top of page
Search

Анар Тұрмұхамбетова Қарағанды медицина университетінің ректоры лауазымына тағайындалды

ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Анар Тұрмұхамбетова «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ («ҚМУ» КеАҚ) басқарма төрағасы – ректоры қызметіне тағайындалды.

Тұрмұхамбетова Анар Ақылбекқызы 1992 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің «емдеу ісі» факультетін үздік бітірген.

1994 жылы ҚММУ госпитальдағы терапия кафедрасынан клиникалық ординатураны бітірген соң, ішкі аурулар кафедрасында ассистент ретінде ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастырды.

1999 жылы «14.00.99 – сәулелі диагностика, сәулелі терапия» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады.

2000 жылдан бері Қазақ мемлекеттік медицина академиясының дәрігерлердің біліктілігін арттыру факультетінде сәулелі диагностика кафедрасының меңгерушісі болды.

2007 жылдан бері Астана қаласындағы Республикалық диагностикалық орталықтың сәулелі диагностика және ядролық медицина бөлімін басқарды.

Одан кейін 2010 жылдан 2012 жылдың қыркүйегіне дейін Травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми хатшысы ретінде жұмыс істеді. 2012 жылдың қыркүйегінен Қарағанды медицина университетінің ғылыи жұмыс жөніндегі проректоры, 2016-2019 жылдары осы университеттің стратегиялық даму, ғылым және халықаралық серіктестік жөніндегі проректоры, 2019 жылдан «ҚМУ» КеАҚ стратегиялық даму және ғылым жөніндегі проректоры ретінде қызметін атқарды.

2007 жылы Колумбия университетінде (АҚШ) ғылыми зерттеуді басқару мамандығын игерді. Осы уақыттан бері денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеудің халықаралық стандарттарын енгізумен айналысып келеді.

Республикалық денсаулық сақтау орталығында, «Астана» медициналық университетінде клиникалық эпидемология және биостатистика бойынша дәріс оқиды. Ғылыми-техникалық бағдарламаларды, жобаларға ғылыми сараптама жасауға қатысқан. Еуропалық радиологтар мектебінде оқыған (Австрия, Грац қ.). 2010 жылы «14.00.19-сәулелі диагностика, сәулелі терапия» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғаған.

А. А. Тұрмахамбетова бірнеше жылдан бері остеопороз, клиникалық тәжірибеде сәулелі диагностиканы пайдаланудың қолданбалы аспектілері жөнінде зерттеу жүргізеді. «Медицина және экология» журналының бас редакторы, 1 монография, 1 оқу құралы, 50-ден аса жарияланым, 2 патент авторы. Еуропалық радиологтар одағының, Қазақстанның рентгенрадиологтар қауымдастығының мүшесі.

Қазақстан Республикасында медицина мен медицина ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.


ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі


Comments


bottom of page