
Жыл соңында «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің Students Hub алаңында «Students Hub: бірге қолымыздан келеді!» атты жастар арасында кең таралған белсенді оқыту әдісін сынақтан өткізу мақсатында печа-куча форматында шағын конференция өтті.
Печа-куча шағын конференциясы Жапонияда, жас дизайнерлер мен сәулетшілер ортасында бастау алды. Қызығушылықтар бойынша қарым-қатынас орнату нәтижесінде интеллектуалды кештер құрылды, онда қатысушылар тыңдалымға өз баяндамаларын ұсынды. Әрқайсысы өзіне қызықты тақырыпта сөз сөйлейді. Мұндай қарым-қатынастың ерекшелігі – тыңдармандар әрқашан оң көзқараста болады.
Печа-куча – жеңіл, қызықты әңгіме. Баяндама форматының нысаны мен ұзақтығы бойынша арнайы шектеулері бар: 7 слайд болуы керек, әр сөйлеушіге 4 минуттан беріледі. Осы уақыт ішінде спикер өзі туралы ғана емес, сонымен қатар өзінің жобасы, идеясы немесе қызығушылығы жайлы да айтып, тыңдармандардың ынтасын оятып, соңында олардан сұрақтар алуы керек. Тәжірибе көрсеткендей, сол аралықта идеяны жеткізу әбден мүмкін, ал қысқа баяндама шаршатпайды.
Осылайша,
печа-куча – бұл дағдыларды игеру, уақытты сезінуді үйрену, басты нәрсеге назар қою, шешендік қабілеттерін, шығармашылық қасиеттерді және әзіл-оспақты түсіне білу қабілетін дамыту, сонымен қатар бейресми жағдайда сөйлесу мүмкіндігі.

Печа-куча ережелері
Тақырып – кез келген. Отбасылық рецепттен бизнес-идеяға дейін.
Саяси, діни тақырыптардағы баяндамаларға, сондай-ақ қорлау мен агрессивті үндеулерге тыйым салынады.
Барлығы 7 слайд, әрқайсысына 15 секундтан.
Бір слайд – бір ой.
Спикер слайдтардың ауысуын қадағаламайды. Олар 15 секундтан кейін автоматты түрде ауысады.
Иллюстрация мәтінді қайталамай, керісінше толықтыруы керек.
Печа-кучаға баяндаманы қалай дайындау қажет
Акценттерді алдын-ала анықтаңыз: аудиторияға қандай негізгі ойды жеткізгіңіз келеді?
Слайдтарды «оқиғаның басталуы – шарықтау шегі – шешімі» схемасы бойынша бір оқиғаға байланыстырыңыз. Бұл сөз соңына дейін аудиторияның назарын сақтауға көмектеседі.
Иллюстрацияларды таңдауда тартынбаңыз. Печа-куча стилі негізгі ойды айқындайтын жарқын, батыл, жиі әзіл-оспақты суретті қажет етеді.
Суреттерді қысқа мәтінмен толықтырған дұрыс. Бұл суреттің шетінде немесе дәл үстінде орналасқан бір тіркес болуы мүмкін.
Артық сөзден құтылыңыз. Шағын, бірақ нақты ойлар мен идеялар әлдеқайда тиімдірек болады.
Уақытты жобаңыз жайында көбірек айту мүмкіндігі ретінде пайдалану үшін көрермендердің ықтимал сұрақтарына алдын-ала дайындалыңыз.
Көбірек позитив қосыңыз. Печа-куча баяндамалары жеңіл, бейресми қарым-қатынас стилін пайдалануды көздейді.

Бір таңқаларлығы, печа-кучаның қатаң шектеулері дәстүрлі әдістерге қарағанда шығармашылық еркіндікке әлдеқайда көбірек мүмкіндік береді.
Печа-куча форматы тақырыптардың толықтығы мен кең көлемдігімен ерекшеленеді. Печа-кучаны талқылауға дайындық барысында колледж студенттері түрлі баяндама тақырыптарын ұсынды: «ЖИ: күрделі тақырыпта оңай!», «Жасанды интеллектпен шығармашылық жобалар», «Білім берудегі жасанды интеллект», «Мінсіз демалыс күні», «Мен – пошта маркаларының коллекциясын жиюшымын», «Климаттың өзгеруі: миф немесе шындық», «Кванттық өлместік теориясы – миф немесе шындық». Әртүрлі мамандықтар мен қызығушылықтарға ие студенттер кімнің немен айналысатынын білу үшін жиналды.

