Білім және ғылым министрлігі жазғы мектептердің жұмысына қатысты ақпарат таратты.
Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Каримованың айтуынша, биыл жазғы мектеп 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жұмыс істейді. Негізгі мақсат - пандемия салдарынан білім саласында туындаған олқылықтардың орнын толтыру және білім сапасын арттыру.
"Жазғы мектепке 1-8 және 10 сынып оқушылары қатысады. Ал 9 бен 11 сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырады. Оқу процесі мектептің бекітілген жұмыс оқу жоспарына сәйкес жүзеге асырылады", - деді Каримова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Мектеп директоры алдымен жазғы мектептің жұмыс істеуі туралы бұйрық шығарады. Одан кейін сабақтардың икемді кестесі жасалады. Жазғы мектеп тегін жұмыс істейді.
Жазғы мектеп бағдарламасына алшақтықты жою пәндері бойынша оқу сабақтарынан басқа жобалық және ғылыми-зерттеу жұмыстары, зертханалық жұмыстар, сыныптан тыс жұмыстардың кең ауқымы, дәрістер, семинарлар, шығармашылық студиялар, спорттық-шығармашылық іс-шаралар мен экскурсиялар, ашық ауада іс-шаралар кіреді.
Жазғы мектеп жұмысын ұйымдастыру кезінде мұғалімдер ағымдағы оқу жылына бекітілген жүктемесі аясында 17 маусымға дейін жұмыс істейді. Содан кейін 56 күндік демалыс беріледі.
Comments