top of page
Search

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы»: ең үздіктер жетекшілік ететін болады


Жасыратыны жоқ, мектептегі атмосфера көбінесе оның бірінші басшысына байланысты. Мейлі ол шығармашылық жағдай жасай ма иә болмаса өктемшіл бола ма, мектепті барлығына ыңғайлы және қалаулы оқу орнына айналдыруға тырысады ма немесе жай ғана ережелерді сақтауды талап етеді ме – бұл мұғалімдерге де, мектеп оқушыларына да, олардың көңіл күйі мен шабытына әсер етеді. Сондықтан мектеп ұжымдарын ол жерде әркім, яғни оқушы да, ұстаз да өз әлеуетін аша алатын, мектептің мәдениет пен білім ошағы болуы үшін бойында қажетті барлық қасиеттер мен дағдылары бар кәсіби мамандардың басқарғаны маңызды. Белсенді, бастамашыл министр Ғайни Бейсембаев басқаратын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асыратын жаңа жоба біздің мектептерімізді, балабақшаларымызды, колледждерімізді кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілігі мол зиялы көшбасшылармен қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп үміттенеміз. Бұл жобаның қалай жүргізіліп жатқаны туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Зейнеп МАХСУТОВА айтып берді.

 

Зейнеп Махсутова

Білім беру ұйымдары басшыларының кадрлар резервін дайындау мәселесін алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы наурызда VIII шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында айтқан болатын.

Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі менеджментті жаңғырту негізінде адам капиталының сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық міндетті айқындап, қысқа мерзімде Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдары басшыларының кадрлар резервін дайындауды тапсырды.

Өзгерістер көшбасшыларын даярлау мәселесі Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында білім берудегі өзгерістер көшбасшылары – басшылардың кадрлар резервін даярлаудың нысаналы индикаторы ретінде көрініс тапты.

Осылайша, 2023 жылы білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысын даярлау жобасы басталды.

Көшбасшыларды іріктеу және оқыту бес кезеңде жүргізілді.

 

ТЕСТІЛЕУ

2023 жылғы 5-7 маусым аралығында критерийлерге сәйкес тіркелген 8068 үміткердің ішінен құзыреттерді бағалауға тестілеуден өту үшін 5358 адам (66,4%) іріктелді. Негізінен тиісті санаттың болмауына байланысты қалған үміткерлер іріктеудің бірінші кезеңінен өте алмады.

2023 жылғы 12-16 маусым аралығында бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша іріктелген 5 358 адамнан 2 838 үміткер (53%) құзыреттерді бағалауға тестілеуден өтті (қалған 47%-ы іріктеудің осы кезеңінен өте алмады). Іріктеу қабілеттілік тестілері (ауызша және сандық ақпаратты талдау) және кәсіби тұлғалық сауалнама негізінде жүргізілді. Қорытындысы бойынша 500 адам таңдалды, оның ішінде қазақ тілінде – 278 адам (55,6%), орыс тілінде – 222 адам (44,4%) тест тапсырды.


«1000 лидеров изменений в образовании

ОҚЫТУ 

Кадрлар резервіне үміткерлерді оқыту білім беру көшбасшыларының жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған «Мектеп басшыларының кадрлар резерві: даму әлеуеті мен стратегиясы» біліктілікті арттыру курсының білім беру бағдарламасы бойынша өтті. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен 2023 жылы (23.06.2023 ж.) келісілген Біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламаларының тізбесіне енгізілген.

Үміткерлерді оқыту болашақ басшыларда мектеп қызметін тиімді басқару үшін қажетті жеке, кәсіптік, басқарушылық және талдамалық дағдылар мен құзыреттерді дамыту мақсатында қажет. Оқыту базалық, жетілдірілген және кәсіби деңгейлерден тұрады.

