Қазақстанда заманауи техникалық және кәсіптік білім беру соңғы жылдары елеулі оң өзгерістерге ұшырады, нәтижесінде колледждерде білім алу танымал және беделді бола бастады. Талапкерлердің таңдауы бойынша мемлекеттік тапсырыстарды колледждерге орналастыруды көздейтін «ақша студенттің соңынан ереді» нарықтық тетігі жүйенің көшбасшыларын айқын көрсетуге мүмкіндік берді. Кадрларды даярлаудың жоғары сапасын және үлкен мансаптық перспективаларға кепілдік беретін ең озық колледждердің шоғыры пайда болды.
Сондай колледждердің бірі – биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтетін «Astana Polytechnic» жоғары колледжі. Талапкерлер арасындағы байқауда бір орынға бес адамнан бақ сынайды. Талапкерлер бұл колледжге тек мамандық алып шығу үшін ғана емес, сонымен қатар еңбек нарығының үрдістерін басып озатын инновацияларды меңгеру үшін келеді. Біз «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің директоры Болат РЫСҚАЛИЕВТЕН колледж жұмысы туралы сұхбат беруін және жетістікке жету жолдарымен бөлісуді сұрадық.
– Болат Құлмұханұлы, колледж республика бойынша рейтингі жоғары заманауи оқу орны болып табылады. Ұжым мұндай нәтижелерге қалай қол жеткізді?
– «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің миссиясы – мемлекеттің, жұмыс берушілер мен білім алушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру. Ұжым мен колледждің барлық мүдделі тұлғалармен тұрақты қарым-қатынасы, еңбек нарығының қажеттіліктерін жан-жақты талдау, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеу және сыртқы байланыстың кеңеюі колледждің республика бойынша рейтингі жоғары заманауи оқу орны болуына түрткі болды. Колледждегі барлық жұмыс білім беру процесі мен өндірістің интеграциясын қамтамасыз етуге бағытталған, ал кәсіпорындармен тығыз байланыс – түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және кепілді жұмысқа орналастырудың тиімді тетіктерінің бірі.
Әлемде технологиялардың қарқынды дамуымен кадрларды даярлауға қойылатын талаптар біртіндеп өзгеруде. Колледждің стратегиясы – сапалы білім алу үшін барлық жағдайды жасау, сұранысқа ие мамандықтарды оқыту және мамандық бойынша жұмысқа орналасуды қамтамасыз ету.
Қазіргі уақытта «Astana Polytechnic»-те сапалы оқытудың негізін үш оқу ғимараты, шеберхана және студенттік асхана, жаңартылған оқу-зертханалық кешен құрайды. Колледжде заманауи білім беру кеңістігіндегі өзгерістер мен жаңалықтардан қорықпайтын кәсіби, шығармашыл оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Бұл еңбек нарығының өзгеруімен, жаппай цифрландырумен және экономиканың әртүрлі салалары үшін кадрлар даярлаудың жаңа жаһандық трендтерінің пайда болуымен байланысты. Сондықтан колледждің негізгі қағидаты – сұранысқа ие дағдылар мен кәсіби құзыреттіліктер бойынша кадрларды даярлаудың деңгейін жоғарылату.
«Astana Polytechnic» жоғары колледжі – 1994 жылы Көлік құрылысы техникумы мен Машина жасау техникумын, 1997 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Целиноград автожол техникумы мен Целиноград құрылыс техникумын біріктіру арқылы қаланың бес оқу орнынан құрылған республика мен астананың білім беру нарығындағы жетекші оқу орны, ал 2020 жылы оның құрамына тағы бір оқу орны – Астана қаласының Энергетика және байланыс колледжі кірді. «Astana Polytechnic» колледжі осы оқу орындарында ондаған жылдар бойы қалыптасқан кадрлық әлеуетті, білім беру технологияларын, өндірістік тәжірибе базаларын, экономиканың түрлі салалары үшін кәсіби кадрлар даярлау тәжірибелерін мұра ретінде қалдырып, жаңа серпінмен өз қызметін атқаруда.
