top of page
Search

Білім бағасы: қазақстандық ғылым экономиканы қалай дамытуда. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ тәжірибесі


 Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ тәжірибесі

Кез келген инновациялық жаңалық, жалпы жаңа ғылыми жаңалық, табыстан басқа, қаржылық пайда әкелуі мүмкін. Ғылымда коммерцияландырудың көптеген мүмкіндіктері бар, мысалы, ғылыми жаңалықтар мен әзірлемелерді практикалық қолдану, қолданбалы зерттеулер. Техникалық немесе әлеуметтік мәселелерді практикалық шешуге бағытталған барлық нәрсені коммерцияландыруға болады.

Еліміздің ғылымын коммерцияландыру – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің басым міндеттерінің бірі. Осы ведомство басшысы Нұрбек Саясат: «Бұл бағыттағы жетістік ғылымның құнын арттыруға, бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және ғылымды Қазақстанның индустриялық қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік береді», – деді. ҒЖБМ-да үлкен жұмыс жасады – Финляндия, АҚШ және Германия мысалында халықаралық тәжірибені талдады.

Қазір елімізде ғылымды дамытуға басым көңіл бөлінуде: 2023–2025 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді және технологияларды коммерцияландыруды қаржыландыру республикалық бюджеттен 3,5 есеге ұлғайтылып, 643 млрд. теңгені құрады. Бұл, әрине, отандық ғалымдарды ынталандырады, сонымен қатар олардың зерттеулерін шетелдік қатысу арқылы қолдауға мүмкіндік береді. Мысалы,

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың жалпы табысынан ғылымның үлесі 33%-ды құрайды – бұл әлемдік жоғары оқу орындары деңгейінде, ал Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауының арқасында университет түрлі бағыттарда зерттеулер жүргізеді. 

Ғылыми-техникалық мәселелерді шешу үшін ШҚТУ Қытайдан, Ұлыбританиядан, Германиядан, Чехиядан, Польшадан, Түркиядан, Венгриядан, Украинадан серіктестерді тартады. Сондай-ақ, университет халықаралық қорлар қаржыландыратын жобаларды жүзеге асырады – атап айтқанда, ол Германия, Италия, Испания, Словениядан келген еуропалық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылатын үлкен жобаның грант иегері атанды. Сонымен қатар, American Council қолдауымен екі жоба: Висконсин штатының университетімен бірлесіп университетті басқару және қаржылық менеджмент жобасы және Делавер университетімен бірлесіп «Шығыс Қазақстандағы жел энергетикасы ресурстарын бағалау жөніндегі далалық науқан» жобасы жүзеге асырылуда. Екі жобаға да АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі қолдау көрсетеді.

Жалпы, көптеген университеттік зерттеулер біздің ғалымдардың әзірлемелерін, технологияларын, өнімдері мен қызметтерін тұтынушылардың нарығына жеткізетін құрал болып табылады. Мұндай зерттеулер зерттеулерді қаржыландыруды алуға (немесе жақсартуға), жұмыс орындарын құруға, инновациялардың ауқымы мен сапасына, салалардың құрылуына және өсуіне және университеттердің экономикалық тұрақтылығына әкелетін жаңа салаларға қызығушылық тудырып, инвестиция тартуы мүмкін.

Университеттік зерттеулерді коммерцияландыру – бұл нарыққа жаңа өнімді, қызметті немесе технологияны шығару процесі. Ол идеяны құрудан және оны тексеруден бастап әзірлеу мен сынауға, іске қосуға және масштабтауға дейінгі әртүрлі кезеңдерді қамтиды. Дегенмен, әрбір кезең инновацияның ойдағыдай жүзеге асуы мен табыстылығына әсер етуі мүмкін әртүрлі тәуекелдерді де қамтиды. Оларды алдын ала ескерту керек, мысалы, осы мақсаттар үшін ШҚТУ-да ғалымдардың зерттеулерін коммерцияландырудың жеке кеңсесі құрылды.

