top of page
Search

Ақтөбе облысының білім беру саласында не өзгереді

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің білім беру саласындағы өзекті мәселелерді нақты шешуді көздейтін бірлескен құжатқа қол қойды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Жол картасы өңірдің білім беру саласын дамытудың барлық мәселесін қамтиды. Оны сәтті іске асыру облыс балалары мен жасөспірімдерінің зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуда барлық жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бірлескен құжат облыс жастарын тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтуға, колледждерде педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырысты көбейтуге, кадрларды кәсіпорындардың өтінімдері бойынша мақсатты түрде даярлауға, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған.

Ақтөбе облысы әкімдігінің жоспары бойынша балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс 18 300 орынға артады. Биыл мектепке дейінгі 26 ұйымға күрделі және 285 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту саласының 2500-ге жуық педагогі біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептерді жою, оқушылар орындары тапшылығы мәселесін шешу үшін облыста 35 мектеп, оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 17 500 оқушыға арналған 20 мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ 55 білім беру нысанына кешенді жаңарту жасалады. Өңірдің шағын жинақты мектептерінде «BILIM ALL» жобасы белсенді іске асырылып жатыр.

«Bilim ALL» ауылды дамытуды көздейтін жобалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтаудан кейінгі алғашқы жарлығын ауылды дамыту мәселелеріне арнаған болатын. Бұл барлық мемлекеттік органдар үшін ауылдың өркендеуін қамтамасыз ету жөніндегі тікелей тапсырма. Жоба аясында облыс орталығының үздік мұғалімдері шағын жинақты мектептердің 10 мыңнан астам оқушысын онлайн оқытып жатыр. Жоба басталған кезде ауыл және қала мектептеріндегі білім деңгейі арасындағы айырма 15% болған, екі айда 3,5% азайып, қазір 11,5%-ға жетті»,деді Ералы Тоғжанов.

Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Мектептерге 5500-ден аса және балабақшаларға 1500-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылады. Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарын лицензияланған күзет қызметі, дабыл түймесі және турникеттермен 100% жабдықтау жоспарланып отыр. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, мұндай кешенді әдіс Ақтөбе облысының білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын уақтылы және сапалы орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі әр өңірдегі білім берудің өзекті мәселелерін нақты шешуді көздейтін Жол картасын әзірлеу және қабылдау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жыл сайын 6 мыңға жуық мұғалім біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Жалпы білім беретін мектептердің басшылық құрамының 60-тан аса өкілі менеджмент бағыты бойынша білім алады. Бұл педагогтер қоғамдастығының кәсіби деңгейін арттыруға септігін тигізеді»,– деді ҚР Оқу-ағарту министрі.

Министрлік мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын бағалау критерийлерін енгізу жұмысын жалғастырып жатыр. Жыл сайын мектептердің 20%-ы білім алушылардың жетістіктеріне мониторинг жүргізуге және 90 білім беру ұйымы мектептерге арналған PISA зерттеуіне қатысады.

Негізгі басымдықтардың бірі – инклюзивті білім беруді дамыту. Ақтөбе облысында ПМПК, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері желісі кеңейтіледі, 14 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, арнайы психологиялық-педагогикалық көмек алу үшін мемлекеттік тапсырыс 1750 орынға артады. Өңірдің барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту жоспарланып отыр. Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуды көздейтін екі ірі нысан ашылады.

1500-ден астам ТжКБ педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің пилоттық жобасы аясында 10-11 сынып оқушыларына арналған жұмысшы мамандықтары бойынша білім беру бағдарламалары енгізіледі. Сонымен қатар өңірде 184 орындық студенттер жатақханасын салу, төрт колледжде күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.




Comments


bottom of page