ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орнының ұжымына Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректорын таныстырды. Абай университетінің жаңа ректоры болып қоғамдық-саяси және ғылыми қызметтің түрлі салаларында тәжірибесі мол маман Тілеп Болат Анапияұлы тағайындалды, «Современное образование» журналы университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Б. А. Тілеп тұңғыш жоғары оқу орнының қабырғасында диссертация қорғап, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Заң факультетінде оқытушы болып жұмыс істеген. Болат Анапияұлының еліміздің қоғамдық-саяси және ғылыми салаларында тәжірибесі мол: «Стратегия» талдау орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы, Әлеуметтік-саяси зерттеулер ғылыми-зерттеу институты мен Саяси технологиялар орталығында аға ғылыми қызметкер болған. Ішкі саясат департаментінде, Алматы және Астана қалаларының Ішкі саясат басқармасында, ҚР Қорғаныс министрлігі Әкімшілік департаментінде басшылық лауазымдарында жұмыс істеді. ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі қызметінде, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде жұмыс істеп, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарған.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры қызметіне тағайындалған Болат Тілеп өзінің мол тәжірибесі мен күш-жігерін еліміздің тұңғыш университетінің одан әрі дамуына жұмсап, ұжым ықыласына бөленетініне кәміл сенеміз. Б. А. Тілеп өзінің кәсіби шеберлігі мен жоғары нәтижелерге ұмтылысын алдағы уақытта Абай университетінің еліміздегі педагогикалық білім және ғылым саласындағы көшбасшы ретіндегі мәртебесін нығайтуға және оны одан әрі дамытуға жұмсайтын болады.
Біз Абай университетінің жаңа ректорын қызметке тағайындалуымен құттықтаймыз және оның басшылығымен университет одан әрі жаңа жетістіктерге жету жолын жалғастырады деп сенеміз.
Comments