Әрине, қазір мемлекет тарапынан да ғылым мен ғалымдарды қолдауға: ҚР Ғылым академиясының мәртебесін көтеруге, университет ғылымын нығайтуға, ғылыми және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау жүйесін жетілдіруге өте көп көңіл бөлінуде. Инновациялар үшін жағдай жасауға – мамандандырылған инжинирингтік орталықтарды, жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанындағы технологиялық парктерді қалыптастыруды, оларды заңнамалық, әдіснамалық және қаржылық қолдауды қамтитын ұлттық инновациялық жүйені құруға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, қолданбалы ғылымды, оның ішінде бизнестің ғылыми зерттеулерді бірлесіп қаржыландыруы есебінен қаржыландыруды ұлғайту, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін, атап айтқанда, жыл сайынғы гранттар бөлу арқылы жағдайлар жасау жоспарланған. Сірә, жоғары білім мен ғылымның отандық жүйесі оның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі элементтерге баса назар аудара отырып, трансформация кезеңінен өтуі керек. 

– Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының жетекші ғылым-білім беру орталығы болып табылады, ұлттық және өңірлік деңгейде инновациялық жүйені құруға белсенді қатысады, – дейді экономика ғылымдарының кандидаты, Басқарма мүшесі, ШҚТУ ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Жадыра Қоңырбаева. – Университетте өңір мен ел экономикасының міндеттерін шешуге бағытталған зерттеу және инновациялық қызметті басқару жүйесі құрылды, ғылыми зерттеулерді жоғары деңгейде жүргізуге және өндіріске ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін енгізуге мүмкіндік беретін заманауи зерттеу базасы қалыптастырылды.

Ғылыми-зерттеу қызметі департаментінің құрамына Зерттеу кеңсесі (Research offise), Технологияларды коммерцияландыру кеңсесі, Ғылыми-зерттеу жобаларын сүйемелдеу кеңсесі (SoP office) және «POSTGRADUATE» орталығы кіреді.

ШҚТУ білім беру, ғылым және инновациялардың басым міндеттерін шешуде Қазақстанның халықаралық жоғары оқу орындарының, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары мен ғылыми ұйымдарының толыққанды серіктесі. Арасында «Казцинк» ЖШС, «KAZ Minerals» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Полиметалл» АҚ, «УЗПА» АҚ және басқалары бар 100-ден астам кәсіпорын пәнаралық құзыреттіліктерге тапсырыс берушілер және білім беру бағдарламаларының серіктестері болып табылады.

Бұл, ең алдымен, өндірістік және өңдеу салалары: металлургия, пайдалы қазбаларды байыту, тау-кен ісі, геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау бойынша, сондай-ақ инженерия және инженерлік іс, IT мамандықтар, бизнес және басқару салалары бойынша білім беру бағдарламалары.

Қазіргі уақытта ШҚТУ 70-тен астам өнеркәсіптік кәсіпорынмен, сондай-ақ Колорадо Тау-Кен Мектебі (АҚШ), Акита университеті (Жапония), Клаусталь техникалық университеті, Бранденбург техникалық университеті, Фрайберг тау-кен академиясы (Германия), Люблин политехникасы (Польша), Брно техникалық университеті (Чех Республикасы) сияқты 700-ден астам топ-университетпен, Ресейдің бірқатар университеттерімен ынтымақтасады.

Ғылыми инфрақұрылымды нығайту және дамыту үшін ШҚТУ базасында бағыттар бойынша 13 құзырет орталығы құрылды:

– «VERITAS» материалтануы және металлургиясы,

– «Smart engineering» заманауи инженериясы,

– геология және тау-кен ісі, ГАТ-технологиялар,

– Жерді қашықтықтан зондтау және геодезия,

– құрылыс,

– BIM-жобалау,

– машина жасау,

– энергетика,

– су шаруашылығы және су пайдалану,

– ақпараттық технологиялар,

– автоматтандыру және мехатроника,

– экология және тіршілік қауіпсіздігі,

– «Digital Social Research» әлеуметтік зерттеулер.

