top of page
Search

Жаңа идеялар барлық жерде қажет. Жаңартылған Ұлттық ғылым академиясы қарқын алып келеді

Әлемдік аренадағы елдердің бәсекеге қабілеттілігі бүгінде оған азаматтардың әл-ауқаты да тікелей байланысты болатын олардың ғылыми-техникалық әлеуетін анықтайды. Бұған Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, бүгінгі таңда Қытай сияқты елдердің мысалдары айқын дәлел бола алады. Ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру көрсеткіштерінің және қазақстандық ғалымдардың ғылыми өнімдерін экспорттау көлемінің өсуі осы салада болып жатқан оң өзгерістерді көрсетеді. Бүгінгі таңда мемлекет ғылымға үлкен ресурстар салуда, бірақ бірақ еліміздің әртүрлі ғылыми ұйымдарында айтылған пікірлер көптеген проблемалардың, кеміс тұстардың әлі де болса бар екенін көрсетіп отыр. Салаға инвестиция мен қаржылық қолдау ғана емес, сонымен қатар барлық ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, түрлі стейкхолдерлердің және тікелей ғалымдардың тиімді өзара іс-қимылын орнату қажет. Дәстүрлі түрде ғылымның даму трендтерін белгілейтін Ұлттық ғылым академиясы біздің еліміздегі ең жоғары үйлестіруші және сарапшы орган болды. Өткен жылы бұл ұйым өзгеріске ұшырады және бізде екі академия – ескі және жаңа академия пайда болды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА бүгінде жас ғалымдарды қолдау, халықаралық ынтымақтастық және өмірдің әртүрлі саласында ғылым мен тәжірибенің өзара әрекеттесуін жолға қою бойынша кең ауқымды қызметті өрістетуде. Біз вице-президент Ләззат ЕРАЛИЕВАДАН оқырмандарымызға жаңартылған Ғылым академиясының жұмысы, алғашқы қызықты жобалары және заманауи академиктердің кімдер екені туралы айтып беруін өтіндік.


 

– Ләззат Тасболатқызы, «жаңартылған Ғылым академиясы» деген сөз тіркесі қазірдің өзінде мықтап қолданысқа енген сияқты. Академияның жаңа мәртебеде өзін қалай сезінетінін сіздің аузыңыздан естігім келеді ме? Ол қайда бара жатыр, барлық қиындықтарға төтеп беріп, еліміздің орасан зор ғылыми мұрасын сақтау міндеті мен толғағы жеткен өзгерістерді жасау қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті таба ала ма? Ескі және жаңа екі академиямен қалай шатастырмауға болады?

– Иә, жаңартылған Ғылым академиясы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұйрығымен 2023 жылдың сәуір айында құрылды. Осы кезден бастап Ұлттық ғылым академиясы Президент жанындағы деген жаңа мәртебеге ие болды. Тиісінше, жаңа академия – жаңа міндеттер. Және бұл жаңа міндеттер өте маңызды. Біріншіден, бұл ғылымның басым бағыттарын, еліміздің тиімді дамуы үшін ғалымдар мен зерттеуші-ғалымдардың немен айналысу керектігін айқындау. Бұл көптеген елдердің, мысалы, Қытай, Американың тәжірибесі. Мен осы елдердің Ғылым академияларын араладым, Ғылым академияларының елімізде қай саланы дамытып, ғылымның қай саласын қаржыландыру керектігін Үкіметке ұсынатын, айтып жеткізетін негізгі талдаушы органдар екенін көрдім. Егер, мысалы, Қытай Ғылым академиясы жасанды интеллект, машина жасау, гендік инженерияны дамытудың қажет екенін анықтаса, онда елдің экономикалық және ғылыми тұрғыдан әлеуеті осы салаларға бағытталады. Біз қазір Қытайда автомобиль өнеркәсібі, жасанды интеллект, түрлі аурулар диагностикасының қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз.

Президенттің Ғылым академиясының алдына қойған міндеті – қоғамның қазіргі заманғы сын-тегеуріндеріне, оның қажеттіліктеріне жауап беретін ғылымның басымдықтарын айқындау.