Базалық бес модульден тұрады:

1. Жаһандану жағдайындағы орта білім беру трендтері;

2.  Өзгерістер жағдайындағы көшбасшылық;

3. Тиімді көшбасшының кәсіби-тұлғалық қасиеттері. Басшының профилі;

4. Мектеп директорының өзін-өзі дамыту психологиясы;

5. Оқыту мен тәрбиелеуге бағдарланған құндылықты-бағдарлау тәсілі.

Ілгерінді алты модульден тұрады:

1. Көшбасшы және команда: тиімді жұмысты ұйымдастыру;

2. Педагогтердің зерттеу қызметін жылжытудағы көшбасшылық;

3. Команданың кәсіби дамуы;

4. Білім беруді цифрландыру және мектептегі өзгерістерді басқару;

5. Команданың кәсіби құндылығын арттыруға арналған Soft skills;

6. Өз мектебіндегі № 1 тәжірибе.

Кәсіби жеті модульден тұрады:

1. Мектепті басқарудың құқықтық және қаржылық-экономикалық негіздері (мектеп кейстері негізінде);

2. Мектептің корпоративтік мәдениеті;

3. Жайлы білім беру ортасы;

4. Деректер негізінде мектептің дамуын стратегиялық басқару;

5. Мектеп басшысының бизнес-ойлауын қалыптастыру;

6. Тиімді коммуникация және келіссөздер жүргізу өнері;

7. Өз мектебіндегі № 2 тәжірибе.

Базалық деңгейде қатысушылар тестілеуден өтті; озық және кәсіби деңгейде мектептерде тәжірибеден өту нәтижелеріне негізделген рефлексивті есептер/портфолио тапсырды. Оқытудың әрбір деңгейі аяқталғаннан кейін тәуелсіз сыртқы бағалау рәсімі жүргізілді. Аралық және қорытынды бағалау нәтижелері бойынша тыңдаушылар одан әрі оқуға жіберілді.

2023 жылғы 3-14 шілде аралығында тестілеу қорытындысы бойынша оқуға жіберілген 500 үміткерден 386 (77,2%) адам базалық деңгейдегі оқытудан өтті. Аралық тестілеу қорытындысы бойынша базалық деңгейден кейін 275 (72%) үміткер одан әрі оқыту үшін ұсынылды.

24 шілде мен 11 тамыз аралығында бағдарламаның озық деңгейінде оқыту өтті. Тыңдаушылар жұмыс орны бойынша мектеп тәжірибесінен өтті. Тәжірибе нәтижелері бойынша олар аралық тәуелсіз бағалаудан өту үшін рефлексивті есептер дайындады, оның нәтижелері бойынша келесі деңгейге жіберу туралы мәселе шешілді.

Кәсіптік деңгейде 220 (немесе 44,4 %) қатысушы оқудан өтті.

 

ТАҒЛЫМДАМА

13-17 қараша аралығында үміткерлер еліміздің жетекші мектептері (Назарбаев Зияткерлік мектептері, РФММ, «Білім-инновация» лицейі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттар және т.б.) базасында тағылымдамадан өтіп, бағдарлама бойынша оқу нәтижесінде алған кәсіби білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын практикада бекітті.


«1000 лидеров изменений в образовании»

 

ҚОРЫТЫНДЫ БАҒАЛАУ

20 қарашадан 1 желтоқсанға дейін үміткерлер қорытынды бағалаудан өтті, оның нәтижелері бойынша 208 үміткер финалдық әңгімелесуге ұсынылды.

 

ӘҢГІМЕЛЕСУ

15 және 19 желтоқсанда 207 үміткер министрлік жанындағы комиссиядан проективті сұхбат форматында әңгімелесуден өтті.

Әңгімелесу мақсаты – мотивация дәрежесін, өмірлік және кәсіби құндылықтарды, көшбасшылыққа ұмтылуды, адамдармен қарым-қатынас жасай білуді, ниеттестікті, адалдықты бағалау.