«Industrial AI» жасанды интеллект саласында құзыреттер орталығын құру жоспарлануда.


 Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ
Құзыреттілік орталықтары 50-ден астам зертхананы, 1500 бірлік аналитикалық, сынақ, оқу және өндірістік жабдықты біріктіреді.

Бұл ғылыми-өндірістік базада электронды микроскоптар, масс-спектрометрлер, рентгендік дифрактометрлер, үш өлшемді модельдер жасауға мүмкіндік беретін 3D сканерлер, металл бұйымдарды басып шығаратын 3D принтерлер, сондай-ақ ғылыми және инженерлік мәселелерді шешуге арналған бірқатар арнайы бағдарламалық жасақтама сияқты бірегей құралдар бар.

Құзыреттілік орталықтарының жалпы құрамы 90-нан астам ғалым мен инженерден тұрады. Олардың негізінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Польша және Ресей университеттерінің жетекші ғалымдарын тарта отырып, халықаралық зерттеу топтары құрылды. Ал инфрақұрылымды кеңейту және дамыту мақсатында бірлескен зерттеулер жүргізу үшін, сондай-ақ магистранттар мен докторанттарды даярлау үшін өңірдегі кәсіпорындардың мүмкіндіктерін тарту жоспарлануда. 


 Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ

Университетте құрылған Технологияларды коммерцияландыру кеңсесі – ғылыми зерттеулердің нәтижелерін табысты коммерциялық өнімдер мен қызметтерге айналдыруға бағытталған инновациялық инфрақұрылым.

Ол технологияларды коммерцияландыруға жоспарланған АЖ нарығына талдау жүргізеді, олардың қажеттілігі мен келешегін айқындайды, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің алынған нәтижелерін коммерцияландыру келешегіне аяқталған ғылыми жобалардың технологиялық аудитін жүргізеді, «Ғылым қоры» АҚ, ҚР ЦДИАӨМ, Дүниежүзілік банк және «Тиімді инновацияларды ынталандыру» жобасы, «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, технологияларды коммерцияландыру мәселелері бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар сияқты қаржы мекемелерімен, даму институттарымен, қорлармен өзара іс-қимыл жасайды. Кеңсе коммерцияландыру бойынша гранттарға қатысуға жобаларды дайындауды және оларды іске асыру барысында сүйемелдеуді жүзеге асырады, университет базасында технологиялық кәсіпкерлік үшін инфрақұрылым құруға қатысады (коворкинг-орталықтар, фаблабтар және ғылыми-өндірістік хабтар).


 Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ

2023 жылдан бастап Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асыратын «Тиімді инновацияларды ынталандыру» жобасының «I өндірістік сектордың консорциумдары: құзыреттілік орталықтары» гранттық бағдарламасы шеңберінде «Реверс-инжиниринг және күрделі әрі стандартты емес жабдықтардың тораптарын импортты алмастыру» кіші жобасы іске асырылуда. Біздің кіші жобамыз машина жасау және тау-кен металлургия кешені саласында смарт-инжиниринг және импортты алмастыру технологияларын дамытуға бағытталған. Орталықтың негізінде цифрлық деректерді алу, цифрлық телқосақтарды құру, инженерлік талдау, реверс-инжиниринг, күрделі стандартты емес жабдықтардың тораптары мен бөлшектерін әзірлеу және дайындау пысықталуда. Алынған қаржыландырудың жалпы сомасы 403 млн. теңге және қазіргі уақытта шарттар жасалды, 50 млн. теңгеден астам сомаға инжинирингтік қызметтер көрсетілуде.


 Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ
Құрылған BI Angular бизнес-инкубаторы университеттің Бизнес мектебінің командасымен бірге студенттер мен жас кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын қолдау функциясын өзіне алады.