Екінші маңызды міндет – Қазақстан ғалымдарын, ең алдымен жас ғалымдарды біріктіру. Өкініштісі сол, бір кездері көптеген жас талантты зерттеушілер шетелге кетті. Олар елге оралғысы келеді, бірақ қолайлы жағдай, жайлы зерттеу ортасы жоқ. Біздің міндетіміз – ғалымдарымыздың оралуы үшін не қажет екенін талдау. Әрине, ең үлкен мәселе – ол қаржыландыру. Стандарттарды қайта қарау қажет. Мысалы, үш жылдық жобаларды қаржыландыру әрқашан тиімді бола бермейді. Егер біз ұзақ мерзімді перспективада жақсы өнім алғымыз келсе, онда жобалар бес жылдық та, жеті жылдық та болуы керек. Сол кезде  ғылыми мектептер қалыптасуы мүмкін, өйткені ғылыми мектеп үш жылға ғана құрылып, кейін жойылып кетпейді ғой, қалай дегенмен де сабақтастық болуы керек. Сонымен қатар, әрине, біз ең басты міндет – Қазақстан ғылымын әлемдік аренада бәсекеге қабілетті ету міндетін іске асыруымыз керек. Жаңартылған Ғылым академиясы осындай маңызды міндеттерді шешу үшін жұмыс істеп жатыр және болашақта да жұмыс істейтін болады. Бұрынғы академия қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істейді. Әр елде осындай қоғамдық ұйымдар бар.

– Жаңартылған академияда ғалымдардың жаңа буынын тәрбиелеу жұмысына қандай орын берілген? Студенттер мен жас ғалымдардың беделді ғалымдармен өзара әрекет ету, олардың маңызды ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктері қарастырылған ба?

– Иә, бұл Ғылым академиясының маңызды миссияларының бірі – талантты жастарды ғылымға тарту, олардың әлеуетін жүзеге асыруға көмектесу. 2024 жылдың ақпан айында Қазақстанда алғаш рет ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі құрылды, оған еліміздің ең белсенді жас зерттеушілері кірді. Кеңестің жас ғалымдармен жұмыс істеу жоспары өте кең және көп нәрсе жасалды. Академия еліміздегі жас ғалымдардың жұмысындағы түйткілді мәселелерді де зерделеп, оның қорытындысын одан әрі шаралар қабылдау үшін ел Президентіне ұсынылатын ғылымның жай-күйі туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндамаға енгізді. Жас ғалымдарға арналған бөлім осы құжатта алғаш рет пайда болғанын атап өткім келеді. Жас ғалымдар кеңесінің шешімімен депутаттарға Қазақстан Республикасының «Ғылым-техникалық саясат туралы» заңына «жас ғалым» ұғымын енгізу ұсынылды. Осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Ғылым академиясында жас ғалымдармен кездесу өткізді. Кездесуде алдағы екі жылда жас зерттеушілерге арналған гранттар санының артатыны айтылды. Осы мақсаттарға бюджеттен 18 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Бірақ, көп нәрсенің жас ғалымдардың өздерінің бастамашылығына да байланысты екенін айта кету керек. Мен Б. Атчабаров атындағы Ғылыми-зерттеу институтының директоры болған кезімде, маған ғылымға қызығушылық танытқан студенттер келетін, олар оқудан кейін қалып, зертханада жұмыс істеуге сұранатын. Біз олардың жанып тұрған көздерін көріп, осындай ғалымдарды қолдадық, ғылыми жетекшілерінен барлық конференцияларға өздерімен бірге апаруын, түрлі жобалармен таныстыруын, жобаларға қатысуын ынталандыруды өтіндік, тіпті университетте жұмыс істеуге қалдыруды сұрадық. Сондай-ақ Ғылым академиясында біз бастамашыл жас ғалымдарды қолдаймыз. Бүгінгі таңда барлық жерде жаңа идеялар қажет. 

