top of page
Search

Асхат Аймағамбетов "Жайлы мектеп" жобасының жоспарын ұсынды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жоспарын ұсынды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Жоба көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған.

«Жобаны тиімді іске асыру үшін жан-жақты талдау жасалды. Тек соңғы 10 жылдың ішінде оқушы саны 1 млн-ға өсіп, бүгінгі таңда 3,7 млн-ға жетіп қалды. Бұл тарихта болмаған рекордтық көрсеткіш», — деді министр.

Осыған байланысты мектептерге үлкен жүктеме түсіп отыр. Проблемаға әсер етіп отырған бес фактор бар. Олар урбанизация, миграция, туу көрсеткіші, мектеп ғимараттарының тозуы және мегаполистерде тұрғын үйлердің тығыз салынуы. Бұл факторлар жобада толығымен ескерілді.


Осы мәселелерді шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға мектеп салуға 2,6 трлн теңге қарастырылды. Ұлттық жоба аясында 60 мыңға жуық уақытша және 40 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ.


А. Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, жобада мектептерді іске қосудың 3 нақты тетігі ұсынылған:

1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектептер салу;

2) мектеп ғимаратын жайлы мектеп талаптарына сәйкес келген жағдайда тауар ретінде сатып алу;

3) бірыңғай оператор арқылы мектептердің нысаналы құрылысы.

Оның айтуынша, жобаны әзірлеу барысында осыған дейін мектептерді салу кезінде болған проблемалар ескерілді. Олар салынған мектептерде пән кабинеттерінің және қажетті оқу жабдықтарының жеткілікті болмауы, конкурстық рәсімдердің ұзақтығы, құрылыс мерзімінің созылуы, мектеп жобаларының бірыңғай стандартының болмауы және т.б.

«Жоғарыда атап өткен бірыңғай операторды тарту да осы мәселелерді шешуге бағытталған. Яғни бұл механизм бірыңғай стандартқа сәйкес құрылыс жүргізу, сатып алу процесін және жылдамдығын арттыруға, сапаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі салынатын мектептердің ерекшелігі ауылда да, қалада да – барлық жерде бірдей жоғары стандарт бойынша салынады», — деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, жайлы мектептердің келесідей ерекшеліктері бар:

  1. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады.

  2. Балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады.

  3. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар қарастырылған.

  4. Мектеп ең заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Әр кабинетке touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі.

  5. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қолайлы жағдай жасалады.

  6. Спортзал мәселесі. Мысалы, қазіргі күні 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал ғана қарастырылған. Онда таңертеңгі 8.00-ден кешке дейін бір уақытта 4-5 сынып үшін дене шынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал қарастырылған.

  7. Жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады. Мұғалімдердің кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге арналған немесе жиын өткізу залдары, әр қабинетте интернетке қосылған жеке компьютерлер болады.

  8. Жайлы мектептер community орталығының рөлін атқарады. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерге қатысты. Оған қоса, мектептер балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады.

Әрі қарай оқу-ағарту министрі жаңа мектептерде оқу процесін тиімді ұйымдастыруға жасалатын жағдайлар туралы айтып өтті.

«Олар қазіргі заман және заманауи білім талаптарына сай эргономикалық шешімдер арқылы жасақталған. Мектептің сәулет жоспары жайлы, жағымды, әр оқушыға және мұғалімге лайықталып әзірленеді», — деді министр.

Оның айтуныша, жайлы мектептердің тағы бір ерекшелігі – мектептің тек ішкі ғана емес, сыртқы инфраструктурасы да қарастырылады.

«Шынын айту керек, бұл мәселе қазіргі кезде назардан сырт қалып жатады. Мектептің маңайында балалар балшық басып жүруге мәжбүр. Жайлы мектептерде бұл мәселе де қарастырылған», — деді А. Аймағамбетов.

Тағы бір ерекшелік – құрылыс кезінде ашықтық қамтамасыз етіледі. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы құрылыстың барысымен және IP-камера арқылы онлайн режимде бақылап, мектептің тиісті құжаттарымен таныса алады.

Сонымен қатар салынатын мектептерді педагогтермен қамтамасыз ету – басты мәселелердің бірі. Министр осы бағытта тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.


Оқу-ағарту министрі берген мәліметке сәйкес, соңғы 5 жылда педагогикалық мамандықтар бойынша 200 мыңнан астам маман даярланды, оның 31 мыңы гранттар бойынша оқыған. Бірақ бұл түлектердің тек 55 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. Шынайы қажеттілік сондай болды.


2026 жылға дейін тағы 100 мыңға жуық педагогикалық маман оқу бітіреді. Жаңадан салынатын мектептерге 40 мыңға жуық педагог қажет. Оның бір бөлігі қазіргі үш ауысыммен оқытатын мектепте істеп жүрген педагогтар болады. Олар жаңадан ашылған мектептерге ауысады.

«Яғни қосымша грант бөліп, артық кадр дайындау қажет емес. Сондықтан біз үшін бастысы – мұғалім саны емес, сапасы мен біліктілігін арттыру», — деді министр.

Бұл бағытта ведомство Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге педагогикалық бағдарламалрды аккредиттеудің стандарттарын және кадрларды даярлау бойынша кешенді жұмыс атқарып жатыр.


Сонымен қатар мектеп құрылысы басталысымен мектеп директорын тағайындауды қарастырылып отыр. Ол құрылыс барысын бақылап, бас-көз болып, алдын ала педагогтарды жинақтап, менеджмент және көшбасшылық бойынша арнайы курстардан өтеді.


Министрдің айтуынша, осы шаралардың барлығы жаңа мектептерді жақсы педагогтермен қамтамасыз етуге және білім сапасын арттыруды қамтамасыз ететін тәсілдерді пайдалануға мүмкіндік береді.

«Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 842 мыңнан астам жаңа, сапалы, жайлы оқушы орны ашылып, тапшылық жойылады, білім теңсіздігі қысқартылып, сапаны арттыруға мүмкіндік береді. Әкімдіктермен және мүдделі тараптармен бірге бұл жобаны тиімді іске асырамыз», — деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.



Comments


bottom of page