2023 жылы өткізілген ANGAR IDEA SPEECH-ке ауыл шаруашылығы (4 жоба), қызмет көрсету саласы (7 жоба), сұлулық және денсаулық (2 жоба), туризм және демалыс (5 жоба), кафе (2 жоба), құрылыс және құрылыс қызметтері (4 жоба); IT-қызметтер және білім беру (5 жоба) сияқты бағыттар бойынша 32 бизнес-жоспар дайындаған 450-ден астам студент қатысты.


 Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ

Ойдағыдай жүзеге асқан студенттік жобаның бір мысалы – біздің университетте Greennik кафесінің ашылуы. Оның тұжырымдамасы – құрамына пайдалы тағамдар мен сусындар, атап айтқанда дәрумендерге бай смузи кіретін дұрыс тамақтану. Жобаға университет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Казцинк» ЖШС компаниясынан құрал-жабдықтарға қаржы бөлінді.

– Университеттің құрылған және дамып келе жатқан инновациялық инфрақұрылымы инновациялық қызмет саласында қойылған міндеттерді толық шешуге мүмкіндік береді, – деп бөлісті Жадыра Қоңырбаева. – Соңғы уақытта ШҚТУ-да ғылымнан түскен табыс өсті, қазір жылдық табыс шамамен 2 млрд. теңгені және университеттің жалпы бюджетінің 33%-ын құрайды. Гранттық қаржыландырудың 19 жобасы, 6 ғылыми-техникалық бағдарлама, оның ішінде ҚР ұлттық жоғары оқу орындарымен консорциумда (Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) 2 жоба, «Ғылым қоры» АҚ және Дүниежүзілік банктің коммерцияландыру жөніндегі 2 жобасы іске асырылу сатысында.

2023 жылы алғаш рет Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Erasmus + халықаралық жобасының грантхолдері атанды. 2023 жылдан бастап университетте Erasmus+ CirculEC қолдауымен жалпы сомасы 708 мың еуроға «Циркулярлық экономика және орнықты даму бойынша инновациялық оқу бағдарламалары мен модульдерін әзірлеу» және «Өтпелі экономикалы елдер үшін өнеркәсіптік кәсіпкерлікті басқару бойынша магистрлік бағдарламаны әзірлеу» атты 2 халықаралық жоба іске асырылуда. «Циркулярлық экономика және орнықты даму бойынша инновациялық оқу бағдарламалары мен модульдерін әзірлеу» жобасы Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарында қызметкерлерге, студенттерге және қалың жұртшылыққа жергілікті еңбек нарықтарының қажеттіліктеріне және Орталық Азия елдерінің алдында тұрған экологиялық проблемаларға сәйкес келетін дағдылар мен құзыреттерді ұсыну мақсатында циркулярлық экономика бойынша адам капиталының әлеуетін арттыруға бағытталған.

Өткен жылы ШҚТУ қызметкерлері American Councils for International Education қолдауымен америкалық University of Wisconsin-Madison университетімен бірлесіп университетте инновациялық қызмет пен кәсіпкерлік бойынша заманауи және тиімді экожүйені құру жөніндегі жобаны әзірлеп, іске асыруды бастады. Бұл бағытта халықаралық сарапшылар кеңесші болды.

– ШҚТУ-дың маңызды жетістігі және ғылыми-өндірістік ынтымақтастықты іске асырудың табысты кейсі – жетекші медициналық университеттермен және ғылыми-зерттеу институттарымен, академик Н. Д. Батпенов атындағы ҰТОҒО, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Семей қаласының медициналық университеті және басқалармен бірлесіп медициналық импланттарды әзірлеу және өндіру – дейді Жадыра Қоңырбаева. – Әзірлеме Шығыс Қазақстан облысының жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарында өндіріс үшін өнімнің жаңа түрлерін әзірлеуге бағдарланған машина жасау және тау-кен металлургия кешені саласында смарт-инжиниринг және импортты алмастыру технологияларын дамыту үшін құрылған Smart engineering құзыреттілік орталығының базасында жүргізіледі. 2017 жылдан бастап серіктес медициналық ұйымдардың белсенді қатысуымен травматология, ортопедия және нейрохирургия қажеттіліктері үшін медициналық мақсаттағы бұйымдар саласында 10-нан астам ғылыми-техникалық жоба іске асырылды. 

