top of page
Search

Алматыда Қазақстанның авиация саласындағы келешегі және Азаматтық авиация академиясының рөлі талқыланды

28 наурызда Азаматтық авиация академиясында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен көлік министрі Марат Қарабаевтың, сондай-ақ авиакәсіпорындардың, шетелдік жоғары оқу орындарының және академияның басқа да серіктестерінің басшылары мен мамандарының қатысуымен Азаматтық авиация оқу-әдістемелік бірлестігінің кеңейтілген отырысы және салалық кеңесі өтті.


Азаматтық авиация академиясы

Кездесуде авиация саласында кадрларды даярлаудың негізгі міндеттері мен үрдістері: жолаушылар ағынының өсуі, цифрландыру, ұшқышсыз технологияларды енгізу сияқты мәселелер талқыланды. Ұшқыштарды сертификаттауға, инфрақұрылымды жақсартуға және саланы жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін жаңа білім беру бастамаларын құруға ерекше назар аударылды.

Азаматтық авиация академиясын кезең-кезеңімен сертификаттауды, оқу аэродромын құруды, авиациялық кәсіптердің ұлттық атласын әзірлеуді және салалық ғылыми-зерттеу орталығын қалыптастыруды қамтитын азаматтық авиацияда кадрлар даярлауды дамыту бойынша Жол картасына қол қою маңызды қадамдардың бірі болды.

Қазақстан заманауи әуе тораптарын дамыту, арнайы экономикалық аймақтар құру және әуежай инфрақұрылымын кеңейту арқылы авиациядағы өз позициясын белсенді түрде нығайтуда. Авиациядағы жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстан әлемдік тәжірибе мен озық технологияларды біріктіретін біліктілікті арттыру орталығына айналуға ұмтылуда. 2030 жылға қарай әуе тасымалы көлемін айтарлықтай ұлғайту жоспарлануда, бұл жоғары білікті мамандарды даярлауды талап етеді. Ал бұл мәселеде Азаматтық авиация академиясы басты рөл атқарады. Халықаралық стандарттарды енгізу, ағылшын тіліндегі бағдарламаларды іске қосу, ҰҰА орталығын дамыту және EASA талаптарына сәйкес сертификаттау ЖОО-ны бүкіл Орталық Азия, ТМД және Үндістан үшін үлкен әлеуеті бар өңірдегі перспективалы білім беру хабына айналдырады.


Азаматтық авиация академиясы

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев саланы дамыту бойынша бастамалар ұсынды. Ол Азаматтық авиация академиясының кадр даярлаудағы маңызды рөлін атап өтіп, басты мақсат – қазақстандық ұшқыштардың біліктілігін шетелде емес, ел ішінде арттыруға жағдай жасау екенін баса айтты.

«Біз ұшқыштарымыз шетелде оқуға қосымша ресурстарды жұмсамай-ақ Қазақстанда бәсекеге қабілетті білім мен сертификат ала алатындай оқыту жүйесін қамтамасыз етуіміз керек», – деді министр.

Азаматтық авиация академиясы

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ведомствоның «Мамандағым – Болашағым» жобасы бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын, оның аясында Жаңа мамандықтар атласының жасалып жатқанын хабарлады. Зерттеулер технологиялық үрдістердің әсерінен саладағы өзгерістерді болжауға және еңбек нарығының ағымдағы сұраныстарын анықтауға көмектеседі. Оның айтуынша, персоналдың біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету үшін әуе компанияларының таяу келешектегі ғана емес, алдағы 5-10 жылдағы қажеттілігі туралы нақты деректер алу қажет.

«Біздің білім беру жүйеміз болашақ мамандарды дайындайтындай өзгерістерге әрекет етіп қана қоймай, оларды болжауға тиіс», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Саясат Нұрбек Азаматтық авиация академиясына бөлінетін білім гранттарының көлемін екі миллион теңгеге дейін ұлғайту туралы хабарлады, бұл университетке қажетті білім деңгейін қамтамасыз етуге және мамандар даярлаудың жаңа бағыттарын құруға көмектеседі. Биылғы оқу жылында Академия ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлау бағдарламасын іске қосты.

«Біз білім беру бағдарламаларын елеулі түрде қайта құрылымдауға тырысамыз», – деді министр. – Кейбір бағдарламаларды қысқартуға болады, өйткені нарық мамандарды көп күте алмайды. Инженерлер дайындалатын жерде білім беру бағдарламаларымен жұмыс істейтін өндірістік кеңестер құрылды».

