top of page
Search

Дебат турнирлерінің жеңімпаздары ректор гранттарын ала алады – министрлік


Дебатты ойын ретінде емес, білім беру технологиясы деп қабылдауымыз қажет. Бұл туралы дебат ойындарының белсенді қатысушыларымен кездесуде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Ведомство басшысы елімізде оқушылар мен студенттер арасындағы дебат қозғалысы қайта жанданып жатқанын және дебаттар мектеп, колледж, жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналатынын атап өтті.


Кездесуге республиканың барлық ауданы мен қаласынан дебат үйлестірушілері, білім басқармаларының басшылары, жоғары оқу орындарының проректорлары, мектеп және студенттік дебат клубтарының мүшелері шақырылды.


Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда дебат қозғалысын дамыту тұжырымдамасын және оқушылар, студенттер арасында дебат турнирлерін өткізу қағидаларын әзірледі. Жаттықтырушыларды даярлау бойынша жұмыс жүргізіліп, дебат клубтары ашылып жатыр.


«Дебатты ойын ретінде емес, білім беру технологиясы деп қабылдауымыз қажет. Сондықтан бұл қозғалысты белсенді түрде дамытып жатырмыз. Біз Қазақстанда дебат қозғалысын дамыту тұжырымдамасын және оқушылар мен студенттер арасында дебат турнирлерін өткізу қағидаларын әзірледік. Министрліктің «Оқуға құштар мектеп«, «Мектептегі және студенттік өзін-өзі басқару« сияқты жобаларымен бірге «Дебаттар« жобасына да барлық білім беру ұйымында баса мән берілуі тиіс», – деді министр Асхат Аймағамбетов.


Сондай-ақ БҒМ басшысы студенттік жылдары өзі де дебат ойындарына белсенді қатысқанын тілге тиек етті.


«Дебат адам бойында маңызды дағдыларды қалыптастырады. Мәселен, бұл тәжірибе маған көп пайдасын тигізді және қазір жұмыс барысында да көмектеседі. Сондықтан балалардың сыни ойлау қабілетін дамыту, командада жұмыс істеуге баулу, сұрақтарға жауап беру, өз пікіріңді дәлелдеу, балалардың өз ойларын дұрыс тұжырымдауы үшін бізге осы білім беру технологиясын белсенді қолдану қажет», – деп атап өтті министр.


Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов дебат қозғалысының дамуы қағаз жүзінде болмауы тиіс екенін атап өтті.


«Осы ретте баланың қызығушылығын туғызып, оған жеке қасиеттерін дамытуға көмектесу маңызды. Айта кеткен жөн, дебат турнирлерінің жеңімпаздары жоғары оқу орындары ректорларының гранттарын ала алады», - делінген ҚР БҒМ баспасөз қызметінің ақпаратында.



#Білім #Қоғам #ҚР Білім және ғылым министрлігі #Жастар



Comments


bottom of page