Биыл бакалавриатқа 51 500, магистратураға 13 500 грант беріледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында биылғы бакалавриат пен магистратураға қанша грант бөлінетіндігі сұралды.
«Биылғы мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Жазда бакалавриатқа берілетін грант саны - 51 500, ал магистратураға берілетін гарант саны 13 500-ге жетеді. Грантты алу конкурсына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден міндетті түрде өтіп, тапсырылған сертификатты өз еркімен тиісті базаға тіркеп, конкурсқа қатысады. Сонымен қатар, магистратура бойынша да екі жылдан бері біз оны ҰБТ сияқты тестілеу форматында өткіздік. Бұның алдында әр университет өздері билеттерін дайындап, тапсырмаларын әзірлеп, өздері тексеріп, шешім қабылдайтын. Бұнда әртүрлі тәуекелдер болды. Сондықтан біз магистратураға қабылдау рәсімін өзгерттік. Биыл магистратура электронды форматта нақты тестілеудің нәтижесінде, яғни орталықтандырылған тест нәтижесінде өткізіліп, алған балл бойынша грантты алуға мүмкіндігі болады», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҰБТ-ны электронды форматта ұйымдастыруға қатысты пікір білдірді.
«Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермеді. Тек оны өткізу процедурасы ғана өзгеріп отыр. Бұған дейін тестілеу қағаз нұсқада тапсырылып келді, яғни жауаптарды бояп отыруға уақыт кететін. Енді биылдан бастап электронды ҰБТ-ға көшеміз. Бұл тұрғыда оңтайлы басымдықтар баршылық», - деді министр.
Автор: Руслан Ғаббасов
Comments