Бтәрбиесіндегі кітап оқудың рөлі
- Редакция "СО"
- 46 minutes ago
- 9 min read

Қаламыздың бір гимназиясында мен мектеп оқушыларына фанфиктер деп аталатын шығармалар жазу бойынша шеберлік сабағын өткіздім, онда белгілі кітаптардың сарыны бойынша бізге таныс оқиғалар қайта жаңғырады. Бұл жолы біз «Қызыл телпек» ертегісімен жаттықтық. Балалар ертегідегі оқиғаның алдында болған жағдайларды баяндап, приквелдер және оқиғаның жалғасының өз нұсқаларын, яғни сиквелдер жазды. Қатысушыларға ертегінің бір кейіпкерін алып, приквел жазу тапсырылды. Балалар бәрі де қасқырды таңдады. Олардың ойлап тапқан сюжеті бойынша Қасқыр тамақтануға сәтсіз әрекет жасады және бұл оған зардап тигізді (бұл тұсы міндетті түрде күлкілі болды), содан кейін ол Қызыл телпекті кездестірді – балалар оның әрекетін осылай ақтап алды. Бірақ сиквелде балалар бәрібір оның «сазайын тартқызды». Мектеп кітапханашылары болмағанда, мен бұған назар аудармас та едім. Кездесу ақталған соң олар бір апта бұрын осында қазақстандық жазушымен кездесу өткенін, оның повесінде бір топ жасөспірімнің үйлерінен қашып, жүк пойызында үлкен теміржол сапарына аттанғанын айтты. Олардың бірі туралы жай ғана бұзақы емес, «жексұрын» деп сенімді түрде айтуға болады. Ақыр соңында ол осы оқиғаның басты антагонистіне айналады. Балалар бүкіл кездесу бойы сол жайында айтумен болды. Содан кітапханашылар маған мынадай сұрақ қойды: «Неліктен қазіргі балалар жағымсыз кейіпкерлерге әуес?» Мен мұндай түсініктеме таптым: олардың сондай болуға мүмкіндігі жоқ. Ал қол жетпес жеміс тәтті келеді.
Қазіргі балалар қатаң бақылауда өмір сүріп, ержетіп жатқанын түсінуіміз керек. Біздің ұрпақтың балалық шағы ересектерсіз өтті, біз өзімізбен өзіміз болдық, ал соңғы онжылдықтарда балаларда мұндай мүмкіндік мүлдем жоқ. Сондықтан олар осылайша өздерін жағымсыз кейіпкердің орнына қойып көреді. Екіншіден, бұл балалардың пікірінше, зұлымдық өздігінен пайда бола алмайды, оның себебі болуы керек.
Бұл кішкентай мысалдың өзі кітап оқудың баланың болмысының қалыптасуына әсер ететінін көрсетеді. Фильмдер көрудің мұндай нәтиже бермейтінін бірден атап айтқым келеді. Олар болып жатқан оқиғаны ой елегінен өткізбей, тек әрекетке еліктеушілікке әкеледі. Мысалы, балалық шағымыздың фильмі «Неуловимые мстители» жайлы айтар болсақ, ақыр соңында біздің кеңестік кинотеатр зардап шекті.
Мен бала тәрбиесіндегі кітап пен оны оқудың рөлін баланың есею процесіндегі өзектілігі тұрғысынан қарастырғым келеді.
Әр баланың дамуында сәби кезінен бастап, жастық шағына дейін оны қалыптастыратын, өмірді және өзін біртіндеп тануға көмектесетін жетекші іс-әрекеттің өзіндік түрі бар. Бұл әрекет жеке тұлға ретінде дамудың әр сатысында оның негізгі жаңа психологиялық қасиеттерінің қалыптасуын айқындайды. Бұл процесс барысында баланың әлеуметтік ортамен жаңа қарым-қатынасы, жаңа білім түрлері және оларды алу тәсілдері пайда болады, бұл тұлғаның танымдық өрісін және психологиялық құрылымын өзгертеді.
