Мектептерде 8 мыңға жуық педагог-кәсіби бағдар беруші жұмыс істейді
- Редакция "СО"
- 12 hours ago
- 1 min read
Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Counseling as a Culture» тақырыбындағы IC3 халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 1 000-нан астам педагог-кәсіби бағдар беруші еңбек етуде. Форумға елдің барлық өңірінен келген 200-ге жуық маман қатысты. Олар кәсіби бағдар беру жүйесіндегі өзекті өзгерістер мен заманауи тәсілдерді талқылады. Канада, АҚШ, Қытай, Гонконг және Үндістаннан келген сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби бағдар мен оқушыларды ынталандыру саласындағы тиімді әдістерді таныстырды.
«Мамандық таңдау – әрбір адамның өміріндегі маңызды шешім. Бұл ретте мектеп барынша қолайлы орта қалыптастыруы тиіс. Министрлік осы бағытта нақты қадамдар жасауда. Атап айтқанда, биылғы наурыз айында әр мектепке педагог-кәсіби бағдар беруші үшін жеке штат бірлігін бөлу туралы бұйрық қабылданды. Қазіргі таңда мектептерде 1 159 кәсіби бағдар беруші жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында олардың саны 7 920-ға дейін артады деп күтілуде», – деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Форум аясында оқушылар мен ата-аналарға арналған білім көрмесі өтті. Көрмеге Қазақстан мен шетелдің жетекші жоғары оқу орындары қатысты. Канада, Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Қытай, Гонконг және БАӘ университеттері өздерінің оқу бағдарламаларын ұсынып, қатысушыларға дайындық бағыттары, қабылдау шарттары және болашақта сұранысқа ие мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге 1 000-нан астам адам келген.Еске сала кетейік, 2025 жыл Мемлекет басшысының бастамасымен Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Осы форум кәсіби бағдар беру жүйесін дамытуға ықпал ететін білім мен тәжірибе алмасуға арналған ашық алаңға айналды.
Comments