Колледжіміз бірнеше рет «Республиканың үздік колледжі» атағына ие болды, «Talap» КЕАҚ ұйымдастырған Қазақстан Республикасының ТжКБ колледждерінің арасында өткен рейтингте көш бастап, Астана қаласы әкімінің гранты «Техникалық және кәсіптік білім берудің үздігі» номинациясының жүлдегері атанды.
– Бүгінгі таңда колледждер білім беру бағдарламаларының мазмұны бойынша академиялық дербестік жағдайында жұмыс істеуде. Бұл кәсіби мамандарды даярлауға қаншалықты әсер етеді?
– Иә, қазіргі уақытта ТжКБ жүйесі оқу мерзіміне байланысты регламенттелген үлгілік бағдарламалардан бас тартты. Колледждер академиялық дербестікке ие болды, жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіби стандарттар мен WorldSkills стандарттары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеп, оқу мазмұны мен мерзімдерін анықтады. Бұл бізге еңбек нарығының өзгеріп отыратын талаптарына икемді жауап бере отырып, мамандарды сапалы даярлауды жүргізуге, барлық мамандықтар бойынша даярлау процесіне жаңа және өзекті өзгерістерді енгізуге мүмкіндік береді.
Бүгінде біз білім беру бағдарламаларының мазмұнын жүйелі түрде жаңартып, оқытушылардың біліктілігін арттырып отырмыз. Колледжде әлемдік брендтер: CISCO, RedHat Academy, Festo, KNAUF, ТехноНиколь, Bosch Thermotechnik, «ALINA», «GROHE», CERTIPORT кәсіби сертификаттау орталығы және 1С сертификатталған оқу орталығы сияқты заманауи ресурстық және оқу орталықтары бар.
Құзыреттілік орталықтары жоғары технологиялық «ақылды» жабдықтармен және брендтердің соңғы топтамаларымен жабдықталған. Бұл орталықтарда барлық ниет білдірушілерге қосымша білім алуға мүмкіндік беріледі, ал бағдарлама сәтті аяқталған кезде тыңдаушылар халықаралық үлгідегі сертификаттарды алады. Ол үшін колледжде оқу процесін жетекші технологиялармен үндестіру жүргізіліп, материалдық-техникалық база нығайтылады.
Жоғарыда аталған зертханалар мен оқу орталықтары WorldSkills халықаралық стандарттарының талаптарын ескере отырып,
халықаралық сарапшылар мәртебесін алған Е. М. Касымов, С. А. Лапенко, Д. Н. Рахимжанова, С. П. Керимов сияқты педагогтердің және сарапшы-компатриоттардың басшылығымен.
WorldSkills Kazakhstan қатысушыларының 21 құзыреттілігі бойынша даярлаудың жаттығу алаңына айналды.
Біздің оқу орнымызда кредиттік-модульдік құзыреттілік тәсілі қолданылады. Кәсіби модуль бойынша оқуды аяқтағаннан кейін студенттер аралық аттестаттау ретінде WorldSkills стандарттары бойынша демонстрациялық емтихан тапсырады. Емтиханды ойдағыдай тапсырған жағдайда алынған дағдылар мен құзыреттердің дәлелі болып табылатын Skills Passport беріледі. Бұл өз кезегінде жұмыс берушілер үшін білікті мамандарды таңдау кезінде негіз болады. Мысалы, демо-емтиханды сәтті тапсырғаннан кейін «Бағдарламалық жасақтама әзірлеуші» мамандығы бойынша білім алушылар «Веб-технологиялар» құзыреті бойынша, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша «Automobile Technology» («Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету») құзыреті, «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» – «Information Network Cabling» («Ақпараттық кабельдік желілер») және т. б. құзыреті бойынша Skills Passport-тарын иемденеді.
– Талапкерлердің кәсіби келешегі туралы айтатын болсақ, олардың колледжді таңдауы бүгінгі күні мақсатты түрде ме, әлде кездейсоқ па? Студенттер қай уақытта өндіріске жұмысқа түсіп, алғашқы табысын қашан алады?
