Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген жаратылыстану-математика пәндері бойынша ХVІІ Президенттік олимпиада аяқталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 190 оқушы қатысты.

Олимпиада оқушылардың жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді тереңдетіп зерттеуге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында жыл сайын 11 (12) сынып оқушылары арасында өткізіліп келеді.
Оқу-ағарту вице министрі Арай Оразова олимпиаданың жабылу салтанатына қатысып, оқушыларға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқыды.
«Білім мен ғылым және мәдениет қоғамның рухани дамуының ажырамас бөлігі әрі сапалы ұлт қалыптастырудың негізі болып табылады. Білім шыңын бағындырған бүгінгі жетістіктеріңіз – тынымсыз іздену мен қажырлы еңбектің нәтижесі. Сонымен қатар мұнда ұстаздар қауымы мен ата-аналарыңыздың да өлшеусіз еңбегі мен қолдауы жатыр.Қадірлі достар! Ұшқыр ой, терең білім мен жоғары нәтижелеріңіз – Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлкен үлестеріңіз. Жаңа биіктерді бағындыруда Сіздерге сәттілік тілеймін!», – делінген Үкімет басшысының құттықтау хатында.

Олимпиада қорытындысы бойынша 48 қатысушы жеңімпаз атанды. I орын иегерлері SDU, Astana IT University және Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректорлық білім гранттарына ие болды.
Айта кету керек, олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қазақстандық ЖОО-на түсуде білім гранттарына ие болу басымдығы беріледі.

Комментарии