Абай университетінің ректоры Болат Тілеп Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпаздарымен кездесті. Кездесуге университеттің зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, Ғылым департаментінің директоры Ұлжарқын Әбдіғапбарова қатысты.
«Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсының қорытындысы бойынша Абай университеті ұсынған жобалардың ішінен 7 жоба іріктеліп, жеті жас ғалым: Назира Мырзалы, Жазира Стамбекова, Дамира Советканова, Мадина Молдағали, Бактияр Бутеев, Дания Утепова, Жанарс Абдираманов жеңімпаз атанды.
Кездесу барысында ректор Болат Тілеп университеттің ғылыми әлеуетін нығайтудағы жас ғалымдардың рөлі жоғары екеніне тоқталып, олардың ғылыми бастамаларын үнемі қолдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпаздарына отандық ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады.
Кездесуде университеттің ғылыми және инновациялық бастамаларын дамыту стратегиясы, ғылыми зерттеулерді жүзеге асырудың қажетті ресурстары мен мерзімдері, сондай-ақ ғалымдармен бірлескен күш-жігер арқылы ғылыми қызметте барынша жоғары нәтижеге қол жету жолдары талқыланды.
Іс-шара нәтижелі өтті. Жас ғалымдарды қолдау оларды жаңа жетістіктер мен инновациялық шешімдерге ынталандырады, университеттің ғылыми әлеуетін нығайтады.
Comments