– Яғни, Аграрлық университеттің жас ғалымы үлкен аренаға шыққысы келсе, ол сізге жай ғана келеді, ал сіз оны өз қанатыңыздың астына аласыз ба?

 – Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда барлық жоғары оқу орындарының негізгі жұмыс қағидасы – білім, ғылым мен практиканың үштұғырлығы. Сондықтан олар университетте ғылыммен айналыса бастайды. Бұл гуманитарлық университет болса да, онда әлі де зерттеулер жүргізіледі. Егер студент, жас ғалым университет қабырғасында ғылыми жобаларға қатысып, өзін ғылымға арнау міндетін қойса, оның бізге келуі әбден мүмкін және әрине, біз оған түсіністікпен қарап, барлық жағынан қолдау көрсетуге тырысамыз. Бізде кең халықаралық байланыстар, сонымен қатар Қазақстанның барлық ғылыми ұйымдарымен, барлық университеттермен байланыстар орнатылған. Біз үнемі форумдар, тренингтер, кездесулер өткіземіз, жас ғалымдардың әртүрлі жұмыс топтары бар.

Яғни, Ғылым академиясы – бұл жас ғалым өз идеяларымен бөлісе алатын, өзін қай жерде жүзеге асыра алатынын көре алатын, өзін-өзі жүзеге асыруда қандай көмек қажет екенін түсінетін және әрекет ете бастайтын орын.

Көбінесе, сіз білесіз бе, тек үміт ұшқынын жағып, азғантай көмек көрсетсең болды, ғалым қанаттана түседі.

Жақында біз Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен алғаш рет Қазақстан жас ғалымдарының «Жас Сәтбаевшылар» – «Молодой Сатпаевец» конгресін өткіздік. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және басқа елдерден түрлі салалар бойынша жетекші ғалымдар келді. Сингапурда, Тайландта, Ресейде, Англияда, Америкада қызмет етіп жүрген, сонда өзін жоғары санаттағы ғалымдар ретінде танытып үлгерген қазақстандық ғалымдар да желіге қосылды. Конгресстің өткізілуі Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы, көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Жиналған 1000-нан астам жас ғалым өздерінің инновациялық әзірлемелерін ұсынды, ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, байланыс орнатты. Ғылыми жобаларын Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері таңдаған 120-дан астам жас зерттеуші үлкен аудиторияның алдында сөз сөйлеуге бірегей мүмкіндік алды. Конгресстің мақсаты – жас және қалыптасқан ғалымдардың, әртүрлі әлеуетті серіктестер мен стейкхолдерлердің өзара әрекеттесуі үшін диалог алаңын құру. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, біз жас ғалымдардың инновациялық әзірлемелерінің көрмесін және «Қаныш Сәтбаев феномені» кітабының тұсаукесерін ұйымдастырдық.

– Қазіргі жастардың бағыт-бағдары қандай, заманауи академик-ғалым дегеніміз кім, ол қандай болуы керек?

– Бүгін біз мүлде жаңа ережелер бойынша жаңа академиктерді қабылдап жатырмыз. Егер бұрын ғалым құжаттарды тапсырып, оның кандидатурасын төралқа мақұлдаған болса, қазір бұл оңай емес. Біріншіден, талаптар мүлдем жаңа.

Үміткердің рейтингі жоғары халықаралық рецензияланған журналдарда жарияланымдары, ғылыми жобалары және өзінің жұмыс істейтін ғылыми мектебі болуы керек. Ғылыми еңбектері бар шәкірттері болуы керек. Ал, ең бастысы, Ғылым академиясының қамқорлығымен жүзеге асырылатын бес жылға арналған өзінің ғылыми бағдарламасы болуы керек. Осы бес жылдық бағдарламаның нәтижелері бойынша есеп қаралып, академияға мүшелікті ұзарту немесе оны тоқтату туралы мәселе шешілетін болады. Яғни, ол тиімді жұмыс істейтін академик болуы керек.

