top of page
Search

Алматыда І халықаралық Фараби форумы басталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде I халықаралық Фараби форумының ашылу салтанаты өтті.


Ауқымды шара Екінші ұстаз атанған ғұлама ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Оған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Жансейіт Түймебаев, Өзбекстан Республикасының Алматыдағы бас консулы Аброр Фатхуллаев және белгілі фарабитанушы ғалымдар, этномәдени орталық өкілдері қатысып, баба рухына тағзым етті. Шараға жиылғандар Әл-Фараби кітапханасындағы қазақстандық фарабитанушылар кітабы қойылған көрмені аралап, «Түркі халықтарының дәстүрлі құндылықтары» атты көркемсурет көрмесін тамашалады.


Арнайы дайындалған «Өркениет шырақшысы» деректі фильмі ұлы ұстаз жайлы құнды мағлұматтар легін толықтыра түсті. Биыл тұңғыш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған Фараби форумын білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашты.


«Әл-Фараби феномені – шын мәнінде теңдесі жоқ құбылыс. Әл-Фараби – ұлы ойшыл ғана емес, ол – адамзаттың рухани өрлеуіне ықпал еткен планетарлық деңгейдегі ғұлама ғалым. Бүгінгі форумның тарихи миссиясы – Фараби ілімі арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту. Тарихи және заманауи құндылықтарды тоғыстыру арқылы фарабитанудағы жаңа бағыттарды дамыту, Фараби ілімін жан-жақты, сала-салаға бөліп талқылау», – деп атап өтті ректор. Жиында сөз алған Өзбекстан Республикасының Алматыдағы бас консулы Аброр Фатхуллаев та ғалымның баға жетпес бай мұрасының жалпыадамзаттық маңызын сөз етті.


«Ұлы әл-Фараби өз заманында барлық ғылым салаларына үлкен үлес қосты. Ортағасырлық ойшылдардан алғашқы болып әлеуметтік өмір құрылымының ерекшеліктері туралы ілімнің негізін қалады. Ол шын мәнінде әлем адамы болды, түрлі рухани құндылықтарды біріктірді. Әл-Фараби шығармалары орта ғасырлар мен қайта өрлеу дәуірінде Еуропадағы дүниетаным мен ғылымға тікелей әсер етті. Әлем, гуманизм және әділеттілік туралы дүниетанымы бүгінгі қиын уақытта, әлем жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге кезіккен кезеңде аса өзекті», – деді ол.



Komentarze


bottom of page