top of page
Search

Елорданы «Эко-қалаға» айналдыру үшін Астана әкімдігі, ҚАТЗУ және РУДН университеті күш біріктірмек

Еліміздің бас шаһарын әлемдегі ең үздік экологиялық қалалардың біріне айналдыру мақсатында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Ресей халықтар достығы университетімен (РУДН) бірлесе отырып, әкімдікке білікті және жүйелі кәсіби кеңестер мен техникалық көмек беруге дайын, «Современное образование» журналы университет баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.


Астананың 25 жылдығына орай «Жаңа даму бағыттары. Жаңа мүмкіндіктер» атты бауырлас қалалардың мерейтойлық форумында Елорда әкімдігі, ҚАТЗУ және РУДН ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.


Форумға қатысушылардың алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Халықаралық іс-шараға әртүрлі елдерден келген 10 қаланың әкімдері қатысты. Олардың қатарында Рим (Италия), Рабат (Марокко), Баку (Әзірбайжан), Ташкент (Өзбекстан), Бішкек (Қырғызстан), Белград (Сербия), Минск (Беларусь) және Ресейдің Қазан және Омск қалаларының әкімдері болды.


С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің сәулетшілері, техникалық сарапшылары Астананың бірнеше ғимараттары мен қалалық құрылыстарын жобалауға өз үлестерін қосты. Енді РУДН-мен бірге ҚАТЗУ сәулетшілері, эколог-сарапшылар мен зерттеушілер астаналықтар мен қала қонақтарының ыңғайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін интеграцияланған қала құрылысы мен басқару арқылы тың стратегиялар мен шешімдерді ұсынатын болады.


ҚАТЗУ ректоры Тіреуов Қанат Маратұлы, РУДН аграрлық-технологиялық институтының директоры Довлетьярова Эльвира Анварбековна және Астана қаласы әкімдігіне қарасты урбанистік зерттеулер орталығының басшысы Базыкин Елнар Болатұлы қол қойған үшжақты келісім қалада жасыл желектер мен жасыл ландшафт құру, таза сумен қамтамасыз ету және тұрғын үйлердегі балалар үшін экологиялық таза және қауіпсіз кеңістік құру мәселелерін қамтиды.


Келісімшартқа сәйкес, РУДН сарапшылары мен зерттеушілері Ресейдің және басқа елдердің қалалық жоспарлау тәжірибесімен бөліседі. ҚАТЗУ сарапшылары таза, жасыл және тұрақты түрде дамитын Елорда үшін қалалық басқарудың кешенді жоспарын дайындауға көмек көрсетеді, ал Астана әкімдігі бірлесіп дайындалған жаңа жоспарлар мен стратегияларды енгізетін болады.














© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page