Жиналыс модераторлары Вероника-Виктория Кровякова және Артем Искандаров (С-23-24б тобы), қонақтарды қарсы ала отырып, баяндама форматының ерекшеліктеріне шолу жасады. Сосын қатысушылар шапшаң әрі еркін түрде серпінді, қысқа да нұсқа баяндамаларын қорғап, талқылау барысында залдың сұрақтарына жауап берді.
Шкробтак Никита (Ис-24-22б тобы) өз ойымен бөлісті:
«Мен таңдаған құпияға толы тақырып біздің өміріміздің маңызды бөлігіне айналуда. Жасанды интеллект – бұл машиналардың адамның ақыл-ойына еліктеу қабілеті, ол кескіндерді тануды, табиғи тілді өңдеуді және шешім қабылдауды қамтиды. ЖИ деректерден "үйрену" және нәтижелерді болжау үшін алгоритмдерді пайдаланады, күрделі мәселелерді шеше алады, ақпаратты талдай алады және тіпті шығармашыл ойлай алады!»
Нукушев Чингиз (Ис-24-22б тобы):
«Бұл керемет тәжірибе болды. Мен креативті салаларда технологияны қолдану туралы айтып, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын машықтандырдым. Өз баяндамамда ЖИ шығармашылықты қалай өзгертетіні жайлы тақырыпты аштым – оның суретшілерге, музыканттарға және жазушыларға бұрын мүмкін емес болып көрінген идеяларды жүзеге асыруға көмектесетіні жайында айттым. Студенттерге ЖИ артықшылықтарын көрсеттім – ол күнделікті тапсырмаларды орындауда уақытты үнемдейді, жаңа идеяларға шабыттандырады және оқуда көмектеседі. Бұл тәжірибе маған тақырыпқа тереңдеп қана қоймай, басқа студенттерді өз жобаларында жаңа технологияларды қолдануға шабыттандыруға көмектесті».
Елубай Ілияс (От-22-18б тобы) «Климаттың өзгеруі: миф немесе шындық» тақырыбында қысқа да нұсқа материал ұсынды. Тыңдармандар бей-жай қалмады, басқа қатысушылар эмоционалды пікірлер білдірді, олардың сөз сөйлеуі интеллектуалды стендапты еске салды: өмірден алынған оқиғалар, мемдер, интерактив қолданылды. Жалпы, парниктік эффект тақырыбы ақпаратты әрі қызықты түрде ұсынылды. Ілияс залдағы барлық сұрақтарға жауап берді, экологиялық мәселелерге назар аудару үшін ағаш отырғызу акцияларына, спорттық жарыстарға қатысатынын айтты. Бұл елеусіз үлес болса да, ең бастысы – жастарды жетелеу деп атап өтті спикер.