Азаматтық авиация академиясы

Азаматтық авиация академиясының ректоры Бекен Канелұлы Сейдахметов өткен жылы авиациялық мамандықтар санын 266-дан 300-ге дейін арттырған салалық біліктілік шеңберінің әзірленгенін еске салды. Болашақта бұл тізім кеңейеді, өйткені технологиялық жетістіктер жаңа мамандықтардың пайда болуына әкеледі, ал басқалары жойылып кетуі мүмкін. Жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттары білім беру үшін жаңа міндеттер тудырады. Академия басшылығы авиация саласындағы жаңа мамандықтар атласын әзірлеу үшін Академияда штаб құру бастамасын Жоғары білім және ғылым министрлігі қолдайды деп күтеді. Платформа білім беру бағдарламаларына қажетті өзгерістерді уақтылы енгізуге мүмкіндік беретін тұрақты кездесулер мен пікірталастар өтетін орынға айналады деп жоспарлануда. Бұл ретте салада қауіпсіздік басымдық болып қала береді және қабылданатын барлық шешімдер осы талапқа сай болуға тиіс.


Азаматтық авиация академиясы

Азаматтық авиация академиясының серіктестері – авиациялық компаниялардың өкілдері Академиямен ынтымақтастықтың келешегі мен ЖОО-дағы мамандарды даярлау сапасын атап өтті, сонымен қатар студенттердің кәсіби тәжірибесі, дуальді білім беру және түлектерді жұмысқа орналастыру, тек инженерлер мен механиктерді ғана емес, сондай-ақ әуежайда арнайы қызмет көрсететін мамандарды, сондай-ақ жерүсті қызметтерінің мамандарын және арнайы техниканы пайдалану мамандарын даярлау тұрғысынан білім беру бағдарламаларын кеңейту саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттерін білдірді.

Авиация саласындағы білім жаңа сын-тегеуріндерді қабылдауға мәжбүр. Әуе кеңістігінің кептелiсi мен күрделiлiгi, қақтығыс аймақтары мен тәуекелдер, технологиялық тұрғыдан жетiлдiрiлiп келе жатқан әуе кемелерiнiң жаңа буындарын басқару рәсімдерінің күрделенуі ұшқыштардың жаңа құзыреттерін талап етеді, деп атап өтті тасымалдаушы компаниялардың өкілдері.

EASA халықаралық сертификатын алу үшін АА академиясында ағылшын тілін тестілеу орталығы ашылады, әуе паркіне техникалық қызмет көрсетуді жаңғырту және Көкшетауда орналасқан әуеайлақты жайластыру жүргізіледі. Сондай-ақ, Академия курсанттардың дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи жаттығу құрылғылары мен ұшақтарға тапсырыс берді.


Азаматтық авиация академиясы

Пікірталаста Академияның институционалдық даму мәселесіне ерекше назар аударылды. Кеңеске қатысушылар Азаматтық авиация академиясына арнайы мәртебе беру туралы бастаманы қолдады. Мұндай мәртебе Академияға икемді академиялық және ұйымдастырушылық модель шеңберінде әрекет етуге, халықаралық талаптарды жедел енгізуге, инвестициялар тартуға және авиакомпаниялармен әріптестік бағдарламалар құруға мүмкіндік береді.


Іс-шара аясында қазақстандық авиацияның даму бағыттарын анықтау жөнінде форсайт-пікірталас өткізілді. Жұмыс топтарына біріккен барлық авиация саласындағы компаниялардың басшылары мен қызметкерлері өз ойларымен, идеяларымен бөлісіп, авиацияның даму үрдістері туралы көзқарастарын ортаға салды.



«SCAT» АҚ Авиациялық оқу орталығының директоры Игорь Самченко форсайт-сессия азаматтық авиацияны дамыту үшін ортақ мақсаттар мен міндеттерді әзірлеуге дайын пікірлестер командасын біріктіргенін атап өтті. Ол авиация саласының барлық салаларында заманауи технологияларды енгізу қажеттігін, сондай-ақ оның әртүрлі құрылымдары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, тиімді даму сапаға, қауіпсіздікке және кәсіби стандарттарға бағытталған білім беру бағдарламаларын әзірлеумен айналысатын жұмыс тобын құруды талап етеді. Талқылау барысында оқу-әдістемелік бірлестік тұрақты негізде жұмыс істеуі, ал Академияның әдістемелік кеңесіне оқу орталықтары мен әуежайлар өкілдерінің кіруі ұсынылды. Бұл салаға ерте кезеңдерде даму стратегиясын қалыптастыруға, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын нарықтың өзекті талаптарына уақтылы бейімдеуге мүмкіндік береді.