– Біздің колледждің елордадағы оқу орындарының арасында рейтингі жоғары. 2023 жылы оқуға түсуге ниет білдіргендердің саны 2 517 адамды құрады, оның ішінде 552 студент жергілікті бюджет қаражаты есебінен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде бірінші курсқа қабылданды. Бұл негізінен тоғызыншы сынып түлектері. Көп жағдайда талапкерлердің таңдауы мақсатты болып келеді, себебі оған таңдауға мамандықтардың өзектілігі, сапалы білім беру, колледждің әлеуметтік серіктестігі және жұмысқа орналасу перспективалары әсер етеді.
Сонымен қатар, бізде отбасы сабақтастығы сақталған, осында білім алған ата-аналарымыз өз балалары мен немерелерін оқуға әкеледі, яғни «Astana Polytechnic» жоғары колледжінде білім алудың отбасылық дәстүрлері қалыптасуда.
30 жыл ішінде колледж студенттердің кәсіби, өндірістік тәжірибелерден өтуін, сапалы білім алуын қамтамасыз ететін білім ордасына айналды. Оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін түрлі компаниялармен және кәсіпорындармен серіктестік байланыс орнатылған.
Студенттер бірінші курстың соңында бірінші кәсіби модульді оқу кезінде нақты өндіріске араласа бастайды. Олар өздерінің алғашқы табыстарын екінші немесе үшінші курстарда өндірістік және кәсіптік тәжірибеден өтіп жүрген кезде ала алады.
Мысалы, «Мехатроника» мамандығының студенттеріне «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС-де кәсіби тәжірибеден өткенде бөлшектер мен бұйымдарды механикалық өңдеу, құйылған бөлшектер мен бұйымдардың алынуын бақылау, итергіштердің жұмысын бақылау, бөлшектер мен бұйымдарды түсіру және т. б. жұмыстарды орындағаны үшін айына 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі мөлшерде ақы төленеді. «Триал-ПВ» ЖШС «Есеп және аудит» мамандығы бойынша кәсіби тәжірибеден өтіп жатқан студентке айына 200 мың теңге төлейді. Колледждің әр мамандығы бойынша осындай ақылы тәжірибелер бар.
Түлектеріміздің өмірі ешқашан біздің назарымыздан тыс қалмаған және олардың көпшілігінің мансабын ойдағыдай жасап жатқаны біз үшін қуанарлық жағдай. Мысалы, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығының түлектерін мақтан тұтамыз: Олжас Құспеков – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ғани Дүйсенбеков – KG Chem Kazakhstan директоры; «Интерьер дизайны, азаматтық ғимараттарды қалпына келтіру, қайта құрылымдау» мамандығы: Бекзат Жайдаров – «Art Studio Бонни&Клайд» танымал интерьер дизайны студиясының және «Start Education» дизайн мектебінің негізін қалаушы және коммерциялық директоры, Айдана Ерімбет – «Yerimbet Aidana design» интерьер дизайны студиясының жетекшісі; «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы: Сергей Баскаков – «Астанатрансстрой» ҚК ЖШС директоры, Нұрлан Дүйсенбаев – «Ару-Жол» ЖШС директоры; «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы: Нариман Нұралин – «NAIRA Group» компаниясының бас директоры, Алексей Анисимов – «KazCloud» ЖШС өнімдерді дамыту жөніндегі директоры; «Қонақ үй шаруашылықтарына қызмет көрсетуді ұйымдастыру» мамандығы: Әсел Демеу – Rixos President Astana HR-менеджері, Артем Козодаев – «Сушимен» мейрамханасының директоры; «Есеп және аудит» мамандығы: Бауыржан Утегенов – Астана қаласындағы № 6 спорт мектебінің басшысы, инклюзиядағы БДШ мемлекеттік жаттықтырушысы, велоспорт бойынша төреші, ҚР велоспорт бойынша спорт шебері, Индира Мусина – «“ҚТЖ” ҰК» АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының пайдалану көрсеткіштерін жоспарлау департаментінің директоры; «Туризм» мамандығы: Яна Конкель – Астанадағы «Fun & Sun» туристік агенттігінің директоры, Әйгерім Хусаинова – Алматыдағы «Поехали с нами» туристік агенттігінің директоры.