Қазір Ғылым академиясында түрлі бағыттар бойынша 17 академик бар:  ➢ Техника ғылымдары – 2 академик; ➢ Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары – 2 академик; ➢ Гуманитарлық ғылымдар және өнер – 2 академик; ➢ Медицина ғылымдары және денсаулық сақтау – 4 академик; ➢ Жаратылыстану ғылымдары: ➢ Математика – 2 академик; ➢ Физика ғылымдары – 3 академик; ➢ Химия ғылымдары – 1 академик, ➢ Биология ғылымдары – 1 академик. Іріктеу туралы барлық ақпарат ашық және бірден Академияның сайтында жарияланады. Кандидаттардың құжаттарын сараптамалық техникалық комиссия мұқият қарайды. Академияның төралқасы кандидаттың бағдарламасын бағалайды, сараптама комиссиясының қорытындысын қарайды және кандидатты академик етіп сайлау туралы шешім қабылдайды.

– Қанша академикті жұмысқа алуды жоспарлап отырсыз? 

– Нақты сан жоқ, бірақ 2028 жылға дейін жарамды мүшелердің жалпы саны 35-40 адамнан аспайды.

– Осы беделді ғылыми мәртебеге ие болған ғалымдарға мысал келтіре аласыз ба? Олардың ғылымдағы көрнекті жетістіктері мен нәтижелері қандай болды? Олардың арасында жас үміткерлер болды ма?

– Жарқын мысал – академик Максим Здоровец. Ол 40 жаста. Ол Ядролық физика институтының Астана филиалының директоры. Өз саласында әлемдегі ең көп сілтеме жасалған авторлардың 1%-ына кіреді. Ол физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, радиациялық материалтану саласындағы жетекші маман. Мембраналық технологиялар, нанотехнология сияқты салалардағы жетекші маман. 300-ден астам ғылыми мақаланың, 20-дан астам патенттің бірлескен авторы. Қазақстан Республикасы, АЭХА және ХҒТО есебінен қаржыландырылатын бірнеше ғылыми және қолданбалы жобалар мен бағдарламалардың жетекшісі.

Біздің ең жас академик – Сұраған Дурвудхан, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Назарбаев Университетінің ғылым және технология мектебінің қауымдастырылған профессоры. Ол небәрі 36 жаста, Моңғолияда дүниеге келген этникалық қазақ. Ол 17 жасында отбасымен бірге Қазақстанға көшіп келді.

 Орта мектептің курсын өз бетінше игерді, содан кейін жоғары оқу орнын бітірді, «Математика» мамандығы бойынша магистр және техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Сондай-ақ шетелде Қазақстанның ең жоғары сілтеме жасалған ғалымдарының бірі. 2018 жылы Сұраған Дурвудхан математиканы зерттегені үшін беделді Ferran Sunyer i Balaguer сыйлығын жеңіп алып, осындай сыйлықты жеңіп алған ең жас ғалым болды.

– Ғалымға қай жастан бастап академик атағы туралы ойлануына болады? Ғалымға академик мәртебесін не береді?

– Егер бұрын бұл академиялық атақты 50 жасқа толмаған ғалымдар ала алады деп елестету мүмкін болмаса, қазір академиктердің жасарғанын көріп отырсыз.

Менің ойымша, егер ғалым өзінің ғылыми мектебін ашып, жастарға бірдеңе үйрете алатын тәжірибесі жеткілікті деп санаса, ол келіп, академиялық қызметпен айналысуы керек.

 ҚР ҰҒА академигі атағы мынадай артықшылықтар береді: ✓ Мойындау: Ғалымның ғылыми қоғамдастықтағы ерекше еңбегін мойындау. ✓ Ғылыми жобаларға қатысу: Ірі ғылыми жобалар мен бағдарламаларға жетекшілік ету мүмкіндігі. ✓ Сараптамалық қызмет: Елдегі ғылым мен технологияның дамуына әсер ететін сараптамалық және консультативтік кеңестерге қатысу. ✓Халықаралық ынтымақтастық: Халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін кеңейту. Бірақ бұл ретте академик атағы белгілі бір артықшылықтар беріп қана қоймай, Қазақстанда ғылым мен білім беруді дамытуға бағытталған елеулі міндеттер жүктейді: ✓ Конференцияларға, симпозиумдар мен семинарларға белсенді қатысу. ✓ Ғылыми жобаларды бағалау, ғылыми жұмыстарды сараптау және комиссиялардың жұмысына қатысу. ✓ Докторанттар мен жас ғалымдарға жетекшілік ету, ғылыми мектептердің дамуына жәрдемдесу. ✓ Белсенді ғылыми қызметті жалғастыру, зерттеу нәтижелерін жариялау және инновацияларды енгізу.

