top of page
Search

Ғани Бейсембаев ауылдық мектептердің жас ұстаздарымен кездесті

19.08.2024.


Елордада NIS педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» республикалық форумы өтті. Кездесуде еліміздің шалғай елді мекендерінен келген 300-ден астам жас педагог бас қосты, «Замануи білім беру» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


Ғани Бейсембаев

Бейресми форматта өткен жиында педагогтер министрге өздерінің сұрақтарын қойып, білім саласындағы маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты. Ғани Бейсембаев өскелең ұрпақтың болашағын қалауға үлес қосатын педагог мамандығының маңыздылығын атап өтті.


«Педагог мамандығы – бұл қызмет қана емес, еліміздің болашағын қалыптастыру жолындағы абыройлы міндет. Біз балаларымыздың оқуы мен дамуы үшін ең жақсы жағдайды қамтамасыз етуіміз керек», – деді министр.

Сондай-ақ министр ұстаздық етудің маңызды басымдықтарын, оның ішінде балалармен жұмыс жасау, психологиялық ерекшеліктерді тану, білім беру процесінде жасанды интеллектті қолдану, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру және эмоционалдық интеллектті дамыту туралы мәселелерге тоқталды. Мектеп қабырғасында достық орта қалыптастыру мен педагогикалық қызметте жаңа зерттеулер жасаудың жай-күйіне аса назар аударылды.


Форум жас мамандардың ынта-жігерін арттыру және өз табыс тарихымен бөліскен білім беру саласындағы жетекші мамандармен тәжірибе алмасу үшін үлкен мүмкіндік алаңына айналды.

Comments


bottom of page