Қазақстанда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі басталды. Биыл зияткерлік сайыстар электронды форматта өтуде. Оған барлық қалалар мен аудандардан 15 651 оқушы 15 пән бойынша қатысады. ҚР ОАМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Республикалық олимпиаданың үшінші кезеңі 13-18 ақпан аралығында өтеді. Зияткерлік сайыс 15 пән бойынша соның ішіндематематикалық және гуманитарлық бағытта өтеді. Үшінші кезеңге еліміздің барлық өңірлерінен15 651 оқушы қатысады.
«Өткен жылдан бері олимпиада «El Umiti Digital Online Platform» ақпараттық жүйесінде веб-камерадан фото түсіру және минут сайын скриншот арқылы прокторинг қызметін пайдалану арқылы электронды форматта өткізіліп келеді. Мектеп оқушыларына тапсырмаларға қол жеткізу үшін жауап бланкілері, жеке логиндер мен парольдер беріледі», - дейді «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Ғаждембек Тұрсынов.
Айта кетейік, олимпиада «1 компьютер – 1 оқушы – 1 камера» қағидасы бойынша өткізіледі. Жарыстың тікелей трансляциясы мен түсірілімі YouTube арналарында қолжетімді.
Олимпиаданың ашық өтуін бақылау үшін «Адалдық алаңы» ҚБ, облыстардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ата-аналар қауымы шақырылған.
Comments