21.08.2024.
Президент елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ошақтарына барды, «Замануи білім беру» журналы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Мемлекет басшысы Астана қаласының Есіл ауданындағы №103 мектепке барып, заманауи құрылғылармен жабдықталған оқу кабинеттерін аралап көрді.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының «Нұра» ауданындағы №101 мектепті аралап көрді.
Аталған білім ордасында екі ауысымда 4 мың оқушы жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша оқитын болады.
Президентке оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау жаңа мектептердің басты ерекшелігі екені айтылды. Білім ордасының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген. Ол үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке-жеке блоктарда білім алады, ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиісті жағдай жасалған.
Қазіргі кезде мектептің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалды. Сонымен қатар жиһаздар мен құрал-жабдықтар орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Comentarios