«Биомедицина, инженерия және технологиялар» тақырыбында ХІІ Наурыз кездесулері басталып, шараның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрі қатысты. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Наурыз кездесулері - қазіргі ғылымның ең өзекті тақырыптарына арналған ғылыми жобалардың көктемгі байқауы. Биыл ол 15-17 наурыз аралығында өтеді. Айта кетейік, еліміздің әр өңірінен жиналған 150 жас ғалым жасанды интеллект, робототехника, машиналық ойлау және денсаулық сақтау бағыттары бойынша жүзден астам жоба ұсынады.
Оның ішінде 17 тірек ауыл мектебінің оқушылары өз жұмыстарын таныстырады. Қатысушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының дені 3D-биопринтинг, ақылды протез, биоинтерфейстер жасауға арналған. Және қазіргі заманғы медицинаның өзге де басымдықтарына бағытталған.
Өз сөзінде министр оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамытудың маңыздылығына тоқталды.
«Ғылымға деген қызығушылық мектеп қабырғасынан қалыптасатыны белгілі. Біздің оқушыларымыз да ғылыми ізденіс кезінде үлкен нәтижелерге қол жеткізуде. Үш жыл ішінде халықаралық байқауларда 166 алтын, 203 күміс және 329 қола медаль жеңіп алды. Биылғы жылдың өзінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсында 23 мыңнан астам жоба ұсынылды. Осындай таланттарды қолдау және дамыту – біз басымдық берген жұмыстардың бірі. Әсіресе, ауылдық мектептерден, оның ішінде шағын жинақталған мектептерден таланттарды қолдау жұмыстары күшейтілуде. Біз жас ғалымдар мен зерттеушілердің әрбір жетістігін мақтан тұтамыз. Сіздерге сәттілік тілеймін»,– деді Ғани Бейсембаев.
Кездесу барысында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен пленарлық және панельдік сессиялар өтеді. Олар Массимо Пиньателли, Атакан Варол, Мэй Йен Чан, Дастан Рүстемов, Айгүл Сәдуақасова және Сиамак Фазли. Ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміздің барлық өңірлерінде тірек мектептерді дамыту мәселелері де талқыланады.
Сонымен қатар Наурыз кездесулеріне қатысушылар үшін мәдени шаралар дайындалды. НЗМ ұйымдастырған ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы іс-шараның салтанатты жабылуында 2023 жылғы 17 наурызда шығарылады.
Comments