– Бүгінде ЖОО ғылымының, ғылыми институттардың және нақты өндірістің өзара іс-қимылы үшін тиімді әдістерді іздеу жүріп жатыр. Жаңа тәжірибелердің бірі – хакатондар деп аталатындарды өткізу арқылы ғылыми-техникалық тапсырманы қалыптастыру. Бұл үдерісте ҚР ҰҒА қандай рөл атқарады және іс-қимыл жоспары қандай?

– Хакатондар – бұл өте жақсы идея, ғылым, білім және практика-өндірістің өзара әрекеттесуінің инновациялық әдістерінің бірі ғана. Бізде әрқайсысының өз әлеуеті мен адам ресурстары бар, қай бағытқа бет алу керектігін білмейтін қуатты кәсіпорындар бар. Ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының ғалымдары өндіріс орындарына, кәсіпорындарға барып, қандай жабдықтың, әлеуеттің, мүмкіндіктің, қандай проблемалардың бар екенін қарап, соның негізінде ғылыми-техникалық жобалар жасайды.

Жыл басынан бері осындай алты хакатон өткізіліп, оның аясында ғылыми-техникалық жобаларға 650-ден астам өтінім берілген. Ал жоғары ғылыми сараптама ұйымы ретінде академияның рөлі – осы өтінімдерді бағалау. Олардың барлығын жоғары ғылыми-техникалық комиссия қарады және басым бағыттарға сәйкес және Қазақстан үшін экономикалық пайда тұрғысынан 113 өтінім іріктелді.

– 650-ден астам жобаны бағалау – бұл өте маңызды жұмыс көлемі, жобаларды сараптау тетігі туралы толығырақ білсем деп едім. 

– Әрбір жобаны сарапшылар тобы қарайды. Егер сараптама қандай да бір медициналық-биологиялық бағытқа қатысты болса, онда біз бұл жобаға міндетті түрде Ұлттық биотехнология орталығын, дәрігерлерді қосамыз.

Хакатондар – жақсы қарым-қатынас әдістерінің бірі ғана және әртүрлі әдістерді араластыру мүмкіндігінің болуы маңызды. Жаңартылған Ғылым академиясындағы ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттарын біз форсайт-зерттеулер арқылы анықтаймыз. Бұл мүлдем жаңа тәсіл, бүгінде барлық дамыған елдер елдің қайда бағыт алатынын, ресурстарды қайда салатынын анықтау үшін форсайттық зерттеулер жүргізеді. Өткен жылы біз қолайлы әдістемені іздеп, шет елдердің тәжірибесін зерттей отырып, «префорсайт» деп аталатын шараны жүргіздік. Әр елдің өзіндік әдістері бар. Германия әлеуметтанулық сауалнамаларды көбірек қолданады делік. Америка «evidence» әдісін қолданады – өндіріс орындарына барады. Біз аралас әдістемені негізге алдық: сауалнамалар, өндіріс орындарына бару, тікелей өңірлерге бару, сауалнамаларды бағдарлау және бәрін өз көзімізбен көру. Сауалнамалар әрқашан өте пайдалы деректер береді.

Өкініштісі сол, ғылымның жай-күйіне қанағаттану бойынша біз жүргізген соңғы сауалнаманың алғашқы нәтижелері бізді аздап таң қалдырды – сауалнамаға қатысушылардың көпшілігінің отандық ғылымның жай-күйіне көңілі толмайтын болып шықты.

– Иә, шынында да, соңғы жылдары ғылымды дамытуға қаншама күш жұмсалғанын ескеретін болсақ, бұл таңқаларлық жайт. Бұл сауалнамада кімдерге баса назар аударылады? Қанағаттанбаудың себептері айтылды ма?

