5.02.2024.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Вусонг университетінің өкілдерімен жүздесті, «Современное образование» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Мәртебелі меймандар Қазақстанда, соның ішінде Түркістан облысында Вусонг университетінің филиалын ашу мәселесін қарастырды. Сондай-ақ тараптар еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Вусонг университеті арасындағы екіжақты ынтымақтастық жағдайын талқылады.
Кездесуге Вусонг халықаралық мектебінің атқарушы деканы Ю Тэк Ли, Вусонг білім беру қорының атқарушы директоры, басқарма мүшесі, Вусонг білім беру қорының стратегиялық жоспарлау бойынша директоры Тэ Хан Ким, стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы, Вусонг білім беру бөлімінің профессоры Йонгхва Джон қатысты.
Кездесу барысында ведомства басшысы Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім саласында жүргізіп келе жатқан нәтижелі реформаларымен таныстырды, сондай-ақ елімізде шетелдік университеттердің филиалдарын ашу және ғылыми-технологиялық хабтар құру мәселелеріне кеңінен тоқталды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей: «Жаңа экономика құру үшін ЖОО-дың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды». Президенттің осындай іргелі бастамаларын жүзеге асыру бойынша Қазақстанда 12 шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылғанын атап өту керек. Біздің университеттер жыл сайын Кореяның ЖОО-мен қарым-қатынасын нығайтып келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы Қызылорда қаласында SeulTech жасанды интеллект және информатика жоғары мектебін аштық. Қазақстандық жастар Оңтүстік Кореяның мәдениеті мен біліміне қызығушылық танытып отыр. Сондықтан Қазақстанда тағы бір Корея университетінің филиалын ашу туралы ұсынысын зор қуанышпен қабылдаймыз», - деп атап өтті министр.
Өз кезегінде Вусонг халықаралық мектебінің атқарушы деканы Ю Тэк Ли қазақстандық университеттермен әріптестік орнатқаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.
«Біз бүкіл жаһан бойынша әлемдік деңгейдегі кампустарымызды ашуға бейілдіміз. Бізде 6 түрлі жаһандық гибридтерді ашу жоспары бар, әсіресе Орталық Азия елдерінде. Келешекте Орталық Азия білім орталығына айналады. Қазақстан – біздің оқу орнымыз үшін мәдениеті, мұрасы, әдет-ғұрпы жағынан ерекше жер. Ынтымақтастыққа бастамашы бола отырып, біз 4 түрлі білім беру моделін әзірлеуді ойластырамыз», - деп атап өтті Ю Тэк Ли.
Айта кету керек, Вусонг университеті Оңтүстік Кореяның Теджон қаласында орналасқан және әйгілі Вусонг білім беру қорының иелігіндегі білім ордасы болып табылады. Университетте 12 мыңнан астам студент білім алуда, қазіргі таңда 780 профессор біліктілігін арттыруда. Woosong кәсіптік және білім беру базаларын дамыта отырып, әлемнің 67 еліндегі 430 оқу орындарымен ынтымақтастық аясында жұмыс жасайды.
Commentaires