Ал балалар кітапшасы – бала үшін жай ғана ойын-сауық түрі емес, ол әлем жайлы ақпарат көзі. Бұл адамзат тәжірибесін, оның интеллектуалды, эмоционалды, адамгершілік мәдениетінің қалыптасуын түсінудің ең жақсы құралы.

Адам өмірінің алғашқы кезеңі – нәрестелік кезең, ол баланың маңызды ересек адаммен тікелей эмоционалды қарым-қатынасымен шартталады. Нәрестенің басқа адамдармен қарым-қатынас жасау қажеттілігі қалыптасып, мануалды және заттық әрекеттердің негізі ретінде ұстау рефлексі пайда болады. Бұл жаста кітапқа орын бар ма? Тікелей – жоқ. Жанама – бар. Ең қарапайым мысал – тамақтандыру кезеңінде ана кез-келген кітапты дауыстап оқи алады. Осылайша, өмірдің алғашқы кезеңінен бастап бала бос уақытты өткізудің құрамдас бөлігінің бірі ретінде кітап оқу идеясын қалыптастырады. Осында сөздік қор сияқты ұғымды қоссақ болады. Күнделікті өмірде біз шектеулі сөздер жиынтығын қолданамыз, ал көркем шығарма бейнелі сөз тіркестеріне толы. Біздің миымыз бәрін есте сақтайды. Мүмкін, осы уақытта жас ана қандай да бір химия немесе физика бойынша емтиханға дайындалып жатқан шығар, ал кішкентай адамның басында осы тақырыптағы ұғымдар әлден-ақ бекітіліп, болашақта данышпан пайда бола ма?
Одан кейін ерте балалық шақ (1 жастан 3 жасқа дейін) келеді. Бұл кезең заттық-манипулятивті белсенділікпен сипатталады. Бала адами қарым-қатынас формасын ғана емес, сонымен қатар, ең алдымен, айналасындағы барлық заттарды тұтынудың әлеуметтік дамыған тәсілдерін де меңгереді. Әлеммен кеңірек байланыс жасау қажеттілігі туындайды. Қазір ата-аналар бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін көбіне не істейді? Мультфильмдерді қосып береді. Бес минутқа немесе он минутқа болса, жақсы, әрине. Ал егер одан көп болса, ата-аналар бұлай балаларына қарсы қылмыс жасайды дер едім. Әлемді қолмен сезіну керек, тістеп көру керек, аяқпен басып көру керек, басқалардың мұны қалай жасайтынына қарамай. Бұл жасқа арналған кітаптар мықты және тіпті су өткізбейтін болуы қажет, үлкен, айқын суреттері болуы керек. Олар баланы қол созым жердегі және оған қолжетімсіз әлеммен таныстырады, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету мен тұлғааралық қарым-қатынастың алғашқы ережелерін үйретеді.
Бұл жаста қысқа өлеңдер, қайталануы бар ертегілер, балаларға арналған ойын түріндегі өлеңдер, дауысқа еліктеу өзекті келеді. Яғни, бала ойын барысында қуана қайталайтын және қолдана алатын барлық нәрсе маңызды.

Бұл қатарға «Қолды жуу керек, қолды күн сайын жуу керек» деген секілді туындылар жатады. Мен бір кездері «Су, су, менің бетімді жу» деген әзіл өлеңді оқитынмын. Бұл арқылы біз баланың күнделікті міндеттері мен сыпайы қарым-қатынас түрлеріне оң көзқарасын қалыптастырамыз.
