top of page
Search

Аймағамбетов білім жүйесі едәуір дамыған қаланы атады

Алматы қаласында басқа өңірлермен салыстырғанда білім саласын дамытуда барынша біртұтас және дәйекті саясат жүргізіліп келеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

"Жуырда мемлекет басшысы Алматы қаласының маңызды нысанының бірі – Оқушылар сарайында болды. Президент балалармен әңгімелесіп, онда жасалған жағдаймен және сарайдағы жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен танысты. Алматыда қосымша білім беруді дамыту жұмыстары жақсы жолға қойылған", - деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осы орайда министр алдағы жоспарларға да тоқталды. Алматыда Оқушылар сарайы толықтай жаңғыртылып қана қоймай, заманауи екі инновациялық шығармашылық орталық пайдалануға беріледі. Ал келесі жылы ескі ғимараттарды бұзып, үш бірдей оқушылар үйінің құрылысы басталады. Қазіргі кезде жобалау жұмыстары қолға алынды.


Сондай-ақ қалада мектептердің спорт алаңдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жас туристер мен натуралистер станциялары жаңартылады.


"Жалпы, қазіргі таңда Алматы қаласы әкімдігінде басқа өңірлермен салыстырғанда білім саласын дамытуда барынша біртұтас және дәйекті саясат жүргізіліп жатқанын мойындау керек. Сол себепті қала басшылығының саланы дамыту ұстанымын, мегаполистің қолда бар қаржылық мүмкіндіктері мен кадрлық әлеуетін ескере отырып, министрлік Алматы қаласының әкімдігіне білім беру саласында қосымша өкілеттіктер беру туралы шешім қабылдады", - деп атап өтті министр.


Бұның барлығы нормативтік актілермен бекітіледі. Ал қаланың білім беру ұйымдары негізгі инновациялық алаңдарға айналады.



Comments


bottom of page