– Сауалнама Қазақстанның барлық ғылыми ұйымдарында жүргізілді. Себептердің ішінде, ең алдымен, кадрлардың тапшылығы, ескі құрал-жабдықтар, жас ғалымдарды қолдаудың жоқтығы, қаржыландырудың болмауы немесе қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік бермейтін қаржыландырудың жеткіліксіздігі бар. Иә, шынында да, соңғы жылдары ғылымды жетілдіру бағытында қыруар істер атқарылды, бірақ әлі де проблемалар бар, ғылымның барлық салаларына қолдау көрсетіле бермейді. Бізде еңбекақыны немесе коммуналдық қызметтерді төлеуге ақша болмағандықтан, барлық қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болған институттар жетерлік. Мысалы, Алматыда Хамза Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ҒЗИ-інің немесе Семей қаласындағы Радиациялық медицина және экология ҒЗИ-інің жағдайы өте ауыр.

–  Біз ұйымдар туралы айтып отырмыз, бірақ әрбір ғалым өзінің ғылыми жобасын қаржыландыруға өз бетінше ұсына алады ма? Мүмкін бұл жерде ақпараттық жұмыс жетіспейтін шығар? 

 Иә, шынында да, сондықтан Ғылым академиясы жұмысының тағы бір бағыты – ғылымды танымал ету, яғни бүгінде біз айтып, ақпарат беріп, БАҚ-пен мақсатты жұмыс жасап жатқанымыз. Ғылым академиясы барлық ғалымдарды қамту үшін жоғары оқу орындарында шығарылатын ғылыми журналдармен меморандумдар жасайды, осылайша ғалым өзін-өзі жүзеге асыруға көптеген мүмкіндіктердің бар екенін оқиды және біледі.

– Ғалымдардың, зерттеушілердің қызметі халықаралық өзара іс-қимылмен тығыз байланысты. ҚР ҰҒА қай елдермен ынтымақтастық жасасуды жолға қойды? Қазір қандай жарқын және қызықты халықаралық жобалар іске асырылуда, не жоспарлануда?

– Иә, міндетті түрде халықаралық қызмет – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі. Күні кеше ғана Ғылым академиясы өткізген халықаралық ғылыми форумда ғылым мен технологияны дамытудың серпінді бағыттарын анықтау үшін ақпараттық-талдамалық жүйелер саласындағы озық білім мен тәжірибе трансферті бойынша Корея ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ, Ресей ғылым академиясымен де IT, АӨК, ТМК, медицина және т. б. бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Қазіргі уақытта біз 22 елмен ғылыми ынтымақтастық орнаттық. Бұл Қытай, Моңғолия, Грузия, Беларусь, Вьетнам, АҚШ, Үндістан, Малайзия, Эстония, Армения және басқалары. 

Біз ынтымақтастық туралы он екі меморандумға қол қойдық. Әр академия үшін меморандум жасау тек қағазға қол қоюды білдірмейтіндігін айтқым келеді. Меморандум оның аясында білім беруде, ғылыми қызметте, тәжірибе алмасуда белсенділікті жүзеге асыруды қажет етеді.

Егер жарқын мысалдар туралы айтатын болсақ, бұл Германия тарапынан біздің серіктестеріміз. Өткен жылдың маусым айында Астанаға Германиядан үлкен делегация келіп, мені осы кездесуге шақырды. Талқылау барысында неміс әріптестеріміз тұсаукесер жасап, Қазақстанның Германиямен ынтымақтастықтағы қазіргі белсенділігі көршілеріміз – Қырғызстан және Өзбекстанмен салыстырғанда өте төмен деңгейде екенін көрсетті. Қазақстанда үлкен ғылыми ресурстар, 144-тен астам ғылыми ұйым, көптеген университеттер бар, ал ынтымақтастық әлеуеті өте төмен. Бұл бізге белгілі бір дәрежеде әсер етті. Сол кезде Қазақстан-Неміс университетінің президенті доктор Волрад Роммель Ғылым академиясының жанынан Қазақстан-Неміс ғылыми орталығын құру идеясын ұсынды. Біздің Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың белсенді қатысуымен қыркүйек айында Академияда осы орталық ашылды.