Қазіргі таңда эмоционалды интеллект ұғымы кеңінен тараған. Адамзат кез-келген маңызды оқиғалар аясындағы өзінің сезімдері мен эмоцияларын тануды үйренуде. Кеңестік кинематографтың бір сюжеті есімде, тәрбиеші балаларға «Кішкентай ханзаданы» оқып беріп отыр, ал бүкіл топ жылауда. Сонда тәрбиешінің ұятын бетіне басуға тырысқан еді. Ал ол былай деп жауап берді: «Біздің жанымызға өз тіземіздің ауырғаны ғана емес, өзгенің тізесі ауырғаны да батуы керек». Демек, жазушылар солардың мысалында бала қайғыда да, қуанышта да жанашырлық танытуды үйренетіндей кітаптар жазуы керек, ал ата-аналар сондай кітаптарды табу керек. Мұндай кітаптар бала шақтан бастап оқылуы қажет.
Баланың дамуындағы саналы қадамдар басталатын алғашқы жас – бұл мектепке дейінгі жас (3-6 жас). Бұл жастағы негізгі әрекет – ол ойын. Сюжеттік-рөлдік ойында бала айналасындағы адамдардың әртүрлі кәсіптерге ие екенін, күрделі қарым-қатынастарға түсетінін және өзі осы қатынастардың нормаларына бейімделе отырып, өзінің ғана емес, сонымен қатар өзгенің де көзқарасын ескеруі қажет екенін анықтайды. Біріншіден, ойын бала өмірінің жалпы, функционалды көріністерінде, олардың әлеуметтік функциялары мен қарым-қатынастарында бағдарланатын әрекет ретінде көрініс табады. Екіншіден, ойын әрекетіне сүйене отырып, бала қиял мен символдық функцияның пайда болуы мен дамуы кезеңінен өтеді. Бала алдымен белгілі бір рөлдерді сынап көреді, өзінің мінез-құлқын ойын ережелеріне бейімдейді, әдеттегі мінез-құлық үлгілеріне еліктей бастайды. Мұнда бізге ертегі көмектеседі.
Ертегілердің арқасында ата-аналар үшін балаларға біздің әлемнің барлық алуан түрлілігін көрсету, табиғат құбылыстарымен, адамдардың іс-әрекеттерімен таныстыру, жақсылық пен жамандық туралы алғашқы түсініктерді жеткізу оңайырақ бола түседі,
бір кездері ақын айтқандай: «Кішкентай ұлы келіп, сұрақ қойды әкесіне: – Жақсылық не, жамандық не?»
Осы жастағы балалар үшін әртүрлі өмірлік жағдайларды әсерлі етіп сипаттайтын оқиғаларды таңдаған жөн. «Қасқыр мен лақтар», «Қорқыныштың көздері үлкен», «Қораз және бұршақ тұқымы», «Тапқыр қоян», «Түлкі мен ешкі» секілді адам ғана емес, жануарлар да қаһарман бола алатын қысқа хикаялар балаларға қандай шешім қабылдау керегін және оның себебін түсіндіреді. Мұндай халық ертегілері өте көп, тек белгілі бір әрекеттер мен қасиеттердің салдарын айқын көрсететін ертегілерді таңдау қажет. Сондай-ақ, балалар Л. Толстой, С. Бегалин, сонымен қатар Ы. Алтынсарин, К. Ушинский, М. Төрежанов секілді ағартушылар әрі педагогтар жазған қарапайым әңгімелерді жақсы қабылдайды.
Бұл жаста балаларда сиқырлы ойлау қабілеті барын ескере отырып, қорқыныштың табиғатын көрсететін ертегілер мен хикаяларды іздеп тапқан абзал. Қорқыныш біздің психикамыздың қорғаныс функциясы екенін есте ұстаған жөн. Оның арқасында адамдар түр ретінде аман қалып келеді. Біз көлік дөңгелектерінің астына түспейміз, қолтырауындардың аузына қолымызды салмаймыз, ал ата-бабаларымыз үңгірдің сыртындағы түнекке шықпаған және шуылдаған нәрсенің бәрінен қашқан. Балаларға қорқудың қалыпты екенін түсіндіру маңызды, дегенмен негізі бар қорқыныш пен қараңғы бөлме, ұшып жүрген шыбын немесе найзағай сияқты негізсіз қорқыныштың арасындағы айырмашылықты ұғындыру керек. Бұл да жазушыларға арналған ұсыныс – біздің балаларымызға осы тақырып бойынша сапалы әңгімелер қажет. Қазір негізінен психологтардың түзету мәтіндері ғана кездеседі, олардың өзі әрдайым сауатты әдеби тілде жазыла бермейді.