 «Бәріміздің басымызды қосқан Бекен Қанелұлына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Ол ілгерішіл көшбасшы, болашақты болжай алатын өте көреген адам. Азаматтық авиацияны басқаруда үлкен тәжірибесі бар ол Академия ректоры ретінде өзінің терең білімін, тәжірибесі мен мүмкіндіктерін біріктіріп, ұжымға басшылық етуде. Сөзсіз, оның басшылығымен Академия көшбасшы болды және әрі қарай жұмыс оның басшылығымен жалғасын табуы керек. Бүгінгі пікірлестердің кездесуі – оның үлкен еңбегі», – деп атап өтті Игорь Самченко.

Азаматтық авиация академиясы

Бүгінгі таңда авиация саласы сенімді түрде дамып, өсіп келеді. Пандемияға дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда жолаушылар ағыны 50%-дан астамға артқан, ал көптеген елдерде авиация секторын қалпына келтіру әлі де жалғасуда – бұл фактіге қатысушылардың назарын ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева аударды. Ол Азаматтық авиация академиясы жаңа білім беру бағдарламаларын дамытып, заманауи дайындық стандарттарын енгізе отырып, дұрыс бағытта келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, орасан зор аумаққа иелік етіп отырған Қазақстан азаматтық авиацияны стратегиялық маңызды сала ретінде қарастырады және осы сектордағы білікті мамандарға деген сұраныс тек арта түседі. Осыған байланысты Академия елдің ішкі қажеттіліктерін ғана емес, Орталық Азия мен ТМД нарықтарын да қамтамасыз ете алатын авиация кадрларын даярлаудың негізгі орталығына айналуға тиіс.   

«Біз әлем бойынша жер аумағы жағынан тоғызыншы орында тұрмыз. Ал ішкі және халықаралық тасымалдау тұрғысынан алғанда азаматтық авиация – елдегі ең маңызды салалардың бірі. Қазірдің өзінде кадр тапшылығы бар, ол тек өсе береді. Авиация саласы үшін біздің Академияның кадрлар даярлайтын өңірлік орталық болғанын қалаймын», – деді Салтанат Томпиева.

Бүгінгі таңда Азаматтық авиация академиясы ICAO, IATA, AVSEC халықаралық стандарттары бойынша мамандар даярлауды қамтамасыз ететін елдегі жалғыз бейінді ЖОО. Мұнда 2002 болашақ авиация маманы білім алуда, оның 1921-і бакалавриатта, 71-і магистратурада, 10-ы докторантурада. Оқу процесі онлайн оқытуды (Coursera, МООК), тәжірибеге бағытталған модельді және халықаралық академиялық ұтқырлықты қоса алғанда, заманауи тәсілдерге негізделген. Академия Франция, Нидерланды, АҚШ, Қытай, Әзірбайжан, Түркия, Латвия, Литва, Сингапур және басқа елдердің жетекші университеттерімен және авиациялық дайындық орталықтарымен белсенді ынтымақтасады.


Азаматтық авиация академиясы

Конференция соңында Бекен Қанелұлы Сейдахметов Азаматтық авиация академиясының даму стратегиясы туралы баяндама жасады. Кадрларды даярлау жөніндегі миссияны орындауда ЖОО барынша тиімділікке ұмтылады және жоғары жауапкершілікте болады. Алдағы жылдары Академия Алматыда Академия жанындағы колледжден басқа төрт авиациялық колледж ашады. Биылдан бастап олардың біреуіне оқуға қабылдау басталады. Сондай-ақ, қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлесіп метеорологиялық қамтамасыз ету, орнитологиялық қамтамасыз ету, радиотехникалық және авиациялық электр байланысы, авиациялық медицина, АА-дағы ақпараттық қауіпсіздік және басқалар сияқты жаңа бағыттардағы кадрларды даярлау жүзеге асырылатын болады.


Азаматтық авиация академиясы

Жоғары оқу орнына конкурс жоғары – бір орынға шамамен 10 адам. ҰБТ-дан кемінде 85 ұпай жинап оқуға түсуге болады. Сонымен қатар биылдан бастап ұшқыш болуды жоспарлап отырған талапкерлерді екі жаңалық күтіп тұр – енді ҰБТ мен медициналық комиссиядан өтуден басқа IELTS 5.0 сертификаты болуы және мамандық бойынша әңгімелесуден өтуі керек.


Академияның қазіргі уақытта академиялық үлгіні өзгерту бойынша негізгі бастамалары – EASA (Part-FCL және Part-66) стандарттарын енгізу, ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларын іске қосу, Ұшқышсыз ұшу жүйелері орталығын дамыту, дуальді оқытуды кеңейту және оқу процесін цифрландыру.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page