 – Қазақстан-Неміс ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы орталығының жұмысынан не күтесіз? 

Неліктен ғылыми-техникалық тұрғыдан Германиямен ынтымақтастығымыз соншалықты төмен деңгейде деп өзімізге сұрақ қойғанда, оның түпкі себебін тағы да ақпараттың жетіспеушілігінен көрдік, білім беру, ғылыми қызмет, ғылыми ұйымдардың байланыстары туралы бірыңғай дерекқор жоқ, біздің ғалымдарымызбен байланысуға болатын нақты тұлғалар туралы деректер жоқ. 

Орталық осы және басқа да мәселелерді шешу, ғалымдарымыз үшін қуатты диспетчерлік, ресурстық орталық болу үшін құрылды. Германияда ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларына демеушілік жасауға және қолдау көрсетуге дайын көптеген қорлар бар. Ресей мен Украинадағы жағдайды ескере отырып, қазір үлкен ресурстар Орталық Азия елдеріне кетіп жатыр. Бізде Қытайдан, Америкадан келген әріптестерімізбен де қызықты жағдайлар бар. Қазақстан-Германия орталығын мысалға ала отырып, Қазақстан-Қытай ғылыми-техникалық орталығы құрылды. Бұл идея осы жылдың сәуір айында Қытай ғылым академиясына барған кезде айтылды. Қытайлық әріптестер бұл идеяны қуана қабылдады және шілде айында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің біздің елге сапары аясында орталықты құру туралы келісімге қол қойылды. Оның үстіне әңгіме орталық құру туралы ғана емес, келісімде бірлескен зертхананы ұйымдастыру да қамтылған.

Қытайда бұл жетекші жоғары оқу орындарының бірі – ірі медициналық мектебі бар Шэньчжэнь университетінің базасында ұйымдастырылады. Бұл университетте арнайы 2000 шаршы метр аумақты алып жатқан жабдықтары бар үлкен зертхана болады. Ал Қазақстанда дәл осындай зертхананы біздің С.Д. Асфендияров атындағы медицина университетінің базасында ашу жоспарлануда. 

 – Орталықтың қытайлық серіктестермен жұмысында ҚР ҰҒА қандай рөл атқарады? Алғашқы қызықты бірлескен жобалар қашан пайда болады?

 – Ғылым академиясы осы идеяның генераторы болды және болып қала береді, бізде ғалымдар алмасуды, студенттер алмасуды, жүргізілетін барлық жобаларды үйлестіретін әдіснамалық, мониторингтік орталық жұмыс істейтін болады. Біз мегагранттың үлкен бірлескен жобасын дайындадық. Бұл зертханалар тек соған арналып жасалған. Бұл табиғи ресурстарға негізделген дәрі-дәрмектерді зерттеумен байланысты. Оның аясында қытай тарапы қаржы бөлді. Келесі жылы біздің төрт ғалым Қытайға Шэньчжэнь университетінде алты ай оқуға барады. Бізге келетін олардың жас ғалымдары да анықталды.

– Қазақстан-Неміс ғылыми орталығының ашылуында академия президенті Ақылбек Күрішбаев жоғары оқу орындарының ғылыми қызметін интернационалдандыру жұмысын жүйелендіру және кеңейту қажеттігін айтты. Бұл жұмыс қандай қағидаға негізделген, не жасалды? 

– Бұл тағы да Ғылым академиясы орындайтын үйлестіру жұмысы. Мысалы, Қазақстан-Неміс орталығы – бұл Германиямен байланыс жөніндегі басты алаң болмақ. Бүгінгі таңда осы халықаралық бағытта бірнеше қазақстандық ЖОО жемісті жұмысты жолға қойып үлгерді. Біз студенттермен алмасу бағдарламаларын, тағылымдамадан өту бағдарламаларын қажеттіліктерге байланысты кеңейте беретін боламыз.