Менің назар аударғым келетін тағы бір аспект бар. Өткен шақтың балалар әдебиеті «морализмге» толы, онда автор өзінің немесе ересек адамның сөзі арқылы кейіпкерлердің бірінің лайықсыз әрекетіне нұсқайды. Кейбір жағдайларда бұл қажет. Бірақ оған қоса
кейіпкердің өзі немесе оның жақыны өзіне «Мен бұлай істесем не болады? Егер мен бұған сенсем не болады?» деген сұрақтар қоятын, баланың сыни ойлауының негізін қалайтын хикаялар қажет. Бұл өз бетінше өмір сүру кезеңінің қарсаңында қалыптасуы тиіс салауатты прагматизмнің бастауы болатын еді.

Осы тұста Ганс Христиан Андерсеннің, Шарль Перро, ағайынды Гримм және сол кездегі басқа да авторлардың ертегілері жайында айтып өткім келеді. Мен оларды осы жас санатында да, келесісінде де беріліп оқымауды ұсынар едім. Себебі, юіздің эмоцияларымызға әсер ететін «Күлбике» немесе «Су перісі» сияқты сезімтал хикаялар санада ұзақ уақыт сақталады және өмірдің бейнесін қалыптастырады. Әрине, христиандық адамгершілік қасиеттер ешқайда жоғалмады, дегенмен заманауи әлем адам өз тағдырын қалыптастыруға өзі жауапты болатын белсенді өмірлік ұстанымды ұсынады. Бірақ менің жұмысым әртүрлі авторлардың шығармаларын оқумен байланысты болғандықтан, мен басты кейіпкердің жалтақ болып, оның жанында әрдайым біреудің ұшып-қонып, оның өмірін қамтамасыз етіп жүретін көп хикаяларды кездестіремін. Содан кейін ол жоғалып кетеді, бәрінің күл-талқаны шығады, сосын ол қайтып келеді – және тағы да бақыт оралады. Немесе біреудің қатты қиналғаны, бірақ оның бәріне мейірім шашып, төзімді болғаны және соңында шексіз бақыт түріндегі лайықты марапатқа кенелгені сынды хикаялар. Мұндай хикаялар түрлі жарыстарда да танылып жатады. Авторлар олардың зиянды тұлғааралық қатынастарды қалыптастыратыны жайында ойланбайды.
Мектепке дейінгі жастан кейін бастауыш мектеп жасы (6-11 жас) келеді. Бұл жастағы негізгі белсенділік – оқу. Уәжді оқу үдерісінде тәртіп, жауапкершілік, орындаушылық дамиды. Бастауыш сынып оқушыларында бұл әрекет ойлаудың теориялық формаларын игерумен байланысты. Оның процесінде балалар нақты оқу қабілетін және теориялық біліммен жұмыс істеу қабілетін игереді. Бұл қызмет білімнің белгілі бір салаларында бастапқы ғылыми ұғымдарды игерумен сипатталады, балаларда шындықты айқындаудың теориялық формаларында бағдарлау негіздері қалыптасады.