– Колледжді бітірген көптеген студенттер ары қарай оқуын жоғары оқу орындарында жалғастыра ма? Сіздің серіктес университеттеріңіз бар ма?
– Орта есеппен түлектердің 28%-ы жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырып жатыр. Колледж С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, А. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, «Есіл» университеті, «Тұран-Астана» университеті сияқты жетекші университеттермен серіктестік қатынастар орнатқан, онда түлектер жеке оқыту траекториялары бойынша оқытылады, бұл жас мамандардың еңбек нарығына жылдам шығуы үшін оқу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
– Кез келген оқу орнының табысты болуының негізі – мықты педагогикалық құрам. Колледж педагогтерінің әрқашан трендте болуына не көмектеседі?
– Шынында да, үнемі трендте болу оңай емес. Білімнің ұдайы өзектілігін мамандықтың тенденциясына ілестіре алатын, оқу материалын үнемі жаңартып отыратын, оқытудың заманауи әдістерін қолданудан қорықпайтын тәжірибелі ұстаздар ұжымы ғана қамтамасыз ете алады.
Біздің педагогтер оқу үрдісіне үнемі инновациялар енгізеді, эксперимент жасаудан қорықпайды. Мысалы, О. Н. Пешкин, С. А. Лапенко, Е. Б. Тусупов, Д. В. Попов, Ж. Е. Абдрахманова, С. Е. Мухаммедия, К. Ш. Мажитова, Т. Г. Стасишина сияқты педагогтер өндірістік оқыту шеңберінде техник-бағдарламашыларға арналған «Arduino базасында микроконтроллерлерді бағдарламалау» курсын енгізді. Yii2 фреймворкті пайдалана отырып веб-қосымшалар әзірлейді, арнайы пәндер бойынша сабақтарда Git нұсқаларын бақылау жүйелерін, кейс-технологиялар, оқытудың тренингтік нысандарын, АКТ-технологияларды, CLIL-технологияларды қолданады. Microsoft Visual Studio (С# бағдарламалау) фирмасының технологиялары, Java бағдарламалау, бұлтты технологиялар, Amazon, Microsoft Azure технологиялары енгізілді, сондай-ақ оқыту үшін Cisco Networking Academy, RedHat Academy платформалары пайдаланылады. Түлектер өндіріспен тығыз интеграция жүретін смарт-технологиялар тұжырымдамасы бойынша BMC IO Framework және Arta Soft платформаларында ақпараттық жүйелердің нақты дипломдық жобаларын орындайды.
Техник-құрылысшыларды даярлау деңгейі КОМПАС 3D, ArchiCAD, AutoCAD, CorelDraw, 3D MAX және т. б. автоматтандырылған жобалау мен модельдеудің жаңа және сұранысқа ие жүйелерін игеруге байланысты. Бұл бағдарламаларды колледждің А. Х. Шошабай, Д. Д. Жанмурзина, М. Г. Габдулла, Ж. Г. Нуркеев, С. С. Жакиянов, О. А. Вишневская, Г. О. Наурызова сияқты педагогтері табысты оқытады. 3D-модельдеу ғимараттарды ақпараттық модельдеудің технологиялық платформасы – Building Information Model (BIM) негізінде жүзеге асырылады. 2018 жылдан бастап оқу процесіне Auto Desk Revit, RengaArchitecture бағдарламаларын меңгеретін BIM-технологияларды зерделеу енгізілді. Осылайша, колледжде жаңа мамандар – BIM-жобалаушыларды дайындайды. Сондай-ақ, «SmartAstana» және «Ақылды үй» жобалары бойынша қазіргі серіктестермен ынтымақтастық кеңейтілуде.
Тәжірибелік сабақтарда Б. К. Алкенов, Е. Г. Чингаева, А. М. Кыдырханов, А. А. Елемесов, Г. М. Абенова сияқты педагогтер COM3LAB оқыту жүйесін, автокөлікті басқарудың электрондық жүйесінің (электромобиль, Carman Scan, Auto Boos, B-Touch) заманауи диагностикалық жабдықтарын қолданады.
