Астанада «Қазақстандағы биомедициналық және генетикалық зерттеулердің даму перспективалары» атты ғылыми конференция өтті. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Шараны Назарбаев Университетінің Медицина мектебі мен ҚР ҒЖБМ Генетика және физиология институты ұйымдастырды. Конференцияның қатысушылары қазіргі тенденциялар мен олардың даму перспективаларын талқылады. Осы саланың сарапшылары ой-пікір бөлісіп, тәжірибе алмасты.
NU профессорлары мен қатысушылар арасында биомедицинадағы генетикалық зерттеулер, қоғамдық денсаулық сақтау, вакциналар мен препараттарды жасау, клиникалық сынақтар және прецизиондық медицина, инновация және коммерцияландыру сынды ауқымды тақырыптар бойынша пікірталас-секциялық сессиялар өтті.
«Жан-жақтан жиналған зерттеушілер алдағы уақытта да осылай тәжірибе алмасып, ортақ зерттеу жобаларды жүзеге асырады деген сенімдемін. Осымен еліміздің ғылым және жоғары білім салаларының дамуына үлес қосады», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Қатысушылар Медицина мектебінің ғылыми-зерттеу және білім беру инфрақұрылымымен танысты. Олар 3D цифрлық анатомия, биомедициналық зерттеулердің ғылыми зертханаларында болып, Симуляциялық орталықтың жұмысымен танысты.
Бұл орталықта профессорлар мен арнайы дайындалған нұсқаушылардың жетекшілігімен студенттер, дәрігерлер, медбикелер және басқа да мамандар манекендерде, тренажерларда және жоғары технологиялық жабдықтарда клиникалық дағдыларын үйреніп жетілдіреді.
Фото: nu.edu.kz
Comments