Бұл жасқа дейін әдеби шығармалар «жаман-жақсы» ұғымдарға сүйенді. Бірақ бастауыш мектепте бала іс-әрекетті адамнан ажырата білуі керек. Жақсы ұлдар мен қыздар білместіктен, тәжірибесіздіктен, біреудің мәжбүрлеуімен біле тұра лайықсыз әрекет жасаған хикаялар қажет. Аға буын үшін А. Гайдардың Чук пен Гек туралы хикаясы жарқын мысал бола алады, ал балалар Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін беріле оқиды. Біз балаларға әлемнің ақ-қара түсті емес екенін және адамдардың қателесуге, жаңа мүмкіндік алуға немесе қатесін түзеуге құқығы барын дұрыстап түсіндіруіміз қажет. Бұл жастағы балалар үшін энциклопедиялар мен түрлі оқулықтардан басқа тағы не оқып, не туралы жазу керек? Шытырман оқиғалар, әлемнің қалай жұмыс істейтіні жайында, достық және армандар туралы. Осы жастан бастап балада жақын болашақтың бейнесі қалыптасады. Оның қолында құрдастарының өз қалауларын қалай жүзеге асырғанын баяндайтын, нақты жазылған коммуникативті қадамдары бар, достары да, ересектері де бар кітаптар болуы керек. Бірақ тек қазіргі заманғы әдебиетке тоқталмау қажет, балаларға әртүрлі уақыттағы кітаптар ұсынылуы керек. Алтыншы сыныпта М. Мағауиннің «Бір атаның балалары», С. Мұратбековтың «Жусан иісі», В. Короленконың «Дети подземелья» және басқа да осыған ұқсас кітаптарды оқуға болады.
Бұл жаста балада әлем әрқашан мұндай болмағаны жайлы түсінік қалыптасқан болуы тиіс. Осылайша бүгінгі болмыстың құндылығының негізі қаланады. Менің ойымша, өткенге шолу жасағаннан кейін ғана келесі жас санатындағы балаларды қызықтыра бастайтын фантастикалық және қиял-ғажайып сюжеттері бар кітаптарды ұсынуға болады.
Қабылдауы өзгергеніне қарамастан, ертегілердің әр жастағы адамдар үшін тартымды болып қала беретінін айта кеткен жөн.
Жасөспірімдік кезеңдегі (12-15 жас) негізгі компонент – бұл әлеуметтік пайдалы қызмет және құрдастармен еңбек, оқу, спорттық, көркемдік қызметтегі тұлғалық қарым-қатынас. Жасөспірімдерді өз-өзіне деген көзқарас, өзін-өзі бағалау, даму және тұлғалық өсу, «өзінің» және «өзгелердің» жеке басының құндылығын түсіну мәселелері алаңдатады, олардың отбасындағы, сондай-ақ күнделікті өмірдегі құрдастарының арасындағы нақты орны да өзгереді. Сонымен қатар, бұл жаста да ойын маңызды орын алады. Бірақ жасөспірімді ойын процесінің өзі емес, бірінші болу үшін күрес, құрдастарының алдында өз беделін көтеру мүмкіндігі қызықтырады. Жасөспірімнің өміріндегі негізгі назар оқу үдерісіне қойылады, бірақ бастауыш мектеп жасымен салыстырғанда ол айтарлықтай өзгереді. Осы уақытта оқытудың жаңа формалары пайда болады, оқу материалының мазмұны өзгереді, өйткені дамыған теориялық ойлауды, білімге жаңа танымдық қатынасты қажет ететін ғылым негіздерін тікелей зерттеу басталады. Оқу мотивациясы сапалы түрде өзгереді (әлеуметтік тәртіптің мотивтері – оқушының өз міндетін орындауға деген ұмтылыс, болашақ жұмысқа жақсырақ дайындалу, ұжымда құрметті орынға қол жеткізу, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қолдау). Жасөспірім үшін оқу үдерісінің мәні – өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі жетілдіру.
Бұл кезеңде белгілі бір қызығушылықтар мен бірлескен іс-шаралар аясында достық пен алғашқы махаббат туралы кітаптар пайда болады. Бұл спорт, музыка, сурет салу, тауға шығу және т.б. болуы мүмкін, осылайша бала кітаптағы құрдастарының мысалында осындай қарым-қатынаста туындайтын сезімдер, тәжірибелер, жауапкершілік туралы біледі. Бұл жаста олар Ромео мен Джульетта, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу туралы хикаяларды біледі.
Сондай-ақ, батырлар әдебиеті, оның ішінде аңыздар, ерліктер жайлы хикаялар қажет. Мысалы, Ұлы Отан соғысының батыры Б. Момышұлының шығармалары.