Колледж педагогтері өз студенттерінің кәсіби дамуын мұқият қадағалайды, олардың таңдаған саласында табысты мансапқа жетуіне көмектесетін қажетті дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Оқытушылардың сапалық құрамы тиімді оқу процесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Бүгінгі таңда колледждің педагогикалық ұжымы 90 штаттық педагогті құрайды, оның ішінде қауымдастырылған профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты, педагог-шебер, 26 педагог-зерттеуші, 16 педагог-сарапшы, 31 педагог-модератор, 20 педагог-магистр, 3 PhD докторы, 8 өндірістік оқыту шебері бар. Студенттерді оқуға ынталандыру – оқу процесінің маңызды құрамдас бөлігі. Тек білікті оқытушылар ғана студенттерді керемет шабыттандырып, олардың оқу үдерісіне және өз мамандығына деген қызығушылықтарын дамыта алады. Мұны студенттеріміздің халықаралық, республикалық, қалалық конкурстар мен конференциялардағы сан мәрте жеңістері, WorldSkills жарыстарындағы, түрлі олимпиадалардағы, шығармашылық оқулардағы және т. б. жүлделі орындары дәлелдейді.
«Astana Polytechnic» жоғары колледжі – бүгінде студенттерге өзекті білім мен тәжірибелік дағдыларды беретін тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен сапалы білім берудің кепіліне айналды.
– Колледждің жұмыс берушілермен қарым-қатынасы қандай? Оқу орындарында бұл байланыстар көбінесе формальды сипатта болады. Кәсіпорындармен және бизнеспен өзара тиімді симбиоздың көптеген жарқын мысалдары бар ма? Жұмыс беруші серіктестеріңізді не ынталандырады?
– Кәсіпорындармен тығыз байланыс – түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді тетіктерінің бірі. Колледжде Freedom Telecom, КазТелеСистем, Бителеком, IMBC халықаралық машина жасау орталығы, Astana Invest, Ramada by Wyndom, Арман-Тур, Центр-Тур, Алтынгазсервис, Bazis Construction, BI Group, Астана-Имстальком, Центр-Аудит, Astana Technoinvest сияқты 200-ден астам әлеуметтік серіктес бар. Олар сапалы мамандарды даярлауға үнемі қызығушылық танытады. Дуальды оқытуды барлық мамандықтарға енгізу жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. Қазақтелеком АҚ, Autoland автосервистер желісі, Aster Auto Astana, Mega Motors Astana, № 1 автобус паркі, Hyundai Premium Astana сияқты 21 кәсіпорынмен үшжақты келісімшарттар жасалынды.
Жұмыс берушiлердiң тапсырысы бойынша кадрларды даярлау жұмыстары жүргiзiлуде, оның iшiнде төрт кәсiпорынмен 30 студент оқуға мақсатты тапсырыс берiлiп, оқытушылар мен өндiрiстiк оқыту шеберлерінің тағылымдамасы жүргiзiлуде, ең бастысы, түлектердi жұмысқа орналастыру мәселелерi шешiлді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі – түлектердің бәсекеге қабілеттілігі және олардың еңбек нарығындағы жоғары сұранысы. Біздің түлектеріміздің шамамен 30%-ы үшінші курста кәсіби тәжірибеден өту кезінде жұмыс берушілерден өтінімдер қабылдайды, ал жұмысқа орналастырылған түлектердің үлесі 72%-ды құрайды.
Мамандарды даярлауда талап етілетін құзыреттер бойынша талап етілетін дағдылар үнемі өзгеріп отырады және академиялық дербестік аясында бізде еңбек нарығының сұранысына сай білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгерту мүмкіндігі бар.
Мысалы, Finex Standart, Астана Трансстрой, Бірыңғай шоғырландыру орталығы, Тамур, Арман-Тур, Қазақстандық бухгалтерлік қызмет көрсету орталығы компанияларының мамандары білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Ынтымақтастық кезеңінде біздің көптеген студенттер осы кәсіпорындарда кәсіби тәжірибеден сәтті өтіп, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгерді және табысты жұмысқа орналасты.
