top of page
Search

ЖОО мен колледждердің білім беру бағдарламаларын үйлестіруге ерекше назар аударылады

11.09.2024.


Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру бойынша әлеуметтік салада нақты шаралар іске асырылатын болады. Ең алдымен, елімізде өз филиалын ашқан шетелдік жоғары оқу орындарына қатысты Бірыңғай талаптар қабылданады. Аталған тақырыпта Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады, «Замануи білім беру» журналы Премьер-Министр ресми сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.  


Саясат Нурбек

Министр мәлімдегендей, оқу бағдарламаларының халықаралық стандарттарын, оқыту технологиясын және студенттердің білімі мен біліктілігін бағалау механизмдерін трансферлеу қарастырылады. Ғылым және жоғары білім министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, сұранысқа ие мамандарды даярлау саласында тиімді өзара іс-қимыл орнату бойынша жұмыс жүргізуде.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, алдымен су ресурстары, құрылыс, энергетика және басқа да салалардағы мамандардың жетіспеушілігін жойып, осы бағыттар бойынша болашақ мамандарды даярлауды қолға алу қажет», — деді Саясат Нұрбек.

Аталған жұмыс келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:

Бірінші. Жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл арқылы олардың талаптары мен сұраныстарына сәйкес мамандарға қажеттілікті анықтау, даярлау процесін болжау және жоспарлау. 

Екінші. Академиялық артықшылық моделі негізінде зәкірлік құзыреттілік орталықтарын құру. 

Үшінші. Үздік халықаралық тәжірибелер мен технологиялар негізінде білім беру бағдарламаларын үйлестіру.

Бірінші бағыт бойынша: кадрларды даярлау мен инновацияларды дамытудың басым бағыттары «Мамандығым – болашағым» жобасы шеңберінде өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып айқындалады. Бұл жоба еңбек нарығындағы өзгерістерді бақылауға, болжауға және оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

«2021 жылдан бастап білім беру жүйесін кадрларды даярлаудың озық моделіне қайта форматтау мақсатында Қазақстанның жаңа кәсіптері мен құзыреттерінің атласы әзірленді. Бүгінде атлас Еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. 5 өңірде (Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды облыстары, Астана және Алматы қалалары) Өңірлік кәсіп атластары әзірленді. Оларда 268 жаңа мамандық айқындалды», — деді спикер.

Бұл ретте 60 мыңнан астам мектеп оқушысы edunavigator.kz платформасы негізінде кәсіби диагностикадан өткен. 66 жоғары оқу орны мен колледждерде жаңа кәсіптер атласы негізінде 211 білім беру бағдарламасы енгізілді.

«Павлодар облысы өңірлік атласты алғашқылардың бірі болып енгізді. Атласты енгізу аясында өңірдің 20 кәсіпорны мен 15 пилоттық колледждердің өзара іс-қимылы жүзеге асырылды. Нәтижесінде 40 перспективті мамандық бойынша 25 жаңа оқу бағдарламасы әзірленді. Сондай-ақ, 41 оқытушы кәсіпорындарда тағылымдамадан өтті. 2022 жылы 102 студент бітіріп шықты, ал 2025 жылы 703 түлек күтілуде», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Академиялық дербестіктің енгізілуін ескере отырып, колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжі 07130100 «Электржабдық» мамандығының қолданыстағы лицензиясы бойынша жұмыс оқу жоспарына «Электржабдықтың сенімділігі жөніндегі менеджер» жаңа мамандығы бойынша оқыту нәтижелерін ескере отырып, кәсіби модульдерге өзгерістер енгізді.

Ал, колледж педагогтері әлеуметтік әріптестердің кәсіпорындарында жоспарлы тағылымдамадан өтеді. Хромтау тау-кен-техникалық жоғары колледжінің оқытушыларына ұшқышсыз ұшатын аппараттарды басқару және ұшудан кейінгі деректерді өңдеу негіздеріне арналған мамандандырылған бағдарламалық жасақтамада оқыту жүргізілді.

Академиялық білім мен жаңа технологияларды өнеркәсіпке трансферлеу мақсатында Министрлік 17 өңірлік, 3 ұлттық және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында 25 Академиялық және зерттеу артықшылық орталықтарын айқындады.

«Академиялық және зерттеу артықшылық орталықтарының аясында мамандану мен дамудың стратегиялық бағыттарын ескере отырып, Ғани Бектайұлы атап өткен әрбір макроөңір үшін басым мамандықтар айқындалды және колледждермен әріптестікті нығайту мақсатында жоғары оқу орындары бекітілді. Сонымен қатар, жаңа «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң өңірлік ғылымды дамытуға ықпал етеді, бұл колледж-университет-кәсіпорын экожүйесін құруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Саясат Нұрбек Үкімет отырысында.

Қазірдің өзінде еліміздің жетекші 30 жоғары оқу орны аралас білім беру бағдарламаларын іске асыратын 100-ге жуық колледжбен әріптестік орнатты.

Осылайша, Satbayev university және «Қазақмыс» ЖШС өз колледждерінің «Энергетика», «Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту», «Тау-кен инженериясы», «Технологиялық машиналар мен жабдықтар» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша оқыту траекториялары бойынша келісімге қол қойды. Колледж түлектері Satbayev university-де қысқартылған бағдарлама бойынша оқуын жалғастыра алады, — деді министр.

Сондай-ақ, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында колледжде озық білім беру технологияларын енгізу арқылы жұмысшы мамандықтарын даярлау сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік беретін «мектеп-колледж-университет» «West Hub» білім беру хабы құрылды. 

«Бүгінгі таңда Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп Атырау мұнай және газ университетіне – Атырау көлік және коммуникация колледжін сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі пысықталуда. М. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті химия өнеркәсібі саласында кадрлар даярлау үшін «Қазфосфат» ЖШС және Қаратау политехникалық колледждерімен жұмыс жүргізуде», — деп мәлімдеді Саясат Нұрбек.

Ұлттық біліктілік шеңберіне сәйкес, жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларын үйлестіруге ерекше назар аударылады. Бұл ретте ҰБТ жоғары оқу орындары мен колледждерге грант беру тетігі ретінде болу мүмкіндігі бар.

Оқу нәтижелерінің жоғарылауына сәйкес синхрондалған білім беру бағдарламалары колледж түлектеріне жоғары білімді жеделдетілген курста (2 жыл) жалғастыруға және жоғары біліммен еңбек нарығына шығуға мүмкіндік береді. Осындай икемді тәсіл жастардың мансаптық жолын жүйелеп, еңбек нарығына шығудың балама әдістерін қалыптастырады.

Сонымен қатар, микробіліктілік пен minor-бағдарламаларды енгізу студенттерге жеке еңбек функциясын орындау үшін жеткілікті аралас салаларда біліктілікті игеруге мүмкіндік береді. Министр айтқандай, микробіліктілік жұмыс істейтін мамандар үшін де маңызды. Олар жоғары оқу орындарында еңбек нарығының нақты сұраныстары бойынша жаңа құзыреттерді игере алады. Бұл тетік, бірінші кезекте, инженерлік-техникалық кадрларды даярлау жүйесінде іске асырылатын болады.

Министрлік колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерін оқыту нәтижелерін нақты бөлуді көздейтін инженерлік білім беру моделін әзірлеуде.

«Жоғары оқу орындары, колледждер мен өңірлердің кәсіпорындары арасындағы сұранысқа ие мамандарды кәсіптік даярлау саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту және тереңдету өңірлік жол карталары негізінде жалғастырылатын болады», — деп қорытындылады баяндамасын министр.

Comentarios


bottom of page