Бұл жаста патриоттық сезімдер, сондай-ақ әділеттілік пен жалпыға ортақ игілік ұғымдары қалыптасады. Бала өзінің және кез-келген басқа тіршілік иесінің өмірінің құндылығын түсінуі керек.
Бұл қатарға экологиялық тақырыптардағы, жануарлар әлемі мен табиғи ресурстарды қорғау туралы әдебиеттерді жатқызуға болады. М. Өтемісовтың, С. Сейфуллиннің, Т. Жароковтың, Қ. Аманжоловтың, О. Сүлейменовтың және әрине, Абай, Жамбыл сияқты ұлылардың және басқалардың Поэтикалық шығармашылығының әсем үлгілері Отанға, олардың шығармаларында айтылған жерлерге деген табиғи сүйіспеншілік сезімін оятады, өмірге ұқыпты және мұқият қарауға тәрбиелейді.
Жастық шақ немесе жоғарғы мектеп жасы (15-17 жас). Кәсіпті таңдау үшін де, құндылық бағдарларын бекіту үшін де үлкен маңызға ие болып келетін өнімді еңбекпен белсенді үйлесетін оқу үдерісі қайтадан алдыңғы қатарға шығады. Бұл жастағы негізгі құндылық – бұл өз өмірлік жоспарларын құру, оларды жүзеге асырудың құралдарын іздеу, эстетикалық, саяси, моральдық мұраттарды дамыту. Бұл өзін-өзі танудың өсуін көрсетеді. Балаларға темперамент пен мінез туралы, сондай-ақ қандай кәсіпте немесе мамандықта қай темперамент пен мінезге артықшылық берілетіні жайында түсінік беру қажет.
Біздің көз алдымызда санасы әлі де қалыптасып жатқан ересек адамдар тұр. Ересектердің міндеті – оларға өмірлік бағдарларды, кедергілерді жеңудегі төзімділік үлгісін, белгілі бір жағдайларда және тұлғааралық қатынастарда мінез-құлықтың нақты моделін түсіндіретін шығармаларға қызығушылығын арттыру.
Бұл әртүрлі кәсіптерде жетістікке жеткен және әлі де адами қасиеттердің үлгісін көрсететін нақты адамдардың оқиғалары болуы мүмкін. Осы жаста әлемнің әртүрлі елдерінің ұлы жазушыларының романдарын еңсеруге болады. Оның ішінде отандық әдебиеттен І. Есенберлиннің «Көшпенділер» мен «Алтын орда» шығармалары және, Ә. Кекілбаевтың «Плеяды – созвездие Надежды» романы, Б. Жандарбековтың «Томирисі», Д. Досжанның «Жібек жолы», С. Мұқановтың «Мөлдір махаббат» туындылары әртүрлі уақыт көрінісін ашып, осы кітаптардың ойдан шығарылған немесе тарихи кейіпкерлері қандай жағдайда және қалай әрекет еткенін түсінуге мүмкіндік береді.
Бұл жаста балалар
«оқырманның мың түрлі өмір сүретінін, ал ешқашан оқымайтын адамның бір ғана өмірді бастан кешіретінін» (Д.Мартин)
түсіне бастайтыны маңызды.
Әйгілі ресейлік ғалым, академик Д. С. Лихачевтің сөздерімен қорытындылағым келеді: «Әдебиет орасан зор, кең көлемді және терең өмірлік тәжірибе сыйлайды. Ол адамды зиялы етеді, оның бойында сұлулық сезімін ғана емес, сонымен қатар өмір мен оның барлық күрделілігі жайлы түсінікті дамытады, өзге дәуірлер мен халықтарға нұсқаулық ретінде қызмет етеді, алдыңызда адамдардың жүрегін айқара ашады. Бір сөзбен айтқанда, сізді парасатты етеді. Бірақ бұл тек... сіз сүйсініп оқыған кезде ғана берілетін сый».
ф
Comments