Жұмыс берушілер бірнеше себепке байланысты колледжбен ынтымақтастық жасауға ынталы. Ең алдымен, олардың білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысуы кәсіби стандарттар мен еңбек нарығының талаптарына және белгілі бір өндірістердің бейін ерекшеліктеріне сәйкес мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Барлық қажетті дағдыларды меңгерген кадрлар кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуінде маңызды рөл атқарады. Колледж кәсіпорындарға әлеуетті қызметкер бола алатын жас мамандарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Колледжбен ынтымақтасу жұмыс берушілерге өз қызметкерлерін жүйелі түрде оқытуға және кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Қазіргі таңда колледждер өздерінің өндірістік базалары арқылы өз-өзін қамтамасыз ете алады деген тұжырымдамалар көптеп айтылып жүр. Сіз бұл туралы не ойлайсыз? Осыған байланысты сізде өте үлкен мүмкіндіктер болуға тиіс. Процесс қалай жолға қойылған, көп табыс табуға бола ма?
– Қазақстанда колледждердің жанынан өндірістік базаларды құру идеясының мәні мен әлеуеті зор. Бұл студенттерге өз саласында нақты жұмыс тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік бере отырып, оларды іс жүзінде оқытуға ықпал етуі мүмкін. Мұндай базалар қызмет көрсету немесе сату үшін тауарлар шығару арқылы колледждер үшін қосымша табыс көзі бола алады. Сонымен қатар, бұл жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру арқылы аймақтық экономиканың дамуына ықпал етеді.
Дегенмен, бұл идеяны сәтті жүзеге асыру үшін ресурстардың қолжетімділігі, қызметкерлердің біліктілігі, нарықтық қажеттіліктер және бәсекелестік деңгейі сияқты әртүрлі факторларды ескеру маңызды. Сондай-ақ тиімді басқару мен қаржыландыруды қамтамасыз ету де маңызды. Егер осы аспектілердің барлығы ескерілетін болса, колледждердің жанынан ашылған өндірістік базалар елдің білім беру процесі мен экономикалық дамуына маңызды қосымша бола алады.
Мен үшін және ұжым үшін біздің колледж – бұл ең алдымен 2000-нан астам студентті оқытатын білім беру мекемесі. Білім беру процесіне басымдық беріледі.
Колледж өзінің негізгі білім беру қызметін толықтыру және мамандандырылған оқытуға деген сұранысты қанағаттандыру үшін әртүрлі бағыттар бойынша қысқа мерзімді ақылы курстарды өткізеді.
Бұл курстар веб-әзірлеме, мобильді робототехника, графикалық дизайн, желілік және жүйелік басқару, мехатроника, сурет салу және кескіндеме, жетілдірілген интерьер дизайны, CAD инженерлік графикасы, бизнеске арналған IT шешімдер, сантехника және жылыту, жеңіл көлікті жөндеу және техникалық қызмет көрсету, бухгалтерлік есеп (1С және салықтарды қоса алғанда), кәсіпкерлік қызмет негіздері, электроника, «Ақылды үй» жүйесін басқару, көлік құралдарын жүргізу («В» санаты), экскурсиялар өткізу, туристік-спорттық дайындық, қонақ үйді басқару, құрылыстағы сметалық іс және баға белгілеу және т. б. осы сияқты салаларда нақты дағдылар мен кәсіби құзыреттіліктерді алуға бағытталған.
Мұндай курстардың артықшылығы курс студенттердің кең ауқымы үшін қолжетімділікті, сабақтардың икемді кестесін, таңдалған тақырыпты қарқынды зерттеуді және жаңа білім мен дағдыларды жылдам алу мүмкіндігін қамтиды. Сонымен қатар, бұл курстар колледж үшін қосымша табыс көзіне айналды.
Жалпы алғанда, қысқа мерзімді ақылы курстар – өздерінің кәсіби арсеналын кеңейтуге ұмтылатын студенттер үшін де, білім беру қызметін әр тараптандыруды және қосымша қаражат табуды көздейтін колледж үшін де тартымды нұсқа.
