде, бірінші сыныпта мұғалім тәртіпті қалай орнатса, ары қарай солай болады. Балаға үзілістің бар екенін, бұл оның уақыты екенін, ал сабақ – бұл оқушы білім алатын уақыт, демек, әңгімелеспейтін немесе сөйлеспейтін тым-тырыс тыныштық немесе жұмыс тыныштығы болуы керектігін түсіндіру өте маңызды. Мен айқайламаймын, бірақ мен кейде балалар назарын басқа жаққа аударған кезде дауысымның тембрін көтеремін. Бірақ балалар өздерінің рұқсат етілгеннен асып кеткендігін түсінеді. Бірінші сыныпта мен балаларға тәртіптің не екенін, сабақта өзін қалай ұстау керектігін бірден түсіндірдім. Бар болғаны сол. Әлі күнге дейін солай, қазір біз екінші сыныпты бітіріп жатырмыз, сабақта тәртіп сақталады. Күннің соңында, дене шынықтырудан кейін, балалардың қарны ашып үйлеріне қайтқысы келген кезде, тәртіп аздап бұзылады, демалысқа бар болған үш минутқа шақ келетін логикалық жұмбақ беріледі, балалар демалып алады, міне сол кезде барып жұмыс істеуге болады.
– Әрбір мұғалім балалардың көздерінде от жанып, сабаққа қызығушылық танытқандарын әрі белсенді қатысқандарын қалайтын шығар. Бұған қалай қол жеткізуге болады, балалардың көздері неден жанып тұрады?
– Бірінші кезекте мұғалімнің сабаққа дайындығынан балалардың көздері жанады. Яғни, мұғалімнің орындыққа отырып алып жай ғана диктант алғаны, іші пысқан балалардың амалының жоқтығынан бәрін бірсарынды жазғаны дұрыс емес. Әрине, оқушыларда ешқандай қызығушылық та, олардың көздерінде от та болмайды. Егер мұның бәрі көрнекі түрде, үлестірмелі материалдар мен карточкаларды, балалар сабақ барысында қозғалатындай қандай да бір белсенді әдісті қолдана отырып жүргізілетін болса, әрине, баланың қызығушылығы пайда болады, ең бастысы оқушы үшін бұл сабақ тез өтеді, өйткені сабаққа қызығушылық танытқан оқушы уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалады. Әрине, мұны күн сайын жасауға болмайды, себебі баланы тез жалықтырып жібереді, содан соң балалар тым еркінсіп кетуі мүмкін, нәтижесінде оқушыларды ештеңемен таң қалдыра алмайсың қаласың. Сондықтан бәрінің шегі болуы керек.
– Оқушылардың барлығына бірдей көңіл бөлу мүмкін бе?
– Бұл үлкен проблема. Күндердің бір күнінде бір сыныпқа 15 баладан артық бала қабылдамайтын заң шығады деп сенемін. Неліктен әлі күнге дейін сыныпта балалар неғұрлым көп болса, жұмыстың өнімділігі соғұрлым төмен болатындығы еш жерде жазылмайтынын білмеймін. Менің сыныбымда 28 оқушы бар делік, мен, әрине, сабақ барысында барлығын қамтуға, барлығынан сұрауға тырысамын, бірақ бұл физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Өйткені 28 бала дегеніміз күніне 56 дәптер дегенді білдіреді: математикадан 28 дәптерді, орыс тілінен 28 дәптерді тексеру керек. Бұл көп уақытты алады. Біз әлі дайындық – карточкалар, үлестірмелі материалдар туралы айтып отырған жоқпыз. Егер бір сыныпта кемі 20 бала болса, әрқайсысынан асықпай сабақ сұрауға болар еді, сондай-ақ сабақ та тыныш өтер еді, дайындыққа аз уақыт кететін еді. Менің ойымша, бір сыныпта 15 бала болғаны жақсы. Сонда мұғалім әр оқушымен материалды пысықтай алар еді, жалпы білімдегі олқылық деген ұғым болмас еді.
