Қыркүйек айында Алматыда De Montfort Қазақстан Британ университетінің филиалы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев аталмыш жобаның құнын атады.
«Қыркүйек айында De Montfort Қазақстан Британ университетінің филиалы ашылады. 5 жылда инвестиция көлемі 50 млн АҚШ долларын құрайды. «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында 2 мың студентке арналған Nazarbayev University базасында «Жасанды интеллект мектебі» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында зерттеулер жүргізуге арналған зертхана» жобаларын іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деді қала әкімі.
Шаһар басшысы аустриялық VAMED компаниясымен бірлесіп салу жоспарланып отырған көпбейінді аурухананың болжамды құнын да атады.
«Кореялық әріптестерді тарта отырып, 300 орындық халықаралық клиника салу жоспарда бар. Құны шамамен 38,7 млрд теңге болатын жоба 250 адамды жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ, аустриялық VAMED компаниясымен бірлесіп 90 млн долларға 200 орындық көпбейінді аурухана салу мәселесі пысықталуда», - деді әкім.
Автор: Есімжан Нақтыбай
コメント