2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық мектептері мен колледждерінде балалардың эмоционалдық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған «ДОСБОЛLiKe» антибуллингтік бағдарламасы енгізіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала өкілдері мәлімдеді.

Қазіргі уақытта бағдарлама еліміздің 9 өңірінде пилоттық режимде сыналуда. Оған 70 мыңға жуық оқушы мен 5 мыңнан астам педагог қатысуда.
«Бұл бастама оқушылардың дау-жанжалдарға конструктивті түрде жауап беру дағдыларын қалыптастыруға, әлеуметтік-эмоционалдық қабілеттерін дамытуға, тұлғааралық және топаралық қарым-қатынастарды оңтайландыруға, сондай-ақ балалардың жалпы психологиялық әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Әрбір баланың өзін қауіпсіз сезінетін және толыққанды дамитын ортада білім алуына жағдай жасау – аса маңызды қадам», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Бағдарлама пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатқан өңірлерде барлық қатысушыларға арналған оқыту курстары мен практикалық шаралар ұйымдастырылуда. Олар буллингтің алдын алу, қақтығыс жағдайларының себептері мен факторларын анықтау, сондай-ақ оларды шешу жолдарын түсіндіруге бағытталған.
Сонымен қатар оқушылар мен олардың ата-аналарына арналған іс-шаралар өткізу көзделген, онда «ДОСБОЛLiKe» бағдарламасының мақсаты мен іске асыру әдістері түсіндіріледі.
Commentaires