Биыл Алматы колледждеріне оқуға түсу талабы өзгерді. Мұндағы жаңалық – емтихандардың болмауы. Тек мемлекеттік тапсырыс бойынша педагогикалық, медициналық пен шығармашылық мамандықтарына түсушілер арнайы емтихан тапсырады.
Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қалалық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Әсет Мұханбетов жаңа механизм «студентке ақша» қағидатына негізделгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырыс талапкердің таңдауы бойынша колледждерге нақты қабылдау нәтижелері бойынша орналасады.
«Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір ұпай жинаған және бәсекеге қабілетті колледждерге беріледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша орын алғысы келетін талапкерлер тізімге енген колледждерді ғана таңдай алады», - деді Алматы Білім басқармасының өкілі Әсет Мұханбетов.
Былтыр колледждер қабылдау емтихандарын өз бетінше өткізген болса, енді бәсекелестік орташа ұпай бойынша автоматты режимде өткізіледі.
Демек, ЖОО-на түсу үшін медициналық, педагогикалық пен шығармашылық мамандықтардан басқа ҰБТ сертификаты талап етілмейді.
Сонымен қатар, ол бұл шаралар мемлекеттік тапсырысты қабылдау мен орналастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, колледждер арасындағы бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ барлық мектеп түлектері білім басқармаларының ақпараттық жүйелері арқылы кәсіби диагностикадан өту мүмкіндігі бар. Нәтижесінде талапкер белгілі бір мамандықты алуға ұсыныстар алады, ұсынылған мамандықтардың карталарымен танысады.
Кәсіби диагностика қорытындысы бойынша талапкер 4 мамандық пен 4 колледж таңдай алады.
Бұл ретте талапкерлерді жұмысшы біліктілігі, арнайы білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау тікелей колледждерде конкурстан тыс жүзеге асырылады.
Алматыда 83 орта-арнайы оқу орны бар, оның 22-сі мемлекеттік. Оның үстіне, 47 колледжде оқушыларды мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытады. Студенттер 21 мың теңге көлемінде стипендия алады.
Автор: Алма Мұқанова
Hozzászólások