Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдегі білім беру көрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Білім беру саласында педагогтарға, оқушылар мен студенттерге қашықтан оқу мен жұмыс істеу технологияларын меңгеруге тура келді. Облыс бойынша 81 мың компьютер сатып алуға 12,3 млрд теңге бөлінді, 24 мың мектеп компьютері мұқтаждарға уақытша пайдалануға берілді. Демеушілер қаржысы есебінен қосымша 2110 дана техника берілді», - деді А. Баталов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, аймақта жеті мектеп іске қосылды, оның төртеуі үш ауысымды мектептердің орнына пайдалануға берілді.
«Биыл 28 мектептің құрылысы жоспарланған, оның 19-ы – үш ауысымды мектептің орнына беріледі. 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 98% жетті. Тағы 166 балабақша ашып, 2022 жылға қарай қамту деңгейін 100%-ға жеткіземіз», - дейді А. Баталов.
Бұған дейін спикер өңірді газбен және ауыз сумен қамту жұмыстары туралы айтып берген еді.
Автор: Айжан Серікжанқызы
Commentaires