– Сіз басқарып отырған колледж – WorldSkills қозғалысының белсенді қатысушысы, қозғалысқа қатысушыларды 21 құзыреттілік бойынша даярлайтын база. Бұл түлектерді жұмысқа орналастыру тұрғысынан не береді? WorldSkills-тің белсенді қатысушыларының барлығы еңбек нарығында сұранысқа ие ме, немесе Skills Passport болашақта жұмысқа орналасуға әлі де жүз пайыз кепілдік бере алмай ма?
– Дұрыс айтасыз, «Astana Polytechnic» колледжі барлық деңгейдегі WorldSkills қозғалысының белсенді қатысушысы болып табылады. Қозғалысты және жұмысшы біліктілігін дәріптеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Жұмыс оң нәтиже беріп жатыр. Бұған біздің білім алушылардың жетістіктері дәлел бола алады.
WorldSkills Astana 2023 қалалық кәсіби шеберлік чемпионатында біздің студенттер 21 алтын, 9 күміс және 4 қола, республикалық кезеңде – алтын, күміс, қола, 3 медальон алды:
«Сантехника және жылыту» құзыреті – алтын, қатысушы Яромир Колобаев, Г-21-3б тобы; «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» – күміс, қатысушы Данил Лапенко, П-20-53к тобы; «Веб-дизайн және әзірлеу» – қола, қатысушы Мансур Ульданов, П-21-57к тобы; «Графикалық дизайн» – медальон, қатысушы Елизавета Дехнич, Ис-20-11б тобы; «Бизнеске арналған IT-шешімдер» – медальон, қатысушы Никита Василенко, П-20-51б тобы; «Кірпіш қалау» – медальон, қатысушы Ильяс Сабыров, С-21-13гб тобы. 2023 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен «Кәсіпқойлар» чемпионатында колледж серіктесі «1С Қазақстан» оқу орталығының қолдауымен «Бизнеске арналған бағдарламалық шешімдер» құзыреттілігі бойынша Капаров Дархан екінші жүлделі орынға ие болды, ал бір жыл бұрын колледж студенттері «Кәсіпкерлік» құзыреттілігі бойынша Еуразия чемпионатында қола медаль алды.
WorldSkills қозғалысына қатысушылар орасан зор тәжірибелік жұмыс дағдыларын жинақтайды, бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады және жұмысқа орналасудың үлкен перспективаларын қамтамасыз етеді. Мысалы, «Отель-ресепшионист» құзыреті бойынша қатысушы Илья Орлов қалалық және республикалық чемпионаттарда жеңіске жеткеннен кейін Швейцарияда өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғап, қазір Дубайдағы жеті жұлдызды «Burj Al Arab Jumeirah» қонақ үйінде өз мансабын табысты жасап жүр.
– Болат Құлмұханұлы, сіз көптеген колледждерді басқарған тәжірибесі мол басшысыз. Сіздің ойыңызша, колледж жұмысында ең маңыздысы не? Білім алушылардың ахуалы мен көңіл күйі неге байланысты? Осы басымдықтарды анықтап көрсете аламыз ба?
– Шынында да, мен әртүрлі аймақтарда орналасқан колледждерде басшы болып қызмет атқардым. Бұл тәжірибе маған колледждің тиімді жұмысына жоғары сұранысқа ие кадрларды даярлаудың жөнге салынған тетігі ретінде кеңірек қарауға мүмкіндік береді. Колледж жұмысында бірнеше негізгі басымдықтарды бөліп көрсетуге болады.
Біріншісі – білім, инновация және бейімделу сапасы. Колледждің негізгі міндеті – білім берудің жоғары деңгейін және студенттердің академиялық жетістіктерін қамтамасыз ету. Бұған оқыту сапасы, оқу үшін әртүрлі ресурстардың болуы және студенттердің оқу жетістіктеріне қолдау көрсету кіреді. Колледж білім беру ортасындағы өзгерістерге дайын болуы керек және студенттердің қажеттіліктері мен заманауи еңбек нарығын қанағаттандыру үшін жаңа технологиялар мен оқыту әдістеріне тез бейімделуге тиіс.