– Менің білуімше, бұған қоса сіз блог жүргізесіз?
– Иә, мен блог жүргіземін, оқырмандарым оны қызығушылықпен қарап оқиды, тағы басқа дүниелер жариялауымды сұрайды, кейде тіпті үлгермеймін. Мен мұны ең алдымен жас мамандар үшін жасаймын. Өйткені мен өзімнің тәжірибемнен, қателіктерімнен жұмыстың алғашқы жылдарында қаншалықты қиын болатынын жақсы білемін. Бірде-бір жоғары оқу орны немесе колледж оқытушылары қандай керемет болса да, мектептегі тәжірибе беретін дүниені бере алмайды. Мектепке алғаш келген жас маман қай әдісті қайда қолдану керектігін, оқушылармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін толық түсінбейді, мұның бәрін балалармен жұмыс жасау барысында үйренеді. Жас ұстаздарға жеңіл болу үшін, олар парақшама кіріп, қарап, өздеріне қажет дүниені қабылдап, сабақтарында қолдануы үшін мен Инстаграм және ТикТок-та блог жүргіземін. Қазір бұл жасап жүргенім көпшілікке ұнайды, мен оны көлемді, бәріне қолжетімді болатындай етіп дамытуға тырысамын. Әрине, кейде оқырмандарым күлгісі келеді, сол кезде мектептегі өзекті проблемаларға әзіл-оспақ бейнелер түсіремін, бірақ сол жерден қызықты сәттерді алу үшін мен көбінесе танымдық мазмұндағы сабақ сәттерін беруге тырысамын.
Редакциядан
Жастардың мұғалім мамандығын таңдап, ұстаздық етіп жүргенін көргенде шабыттанып көңіліңе сенім ұялайды. Осы ең құрметті мамандықтың беделін көтеру бойынша ойластырылған жұмыс өз жемісін беруде. Жас педагогтердің өз ісіне, балаларға жан-тәнімен қалай қарайтынын, жаңа нәрсе ойлап тауып, нәтижеге ұмтылғандарын көру көңілді қуантады. Олардың тек өз сабақтарының ғана емес, жалпы елдегі білімнің сапасына да шын жүректен жаны ашиды. Ал мұғалімдердің мектепке қанша уақыт пен күш жұмсайтыны анық байқалады. Біздің материалдың кейіпкері – Игорь Гноевойдың өз кәсібіне қалай қарайтыны шынымен де өте қызықты. Ол өзінің жұмысын заманымыздың трендіне айналған Инстаграмда блог жүргізумен қатар алып жүреді. Сондай-ақ, жастардың жұмысқа не кедергі келтіретіні және оқу процесін қалай жақсартуға болатындығы туралы ойлары мен пікірлерін тыңдау қызықты болды. Мектептерге мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр, олардың абыройлы еңбегі жайлы біз әлі де еститін боламыз. Игорьге және еліміздің барлық жас мұғалімдеріне өздерінің кәсіби саласында керемет жетістіктерге жетіп, балалардың зейінді әрі білімге құштар көздерін көруді тілейміз! Өздеріңіздің қызықты нәтижелеріңіз бен шығармашылық жеңістеріңізді оқырмандарымызбен бөлісіңіздер.
АННОТАЦИЯ
О педагоге из села Павлодарское Игоре Гноевом многие узнали после того, как он стал одним из победителей видеоконкурса в ТикТок, организованного Министерством просвещения РК в прошедшем году. В свои 27 лет учитель имеет уже восемь лет стажа и статус педагога-исследователя. Игоря Александровича отличает творческий подход, умение максимально вовлечь детей в процесс обучения, отношение к детям как к индивидуальностям. В интервью нашему журналу он делится своим опытом, идеями и мыслями о том, как можно улучшить качество образования в начальной школе.
Comments