Satbayev University және InDrive Қазақстан мен Орта Азияның дарынды түлектеріне тегін жоғары білім беретін inVision U факультетін құрады. Барлық студентке ақысыз білім, ал аз қамтылған білім алушыларға оқу ақысымен қатар жатақханада тұру ақысы, тамақтану және жол шығындарын жабуға арналған стипендия қарастырылады.

2024 жылғы қыркүйекте ҚР Премьер-министрімен кездесуде InDrive басшысы 400 студентке арналған inVision U университетін ашу бастамасын көтерді. Мұнда IT, маркетинг және медиа, ғылым, сондай-ақ басқа да салалар бойынша мамандар даярланады. Бұл жобаны іске асыру үшін Satbayev University Жобаларды басқару институтының жанынан әлеуметтік сала мен бизнестің болашақ көшбасшылары даярлайтын автономды факультет құрылады. Оқыту пәнаралық байланысқа, жобалық жұмысқа және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге негізделеді.
InDrive жастардың әлеуетін ашып, олардың қоғамның өркендеуіне үлес қосуына мүмкіндік береді. Бағдарлама 2025 жылғы қыркүйекте басталады, студенттер дайындық пәндері циклінен (Foundation) өтіп, ағылшын тілі, математика және IT саласында білім алады.
«InVision U инновациялық жобалар ұсынатын оқу орны болып, әлеуметтік жағдайына қарамастан талантты студенттерге тегін білім алу мүмкіндігін береді. Ауылдық жерлерден келгендер үшін дайындық жылы қарастырылған. Satbayev University-мен бірлесіп жұмыс істей отырып, Алматыда жеке кампус ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба еліміздің халықаралық беделін арттырады және болашақта басқа өңірлерге де таралуды көздейді», – деді InDrive негізін қалаушысы және inVision U бағдарламасының жетекшісі Арсен Томский.
«Зерттеу университеті ретінде студенттерімізге болашаққа бағытталған инновациялық салаларда білім алу мүмкіндігін беру маңызды», – деп бөлісті Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев.
InVision U түлектерге оқуын аяқтағаннан кейін де стартаптар мен әлеуметтік бастамаларды іске қосуға көмектесу арқылы қолдау көрсетіледі. Оқу үш тілде – ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
«Satbayev University-мен серіктестіктің арқасында академиялық тәжірибе мен инновациялық оқыту әдістерін біріктіру арқылы студенттер озық білім мен дағдыларға қол жеткізеді. inVision U оқу бағдарламасы ғылым, технология, қоғам, маркетинг және медиа, сондай-ақ мемлекеттік басқару салаларын қамтиды. Студенттер тек мәселелерді шешуді ғана емес, пәнаралық командаларда жұмыс істей отырып, тұрақты шешімдер табуға қажетті кәсіби және икемді дағдыларын дамытады», – деді inVision U президенті Эндрю Вахтель.
Foundation Program бағдарламасына өтінім қабылдау 2025 жылғы 15 сәуірде басталып, 1 тамызда аяқталады. Бағдарлама 2025 жылғы 1 қыркүйекте іске қосылады. Undergraduate Program бойынша оқу 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталады. Толығырақ мәліметті inVision U ресми сайтынан алуға болады: www.invisionu.education.
Comments