ШҚТУ базасында жобаның тұрақтылығын іске асыру және коммерцияландыруды дамыту үшін Қазақстанда алғашқы медициналық технопарк құру қарастырылуда, оның негізгі мақсаты – Қазақстанда травматология мен ортопедияға арналған медициналық бұйымдар мен құралдардың барлық спектрін өндіруді ұйымдастыру. Жобаны Шығыс Қазақстан аумағында медициналық инжиниринг; медицина саласындағы R&D орталықтары; ММБ прототиптеу сияқты қызмет бағыттары бойынша еркін экономикалық аймақ құру шеңберінде іске асыруға болады.

Жобаны іске асыру Қазақстан аумағындағы отандық ММБ үлесінің 5-тен 10%-ға дейін өсуі, медициналық машина жасау саласында R&D құру және медициналық мекемелер мен медициналық білім беру жүйесі үшін білім базасының тиімді өсуі, сондай-ақ технологиялар мен ММБ импортын қоса алғанда, саланың жалпы өсуі сияқты көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.


 Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ

– Аймақтың инновациялық қызметі мен қоғамдастығының тартылыс нүктесі ретінде университет жыл сайынғы EKTU RnD FORUM іс-шарасын өткізеді. Мәселен, 2023 жылы ол республикалық «Ғылым апталығы» аясында өткізілді. Пленарлық сессия барысында түрлі мәселелер талданды, «RnD – ғылым мен бизнесті дамытудың тиімді тетігі», «RnD қолдау тетіктері: қазақстандық тәжірибе және халықаралық трендтер» атты баяндамалар оқылды, ғылым мен бизнесті интеграциялаудың практикалық көрінісі туралы сындарлы пікірлер айтылды, – дейді Жадыра Қоңырбаева. – Форум ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ШҚО әкімдігінің қолдауымен, Германия Федеративтік Республикасының ҚР-дағы Вице-Елшісі Холгар Коллидің, «Казцинк» ЖШС, «УМЗ» АҚ, «АЗТМ» АҚ, «ОХМК» ЖШС, «Силумин-Восток» ЖШС, «Кемонт» АҚ, «ДИМ Строй» ЖШС сияқты жетекші компания өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстанның жоғары оқу орындарының қатысуымен өтті. Форум оның қатысушылары арасында бірқатар меморандумдарға қол қоюмен және Қазақстан Республикасының үкіметіне ұсыныстары бар қарар дайындаумен аяқталды. 

 Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ

Соңғы жылдары ғылымды коммерцияландыру бағытында ұзаққа созылған оң үрдістер байқалады. Бизнес-қоғамдастық, ірі кәсіпорындар мен компаниялар біздің ғалымдармен белсенді қарым-қатынас жасай бастады. Мемлекеттік қолдау шаралары – гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, коммерцияландыруға арналған гранттар белсенді іске қосылды. Біздің мемлекетіміздің ғалымдары бүгінгі шындыққа бейімделе білуі керек. Ғылымды коммерцияландыру сонымен қатар көбінесе «зерттеу» санатынан «пайдалы өнімдерге» ауысу үшін қажет университеттер мен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастықты орнатуға көмектеседі. Ал бұл, өз кезегінде, ғылым «ғылым» үшін жасалып жатқан қазақстандық ғылымның тұйықталу мәселесінің шешімі болып табылады. 

 

АННОТАЦИЯ

ВКТУ им. Д. Серикбаева является ведущим научно-образовательным центром Восточно-Казахстанской области и активно участвует в построении инновационной системы на национальном и региональном уровне. ВКТУ выступает полноправным партнером международных вузов, крупных промышленных предприятий и научных организаций Казахстана в решении приоритетных задач образования, науки и инноваций. В вузе действуют центры компетенций, офис коммерциализации технологий, бизнес-инкубатор, рассматривается создание первого в стране медицинского технопарка.


Комментарии


bottom of page