Прокофьев Кирилл (Иб-24-7б тобы) бірегей отбасылық маркалар коллекциясын ұсынды. Оны қазірдің өзінде танымал коллекция жиюшы деуге болады. Маркалар оны бала шағынан бастап қоршаған, сол себепті ол жас кезінен атасының құмарлығын жалғастырды. Кирилл Cuba, Mongolia, Polska, Việt Nam, Mozambique, India, Republique Guinee, Nicaragua, Uruguaya, Pilipinas, Grenada, Burkina Faso секілді әртүрлі елдер көрсетілген жарқын маркаларды көрсетті. Олар тақырыптық коллекцияларға мұқият жиналған: флора мен фауна, өнер тарихы, көлік, ұшу аппараттары, Олимпиада ойындары. Мысықтар мен иттердің тұқымдарына арналған маркалар, сондай-ақ шығыс күнтізбесінің ең ерекше өкілінің белгісімен өтетін жаңа 2025 жылдың символы – жыландардың әртүрлі түрлерінің жарқын бейнелері көрермендердің аса қызығушылығына ие болды.
Жылдам оқу әдістемесінің авторы Гүлнар Беспаева «Жылдам оқу шеберлігі: жылдам оқы, жақсы оқы!» атты баяндамасында печа-кучаға қонақ және спикер ретінде алғаш рет қатысқанын атап өтті:
«Мұғалім ретінде менің студенттік атмосфераға еніп көргім келді. Конференция форматы өте қызықты. Қысқа мерзімде көптеген тақырыптар қозғалды: маркалар коллекциясынан бастап кванттық физикаға дейін, климаттық өзгерістерден жасанды интеллектке дейін. Студенттер жауапкершілікпен дайындалған. Мұндай іс-шаралардың құндылығы – көпшілік алдында сөйлеу дағдыларында. Мен жылдам оқуды ұсындым, кітап оқу неліктен маңызды, жылдам оқудың артықшылығы неде, студенттерге қалай көмектесе аламын деген сынды сұрақтарды талдадым, сонымен қатар көңілді нейро-жаттығулармен бөлістім».
Жазира Едігенова, жылдам оқуды жақтаушы:
«Жылдам оқуда нейропсихологиялық әдістерге ерекше көңіл бөлінетінін атап өткім келеді. Олардың арқасында зейіннің шоғырлануы және үлкен көлемдегі ақпаратты есте сақтау қабілеті жақсарады. Кітаптарды, мақалаларды немесе жұмыс құжаттарын оқу және есте сақтау әлдеқайда жеңіл және қызықты болуы мүмкін. Жылдам оқу – бұл жаңа шеберлікті үйрену ғана емес, менің ойлау қабілетім мен өнімділігімнің нағыз жаңаруы».
WorldSkills немесе «Жұмысшы қолдар олимпиадасы» деп те аталатын жұмысшы кәсіптері чемпионатының қатысушылары – педагогтар сөз сөйлеудің ерекше форматын қолдағаны қуантады.
Колледж директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Керимов Самир Пириевич және арнайы пәндер оқытушысы Нұрикенов Ерасыл Айбекұлы «Оқу үдерісіндегі метаәлем» және «Мобильді робототехника – кеңістікте қозғалудың бірегей қабілеті» атты өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар ұсынды. Педагогтардың баяндамалары студенттер мен шақырылған қонақтарды қызықтырып, ЖИ негізіндегі технологиялар ақпаратпен, оқытумен және коммуникациялармен жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертетініне көз жеткізді.

Шақырылған сарапшылар – Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімдігі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Беспалинова Гүлнар Ғазизқызы, филолог, педагогика ғылымдарының магистрі, жылдам оқу бойынша сарапшы Беспаева Гүлнар Қайроллақызы, сондай-ақ сарапшылары Керимов Самир Периевич және Нұрикенов Ерасыл Айбекұлы конференцияны аяқтап, есте қалған баяндамаларды атап өтті. «Оқуға құштар колледж» республикалық жобасының үйлестіру және ғылыми-әдістемелік орталығы және республикадағы білім беру-педагогикалық бейіндегі жалғыз салалық кітапхана болып саналатын Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Сайдембаева Әлия Шуратқызы печа-куча шағын конференциялар форматында білім алушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін дамыту бойынша белсенді қатысқаны және нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғыс хаттар табыс етті.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру реформасының маңыздылығын атап өтіп, 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын еске салғымыз келеді.
«Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру қажет. Жұмысшы мамандықтар жылы біздің қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуге ықпал ететін болады», – деп атап өтті Президент.
Арнайы пәндер оқытушысы, Ис-24-22б тобының кураторы
Жанна АБДРАХМАНОВА, Астана қаласы әкімдігінің
«Astana Polytechnic» Жоғары колледж кітапханасының
қызметкерлері Мария ИСМАГУЛОВА және Александра ШАБАНОВА
АҢДАТПА
Статья посвящена проблеме развития коммуникативной компетентности студентов, что обусловлено запросами современного рынка труда, предъявляющего высокие требования к выпускникам. Коммуникативная компетентность рассматривается как способность устанавливать и поддерживать необходимые контакты с другими людьми; как совокупность знаний, умений, навыков, компетенций, позволяющая обеспечить эффективное общение и взаимодействие.
Comments