top of page
Search

Алматы облысындағы Жұмысшы мамандықтары жылы: шағын кәсіпорындар мен жаңа мамандықтардың ашылуы

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қоғамдағы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және оларды дәріптеу, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жастар мен жұмыс берушілерді тарту мақсатында ағымдағы жылдың желтоқсан айында Алматы облысы бойынша Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. 

Алматы облысындағы Жұмысшы мамандықтары жылы

Жоспарға сәйкес жұмысшы мамандықтарының кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында:

– «TaiQAZAN» І халықаралық форумы,

– «Автосервис мамандарының фундаменталды дағдылары» конкурсы,

– республикалық, облыстық деңгейдегі семинарлар

– Қазақстан Республикасы колледждерінің «ТОП 100 студенті» жобасы,

– «НаурызFest»,

– «MamandyqFest»,

– «Жасанды интеллектті білім беру процесіне енгізу: өзектілігі, мүмкіндіктері және іс-әрекет алгоритмі»,

– «Еңбек жолы»,

– «WorldSkills Qonaev – 2025» фестивалі, т.б. көлемді шаралар өткізу жоспарланып отыр.

 

Жыл ішінде жұмысшы мамандықтары бар адамдар жиі жиналатын Қоғамдық орындарда «Еңбек адамы» айдарымен жұмысшы мамандықтарын насихаттау жұмыстары жүргізіледі.

 

Іле ауданында орналасқан облыстағы ірі темірбетон өндіретін «Фирма Бент» ЖШС-сінде колледж директорлары мен студенттерінің қатысуымен ашық есік күні өткізілді. Шара барысында облыстың 6 колледжі аталған кәсіпорнымен меморандумға отырды.


Алматы облысындағы Жұмысшы мамандықтары жылы

2025 жылы «Start-UP» Алматы экономикалық колледжі, «Edubiz Connect» Талғар политехникалық колледжі, «TAiQAZAN» сервис және тамақтану саласындағы Алматы облыстық инновациялық технологиялар колледжі базасында 3 шағын кәсіпорын ашу жоспарлануда.

 

Алматы облысында 40 техникалық және кәсіптік білім беретін мекеме бар, оның 22 мемлекеттік, 18-і жекеменшік. Қазіргі таңда облыс колледждерінде жұмысшы мамандықтарымен қатар білім, медицина, мәдениет, өнер, заңгерлік және құқықтық бағытта 54 мамандық 98 біліктілік бойынша кәсіптік білім берілуде.

  

Облыстың жеті колледжі тірек ретінде анықталды: Балалар ақпараттық технологиялар бағыты бойынша оқи алатын Алматы экономикалық колледжі; «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Киім тігу және модельдеу», «Шаштараз өнері және сәндік косметика» сияқты мамандықтарды ұсынатын Алматы қызмет көрсету инновациялық колледжі; «Дәнекерлеу ісі», «Автомобильдерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бар Көп салалы кәсіптік оқыту колледжі; Талғар политехникалық колледжі – «Электр жабдықтары»; Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжі – «Ауыл шаруашылығын механикаландыру»; Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі; Талғар жоғары медициналық колледжі.

 

2024 жылы жұмыс берушілер электрондық еңбек биржасы арқылы 24 838 жұмысшыға мұқтаждығын білдірді.

  

Облыстың жұмыс берушілерінде сұранысқа ие мамандықтардың қатарында – педагогтер, медбикелер, дәрігерлер, жүргізуші, жүк түсірушілер, сауда өкілдері, кассирлер, автослесарлар, машинистер, электриктер, электр-газбен дәнекерлеушілер және қосалқы жұмысшылар.

 

Кәсіпорындардың өтініштері бойынша мақсатты оқыту курстарына 300 адам қабылданды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 100 адамға көп.

 

2025 жылы кәсіпорындардың сұраныстарына сәйкес (зауыттар, фабрикалар, басқа да өндірістер) 700 адам жұмысшы мамандықтар бойынша оқытылады оның 600-і оқу ұйымдарында, 100-і жұмыс берушілерде жұмыс орнында. Бұл мақсатқа 320,4 млн теңге қарастырылған.

 

Алматы облысындағы Жұмысшы мамандықтары жылы

Сондай-ақ, Алматы облысының білім басқармасы «Менің кәсібім – менің болашағым» жобасын іске асыруда, оның барысында мамандарға деген қажеттілік зерделенеді және облыстық бюджеттен жаңа кәсіптердің Өңірлік атласын дайындауға қажетті қаржыландыру бөлінетін болады.


Еңбек нарығының талаптарына сәйкес облыс колледждерінде: – «Гидротехникалық мелиорация», – «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», – «Ұшқышсыз авиациялық жүйелер», – «Аяқ киім құрастырушы», – «Жиhаз өндірісі» жаңа мамандықтарын ашу жоспарлануда.

 

2024-2025 оқу жылына Алматы облысының колледждеріне 5712 студент қабылданды, оның 4750-і мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша: 3050-і жергілікті бюджеттен, 1700-і республикалық бюджеттен. Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс 390 орынға ұлғайды, оның орындалуы 83,3%-ға жетті. 15 жұмысшы мамандығы, 19 біліктілік бойынша оқуға 2735 студент, яғни 57,6% студент қабылданды. 2015 студент орта буын мамандықтары бойынша оқиды.

 

Қазір Алматы облысының колледждерінде барлығы 21413 студент білім алуда, оның 11116 – мемлекеттік, 10297 – жекеменшік. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 11893 (51%) студент оқиды, оның 9715-і мемлекеттік, 2178-і жекеменшік.

   

Алматы облысындағы Жұмысшы мамандықтары жылы

Өткен жылы түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 81,3%-ды, жұмысшы мамандықтары бойынша 77,3%-ды құрады.

 

Алматы облысының Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру саласында алдына қоятын негізгі міндеттер – бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ колледждердің оқу-материалдық базасын нығайту. 

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page