Елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында Мемлекет басшысы елорданың білім беру саласындағы негізгі проблемаларын атап өтті. Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, "Современное образование" журналы хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс деп есептейді. Бірақ бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір балабақша кезегінде 45 мың бала тұр.
– Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді. Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мұның бәрін шешуге баса мән беруі керек. Жалпы, мектеп салу мәселесі бұл – стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн. Сонымен қатар педагог мамандардың тапшылығын толығымен жою – маңызды міндет. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі басты назарда болуға тиіс. Жалпы, қаланың білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтерген жөн. Әзірге бұл бағытта айтарлықтай ештеңе жасалып жатқан жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Comments