Бұл жұмысқа барлық қазақстандық жоғары оқу орындары қатыса алады. Неміс әріптестеріміз бұл тұрғыда бізді қолдайды. Біз халықаралық жобалардың тізімін кеңейтіп, жаңа жобаларды ұсынатын боламыз. Доктор Роммель айтқандай, жақын арада Академияға Германиядан, Қазақстан-Германия университетінен байланыстарды арттыру үшін жүйелі түрде жұмыс істейтін үйлестірушілер тұрақты негізде келетін болады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің осы жылға арналған гранттары арқылы қаржыландырылатын жобаларда міндетті түрде халықаралық ынтымақтастықтың құрамдас бөлігі болуға тиіс. 

– Сіз сондай-ақ Америкамен өте қызықты жобаңыз бар екенін айтып қалдыңыз, сол туралы айтып беріңізші.

– Біз АҚШ-қа барып, ол жерде National Academy of Science, Engineering and Medicine академияларының вице-президенттерімен кездестік, жаңартылған Ғылым академиямыз, оның мақсаттары мен міндеттері туралы әңгімелестік. Осы кездесуді ұйымдастыруда бізге ҚР СІМ үлкен қолдау көрсетті. Америкалық әріптестерге жаңа Ғылым академиясының көзқарасы мен миссиясы, біздің идеяларымыз ұнады. Кейінірек олар бізді биологиялық қауіпсіздіктің проблемалық мәселелері бойынша онлайн-конференцияға қатысуға шақырды. Онда мен тұсаукесер жасадым, бұл бірлескен әрекет күшейе түсті. Келесі кездесуде біз денсаулық сақтаудағы ақпараттық деректерді, дерекқорларды басқару мәселелері тақырыбында ІТ-қауіпсіздік жөніндегі конференцияға тұсаукесер дайындадық. Бұл тақырыптың қызықты болғаны соншалық, олар Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген әріптестерінің қатысуымен бірлескен халықаралық жоба жасауды ұсынды. Бұл өмір туралы ғылым саласындағы деректерді басқарудың үздік тәжірибесін енгізу жобасы. Бізде ақпараттық деректер өте көп. Жүрек ауруы, тыныс алу органдары, онкология және т.б. бойынша статистика бар. Бірақ ғалым мұның бәрін көргісі келгенде, ол бұл деректерді таба алмайды, олар шашыраңқы. Біздің ақпараттық жүйенің бұл мәселесін шешу керек. Қазірдің өзінде Astana IT University ғалымдарымен хабарластық және бұл әртүрлі жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың ғалымдарымен бірлескен ерекше пәнаралық жоба болмақ. Оған америкалық тарап демеушілік жасайды, қаражат аз бөлінеді, бірақ бірінші қадам жасау маңызды.

Мен болашақта бұл жоба ауқымды жобаға айналады деп сенемін және Біз ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Америка Ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоя аламыз. Бұл біздің ғалымдарымызға АҚШ-тың көптеген ғылыми ұйымдарына есік ашады, қосымша қаржыландыруға, үлкен зерттеу ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

– Ләззат Тасболатқызы сұхбатыңыз үшін көп рақмет. Осындай кең ауқымды сұрақтарға қатысты берген түсініктемелеріңіздің біздің барлық оқырмандарымызға, әсіресе жас ғалымдарға және ғылыми мансап туралы ойлап жүргендерге өте пайдалы және қызықты болатынына сенімдімін.

– Мен оқырмандарға, жас ғалымдарға ешқашан берілмеңіздер, сыннан қорықпаңыздар, көп оқыңыздар және «Рer aspera ad astra» екенін естеріңізден шығармаңыздар дегім келеді!

 

АННОТАЦИЯ

О работе преобразованной в 2023 году Национальной академии наук при Президенте Республики Казахстан, поддержке молодых учёных, налаживании связи науки и производства, направлениях внутреннего и международного сотрудничества рассказывает вице-президент академии Ляззат Ералиева.

Comments


bottom of page