top of page
Search

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын мерекемен құттықтап, Мемлекеттік Туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлық мереке – Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. Іс-шара «Ақорда» резиденциясының алдында өтті.

Құрмет қарауылының бастығы Президентке рапорт берді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды.

Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған бұл күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауы деп баға берген болатын.

Ұлттық мерекені Республика бойынша ресми түрде атап өту осы салтанатты шарадан басталды. Сонымен қатар Қазақстанның барлық өңірінде Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтеді.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнімен құттықтауы

2024 жылғы 25 қазан
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы.
Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.
Біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз.
Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды.
Біз болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай береміз.
Еліміздің ертеңі қандай болатыны әрбір отандасымызға байланысты екені анық.
Азаматтарымыз осы қастерлі жауапкершілікті терең түсініп, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін.
Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс және бақ-береке тілеймін!


Comments


bottom of page