top of page
Search

Алматы облысында 7 сынып оқушысы өз мектебінің сайтын жасап, байқаудың жеңімпазы атанды

Алматы облысы Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің 7 «б» сынып оқушысы Тимур Брижанов өз мектебінің ресми сайтын жасап шықты. Ол осы жобасымен облыстық «Менің Отаныма – менің бастамам» шығармашылық жобалар байқауында «Медиа жобалар» бағыты бойынша жүлделі ІІ орын иегері атанды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.


«Сайт жасауды Youtube желісінің көмегімен үйрендім. Жетекшім, информатика пәнінің мұғалімі Гүлжан Құлынбаеваның бағыт беруімен қосымша әдебиеттерді оқып, сайт жасауға арналған тегін Github хостингін пайдаландым. Сайт үш тілде жүргізіледі. Алдағы уақытта мазмұны мен форматын әлі де жетілдірсем деймін», - дейді Тимур Брижанов.


Сайтқа кірушілер мектептің тарихымен, тыныс-тіршілігімен, ұжым құрамымен, соңғы жаңалықтармен таныса алады. Жас өнертапқыштың айтуынша, болашақта онлайн кітапхана құру қолға алынады. Мектептің сайтына QR код арқылы кіру жоспарланып отыр.


«Оқушым сайт жасау туралы ұсыныс білдірді. Сөйтіп екеуміз бұл іске бірлесе кірістік, мен негізінен бағыт беріп отырдым. Мектептің тарихи мәліметтерін жинақтауға, басқа да қажетті ақпараттарды үш тілде толықтыруға мектеп басшылығы көмектесті. Сайтты әзірлеуге екі жылдай уақыт кетті. Балалар жылында бұл біздің мектеп үшін үлкен қуаныш болып отыр. Бүгінгі таңда мектептегі талапты оқушыларға қосымша сабақтар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте маған Тимур Брижанов білікті көмекші болып жүр. Қазіргі кезде сайт жасауға деген қызығушылығы бар 8- 10 сынып оқушыларынан топ құрдық. Оларға аптасына екі рет сабақ жүргізіледі», - деді Г.Құлынбаев.



Comments


bottom of page