top of page
Search

Алматыда Қазақстан мен Ресей ЖОО ректорларының ІІ Форумы өтті

1.04.2024.


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындары ректорларының ІІ форумы өтті.


Форум ректоров Казахстана и России

«Жоғары білім мен ғылымның өзекті тенденциялары» тақырыбындағы халықаралық форум жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, РФ Ғылым және жоғары білім вице-министрі Константин Могилевский, «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Ләззат Нұрқатова, Санкт-Петербор мемлекеттік университетінің халықаралық қызмет жөніндегі проректоры Сергей Андрюшин, Ресейдің 50 және Қазақстанның 40 ЖОО-ларының ректорлары қатысты.

Форумының негізгі мақсаты – екі мемлекет жоғары оқу орындары арасындағы көпжақты байланыстарды дамыту. Сол арқылы ғылым және білім беру саласының өкілдері арасында өзара түсіністік қалыптастып, ұлттық жоғары білімді интернационалдандыру ықпалы күшейіп, студенттер және оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытудың жолдарын кеңейтеді.


Шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзбен ашып, Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылым мен жоғары білім саласында көпжылдық және жемісті ынтымақтастық жолға қойылғанын атап өтті.


«Бүгінгі таңда Қазақстанда Ресейдің 6 жетекші жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. Алғаш болып 2001 жылы М. В. Ломоносов атындағы ММУ филиалы іске қосылды. Кейін Байқоңыр қаласындағы «Восход» Мәскеу авиациялық институтының, Қостанайдағы Челябинск мемлекеттік университетінің, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы «МИФИ» ҰЯЗУ, Санк-Петербор кәсіподақтар гуманитарлық университетінің және И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалдары ашылды. Алдағы уақытта Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында ашқалы отырмыз. Сонымен қатар биыл Омбы қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалын ашу жоспарлануда. Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындары мен ғылыми институттары арасында 1700 келісімшарт жасалған. 25 ғылыми бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылуда. Біз бауырластық қарым-қатынасымызды және ғылым мен жоғары білім саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Ортақ идеяларды және ұсыныстарды жан-жақты талқылап, болашақта нақты жұмыс жоспарын әзірлеу қажет деп санаймын», - деді Саясат Нұрбек.

Форум барысында РФ Ғылым және жоғары білім вице-министрі Константин Могилевский сөз сөйлеп, ҚазҰУ базасында өтіп жатқан ректорлар форумы екі мемлекет жоғары оқу орындарының арасындағы сенімді ынтымақтастықты жаңа бағытқа көтеретінін жеткізді.


«Бізді Қазақстанмен көп нәрсе байланыстырады. Бізде достық және іскерлік қатынас, көптеген ұқсас үрдістер бар. Қазіргі таңда біз Қазақстанмен ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға әрқашан дайынбыз. Мен ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары Қазақстанда өз қызметін табысты жүргізіп жатқанына өте қуаныштымын. Филиалдар студенттерге сапалы білім беріп, кәсіби маман болуларына көмектескенін қалаймын. Бүгінгі форум екі ел ЖОО-ларының қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілетініне сенімдімін», –деді вице-министр Константин Могилевский.

Форумның қорытындысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалын құру жөнінде келісім жасалды. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Санкт-Петербор мемлекеттік университеті ТМД желілік университеті шеңберінде магистранттарды бірлесіп даярлау бойынша, ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазан Федералды университеті докторанттар мен аспиранттарды алмасу бойынша келісімге қол қойды.

Comentários


bottom of page