Астанада жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларын марапаттау рәсімі өтті. Байқау жеңімпаздарына 6 млн теңге сыйақы берілді. Марапаттарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігі сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2022» байқауына еліміздің 71 оқу орнынан барлығы 775 үміткер қатысты. Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен сайыста электронды оқу ресурстарын, оқу материалдарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы және т.б. сияқты көрсеткіштер бағаланды. Сондай-ақ, үміткердің оқыту сапасы, оның бакалавриатта, магистратурада және докторантурада кадрлар даярлау қызметіндегі еңбегі бағаланды.
Іс-шараға қонақ ретінде қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп те оқытушыларды құттықтады.
«Мықты тұлғаларды, жас академик-ғалымдарды өсіріп шығару – сіздерге жүктелген міндет. Осы салада табыс тілеймін, денсаулықтарыңыз мықты болсын. Бұл марапат сіздердің ізденістеріңізге, мүмкіндіктеріңізге себеп болады деп ойлаймыз. Осындай іс-шараны ұйымдастырып отырған Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келіп отырған ұстаздар қауымына алғыс айтамын», - деді сенатор.
Байқауда еліміздегі 43 жоғары оқу орнының 150 оқытушысы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК (6 млн 126 мың теңге) сыйақы алды. Оқытушыларға қаржылай ынталандырумен қатар төсбелгі де табысталды.
«Біз үшін оқытушыларды ынталандыру және мамандықтың беделін арттыру маңызды. Бүгін біз залда еліміздің жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларын жинадық. Министрлік атынан Сіздерге таңдаған істеріңізге адалдықтарыңыз және жоғары кәсіби біліктіліктеріңіз үшін алғыс айтамын. Алдымызда тұрған негізгі басымдықтардың бірі – зерттеу экожүйесін қалыптастыру және ғылыми әлеуетті арттыру. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарын цифрлық жоғары оқу орындарына трансформациялау қажеттігін атап өту қажет. Құрметті әріптестер, мұның бәрі сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ғана мүмкін болмақ!», – деді салтанатты жиындағы сөзінде министр Саясат Нұрбек.
留言