Үміткерлерге ойдан шығарылған адамдарды, әрекеттерді, мотивтерді бағалау үшін мектепті басқару тәжірибесінен іс ұсынылады. Жауап беру кезінде үміткер өзінің өмірлік және кәсіби тәжірибесін (яғни өзінің мінез-құлқын) ойдан шығарылған адамдардың әрекеттеріне бейсаналы түрде ауыстырады, бұл оның ішкі мотивациясын ашуға мүмкіндік береді.

Бағалау критерийлері (олардың әрқайсысына дескрипторлар қоса беріледі):

1. Реакцияның адекваттығы: үміткердің әдеттегі немесе стандартты емес жағдайларға реакциясын бағалау, олардың жауаптарының лауазымның мәлімделген талаптарына сәйкестігі;

2. Қарым-қатынастық дағдылар: өз ойларын анық және тиімді жеткізе білу, тыңдау және диалогқа түсу, сондай-ақ вербалды емес дағдылардың болуы;

3. Көшбасшылық қасиеттер: үміткердің ұйымдастырушылық, ынталандыру және басқаларға ықпал ету қабілетін, шешім қабылдау және мәселелерді шешу қабілетін бағалау;

4. Аналитикалық қабілеттер: сыни тұрғыдан ойлау, жағдайларды талдау және мәселенің әртүрлі аспектілерін ескеру қабілетін бағалау;

5. Эмоционалды интеллект: үміткердің өз эмоцияларын түсіну және басқару қабілетін, сондай-ақ басқа адамдардың эмоцияларын қабылдау және түсіну қабілетін бағалау;

6. Шығармашылық қабілеттер: шығармашылық ойлау деңгейін және үміткердің жаңа идеяларды қалыптастыру, стандартты емес тәсілдер арқылы мәселелерді шешу қабілетін бағалау; 

7. Мақсатқа талпынушылық және өзін-өзі тәрбиелеу: өзін-өзі ұйымдастыру, қойылған мақсаттарға жету, уақыт пен ресурстарды басқару қабілетін бағалау.

Әңгімелесу нәтижелері бойынша 207 үміткер кадрлар резервіне қабылдануға ұсынылды.

 

«1000 лидеров изменений в образовании» дипломы

ҚР Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 396 бұйрығымен соңғы кезеңнің 207 қатысушысы бірінші басшылардың республикалық кадрлар резервіне алынды.

Кадрлар резервіне қабылданған мамандар мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының бос лауазымдарына конкурстық рәсімдерден өтпей, оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан мектептерге тағайындалады. Резервшілерді лауазымға тағайындағаннан кейін бір күнтізбелік жылдың ішінде «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының әдістемелік сүйемелдеу кезеңі жоспарланған.

Жобаны іске асыру бойынша жұмыс 2024 жылы жалғасуда.

Жобаға қатысу үшін тіркеу 25 ақпанға дейін жүргізілді. Қатысуға тиісті бейіндер бойынша жоғары педагогикалық немесе кәсіптік, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар (жоғары және/немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында педагогикалық қайта даярлаудан өткен), педагогикалық жұмыс өтілі кемінде үш жыл және педагог-сарапшыдан төмен емес біліктілік санаты бар кандидаттар жіберілді.

2024 жылғы 26 ақпандағы жағдай бойынша мектепке дейінгі білім беру, орта білім беру ұйымдарынан және еліміздің барлық өңірлеріндегі ТжКБ ұйымдарынан 13000-нан астам үміткер берілді.


«1000 лидеров изменений в образовании»

 

АННОТАЦИЯ

Заместитель председателя комитета среднего образования Министерства просвещения РК Зейнеп Махсутова рассказывает о проекте «1000 лидеров изменений в образовании», его задачах, требованиях к кандидатам, этапах проведения и результатах 2023 года. В 2024 году этот проект, направленный на создание республиканского кадрового резерва первых руководителей учебных организаций, продолжается.


Comments


bottom of page