top of page
Search

«Болашақ»: жаңа қағидалар

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидалары 2025 жылғы 17 қаңтарда бекітілді «Замануи білім беру» журналы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 



1. Конкурстық іріктеудің жаңа механизмі бекітілді, оның шеңберінде конкурстық турлардың нәтижелерін бағалау жүйесі енгізіліп, кейіннен келесі турға жіберіледі. Мұндай механизм Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның назарын неғұрлым білікті және ынталы үміткерлерге шоғырландыра отырып, бастапқы кезеңдерде дайындық деңгейі төмен кандидаттар санын қысқартуға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, жаңа тәсіл процестің объективтілігін арттырады және іріктеу кезінде субъективті факторлардың әсерін азайтады.


2. Мемлекеттік органдардың кадрлық құрамын күшейту үшін үміткерлердің жаңа – «магистр дәрежесін алуға мемлекеттік қызметшілер» санаты тілдік курстардан өту мүмкіндігімен енгізілді.

Бұл ретте тек Қазақстанның мемлекеттік органдарында немесе шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінде ғана міндетті үш жылдық еңбекпен өтеу мерзімі белгіленген. Түлек оқуын аяқтағаннан кейін еңбек қызметінің бірінші жылын оны оқуға жіберген мемлекеттік органда өтеуге міндетті екенін айта кеткен жөн. Бұл мемлекеттік сектор қызметкерлерінің құзыретін нығайтуға және басқарудың халықаралық практикасын енгізуге мүмкіндік береді.

Тілдік курстар «мемлекеттік қызметшілер» санатына ғана емес, «ауылдық елдімекеннен шыққан үміткерлер», «инженерлік-техникалық қызметкерлер» және «медицина қызметкерлері» санаттарына да қарастырылғанын атап өткен жөн. Тілдік курстар Қазақстанда (9 ай) және шетелде (3 ай) ұйымдастырылады.

Бұған қоса, аталған санаттар қатарынан үміткерлер шетелдік жоо-ға өз бетімен түскен үміткерлерден айырмашылығы шет тілін білу деңгейі туралы сертификат ұсынуға тиіс.

Бұл үміткерлер конкурстық іріктеуге жалпы негізде қатысады, яғни олардың басқа үміткерлерге қарағанда ешқандай артықшылықтары немесе басымдықтары жоқ.

Қазіргі күні бағыттар немесе мамандықтар бойынша жекелеген квоталар бөлу шетелдік, оның ішінде қазақстандық стипендиялар мен жоғары оқу орындарының дағдылы практикасы болып табылады.


3. Қазақстан мүшесі болып саналатын халықаралық және өңірлік ұйымдарда еңбекпен өтеу мүмкіндігі көзделген.

Бұл бастама БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ, ТМҰ және басқа да ұйымдарда халықаралық аренада Қазақстанның мүддесін қорғауға мүмкіндік беретін түлектерді қолдауға бағытталған.

Жаңа енгізілім «ақылдың көшуіне» алып келмейді, керісінше, қазақстандық мамандардың халықаралық қатысуын нығайтуға, дипломатия мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.


4. Конкурстық кезеңдердің бірінен өтпеген үміткерлерге сол күнтізбелік жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін қайта өтінім беруге мүмкіндік беретін өзгеріс енгізілді.

Бұл қадам үміткерлерге кемшіліктерді жойғаннан кейін бағдарламаға табысты қатысуға қосымша мүмкіндік бере отырып, процесті барынша икемді және әділетті етеді. Мұндай тәсіл әлеуетті стипендиаттардың даярлық деңгейіне қойылатын талаптарды төмендетпей олардың шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді.


5. Конкурсқа қатысу үшін қажетті міндетті құжаттардың тізбесі кеңейтілді. Енді үміткерлер тәуелсіз сараптамалық комиссиясына өздерінің кәсіби және академиялық мақсаттарын, сондай-ақ оқуға деген уәждеме дәрежесін бағалауға мүмкіндік беретін уәждемелік хат ұсынуы тиіс.

Бұл жаңалық іріктеудің объективтілігін арттырады, өйткені үміткерлердің ниеттерін және оқуды аяқтағаннан кейін олардың Қазақстанның дамуына қосатын үлесін жақсы түсінуге мүмкіндік береді.


6. Түлектердің еңбек өтілін есептеу ережесі нақтыланды. Егер маманның қатарлас зейнетақы аударымы жүргізілетін бiрнеше жұмыс орны болса, мiндеттi түрде еңбекпен өтеудің ең ұзақ мерзiмi белгiленген ұйым есепке алынады.

Мұндай тәсіл еңбек өтілінің қайталануын болдырмауға және мемлекет алдындағы еңбек міндеттемелерінің орындалуын есепке алудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.


7. Бағдарлама бойынша түлек шығыстарды өтеу міндеттемесінен босатылатын мән-жайлардың тізбесі толықтырылды – конкурс жеңімпазын 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамның (жұбайы/зайыбы, балалары) жалғыз қорғаншысы (қамқоршысы) етіп тағайындау стипендиядан айыруға не бас тартуға себеп болады.

Аталған шара түлектердің әлеуметтік кепілдіктерін қолдауға және өмірлік қиын жағдайларын есепке алуға бағытталған.


8. Инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша магистратураға өтінім беретін үміткерлер үшін жоғары техникалық білімінің болуы туралы міндетті талап енгізілген.

Бұл талап үміткерлердің дайындық деңгейінің қазіргі заманғы инженерлік және технологиялық мамандықтар талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді, бұл түлектерге алған білімдерін практикада сәтті қолдануға және Қазақстанның жоғары технологиялық салаларын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді.


9. Бағдарлама түлектері оқуды аяқтағаннан кейін қорытынды жұмысты ұсынуға міндетті. Бұл шетелде оқыған қазақстандық мамандардың идеялары мен ұсыныстарын қамтитын аналитикалық және зерттеу материалдарының базасын құруға мүмкіндік береді. Жұмыстар авторлардың келісімімен Қазақстан экономикасы мен ғылымының түрлі салаларын дамытуда пайдаланылуы мүмкін.

Осылайша, мемлекет білікті кадрлар даярлап қана қоймай, сондай-ақ еліміздің модернизациясы мен инновациялық дамуына үлес қоса алатын құнды әзірлемелер алады.

Жалпы, «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына енгізілген барлық өзгерістер «Болашақ» бағдарламасы жұмысының тиімділігін арттыруға, білікті мамандарды даярлауды қамтамасыз етуге және Қазақстанның кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Жаңа енгізілімдер еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптарын, халықаралық стандарттар мен мемлекеттің стратегиялық мүдделерін ескереді, бұл бағдарламаға өзінің негізгі миссиясын – адами капиталды дамытуды және қазақстандық мамандардың жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруды жалғастыруға мүмкіндік береді.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page