Екінші мәселе – студенттерге қолдау көрсету, оларға қамқорлық жасау. Колледждің студенттерге мейлі ол академиялық көмек, жұмысқа орналасу және мансаптық қолдау, физикалық және психологиялық денсаулық және т. б. болсын, өмірінің әртүрлі аспектілерінде қолдау көрсетуі маңызды.
Келесі маңызды фактор – колледждегі қолайлы ахуал мен мәдениет. Колледждегі ахуал студенттердің көңіл күйі мен ынталануына қатты әсер етуі мүмкін. Бұған оқытушылар мен студенттер арасындағы қарым-қатынас, қоғамдық белсенділік, мәдени алуантүрлілік және студенттердің бастамаларына қолдау көрсету кіреді.
Колледж сонымен қатар студенттерге, студенттік ұйымдарға, жобаларға және көшбасшылықты оқыту бағдарламаларына қатысу арқылы қарым-қатынас, сыни тұрғыдан ойлау, көшбасшылық қабілеттер, мәселелерді шешу және ынтымақтастық сияқты табысты мансапқа қажетті тұлғалық дағдыларды дамытуға кең мүмкіндіктер беруі керек.
Және, сөзсіз, білім алушылардың әлеуметтік жауапкершілігін дамыту, яғни студенттердің әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешудегі өз рөлін түсінуін қалыптастыруға жәрдемдесу, сондай-ақ оларды шешуге бағытталған қызметке, еріктілер жұмысына қатысуын ынталандыру қажет.
Осы аспектілердің барлығын ескере отырып, колледж табысты оқытуды, студенттердің жан-жақты дамуын және олардың болашақ мансап пен қоғамдағы өмірге дайындығын қолдайтын толыққанды, жайлы білім беру ортасын құра алады.
– Барша ата-аналарға, колледжге оқуға түсу туралы ойланып жүрген талапкерлерге қандай кеңес-тілек айтар едіңіз.
– Колледжге түсу туралы енді ғана ойланып жүрген өзіңізді қызықтыратын, өз мүддеңізге әрі өмірлік мақсаттарыңызға және өмірлік ұстанымызға сәйкес келетін әртүрлі колледждер мен бағдарламаларды зерттеңіз дер едім. Мектеп қабырғасында жүріп оқудағы жетістіктеріңізге көбірек көңіл бөліңіз. Қажет болса, ата-аналарыңыздан, мұғалімдеріңізден және кәсіптік бағдар берушілерден көмек пен кеңес сұраңыз. Колледжді таңдау маңызды шешім екенін ұмытпаңыз, бұл белгілі бір салада сіздің жеке және кәсіби дамуыңызға жасалған алғашқы қадам деп айтар едім.
Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың білім алуға және кәсіби өсуге деген ұмтылыстарын қолдаңыздар. Колледжді және мамандықты таңдау барысында қолдау көрсетіп, көмектесіңіздер. Болашақ кәсібін таңдаған кезде балаңыздың өз қызығушылықтары мен талпыныстарын жете түсінетіндігіне көздеріңізді жеткізіңіздер. Естеріңізде болсын, әр бала ерекше тұлға және ата-ананың балаға қолдау көрсетуі әрі оны түсінуі баланың жетістікке жетуінде маңызды рөл атқарады.
Сұрақтарды қойған
Александр ПЕТРУХИН
АННОТАЦИЯ
Высший колледж «Astana Polytechnic» отмечает в этом году свой 30-летний юбилей. За годы работы колледж приобрел заслуженную репутацию и высокую популярность. Благодаря большому количеству партнеров-работодателей и активному участию в движении WorldSkills студенты получают хорошие перспективы трудоустройства, проходя оплачиваемую практику уже в процессе обучения, а содержание образовательных программ постоянно корректируется под запросы рынка труда. На вопросы редакции о работе колледжа отвечает директор Болат Рыскалиев.
Comments