top of page
Search

Алматы оқушыларының 90 пайызы қосымша біліммен қамтылады


Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде қосымша және ортатехникалық білім беруге жасалатын жағдай туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Әкімнің айтуынша, балаларға мектептен тыс тегін білім беруді арттыру мақсатында Наурызбай және Алатау аудандарында 2021-2023 жылдары екі жаңа инновация шығармашылығы орталығын салу жоспарланған. Бұларда мектеп жасындағы 14 мыңға жуық бала оқиды.


Сондай-ақ, биыл Оқушылар сарайы жаңғыртылады. Бұл мектеп оқушыларына қосымша білім беру бағдарламасын кеңейтеді. Мекемеге келген балалар VR зертханасы, аэромодельдеу, IT бағдарлама, hi-tech-зертханасы, робот техникасы, жаратылыстану зертханалары (химия, физика, биология, гидропоника) және басқа да жаңа бағыт бойынша білімін жетілдіреді.


«Оқушылар сарайында дронды дамыту және 3D прототиптеу орталықтары құрылады. Сондай-ақ, модернизациялау аясында обсерватория мен планетарий жұмысы қалпына келтіріледі. Егер бүгінде сарайға 5 мың бала келсе, модернизациядан соң бұл санды 2 есеге, яғни 10 мың балаға дейін арттады», – деді Бақытжан Сағынтаев.


Мемлекеттік тапсырысты мектептен тыс жеке ұйымдарда орналастыру арқылы тағы 22 мың бала қосымша білім қамтылмақ. Осылайша, қосымша біліммен қамтамасыз етілген алматылық балалардың үлесі 88,5 пайызға артады.


«Жастарды техникалық және кәсіптік біліммен қамтуды мақсатында, биыл Алатау ауданындағы «Зерделі» шағын ауданында 300 орынды жатақханасы бар 720 орындық колледждің құрылысы басталады. Сондай-ақ, Алматы қаласының Индустриалды аймағында жатақханасы бар жаңа форматтағы колледж салу жоспарлануда. Бұл колледждер жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды. Сонымен қатар, қосымша 300 жұмыс орны құрылады», – деді ол.


Автор: Алма Мұқанова





Commentaires


bottom of page